«Нан болса, ән болады» дейміз. Сол нан болуы үшін бізге алдымен дән керек қой. Ал дорбасына дән түскен диқан одан кейін дизель отынына тәуелді. Ондайда мұнайлы мемлекет соқасы сойдиған күш көліктерін құр қаңтарып қоймас болар. Бұл ретте жауапты министрліктер «биылғы егін егу науқанын мінсіз аяқтадық» деседі. Бірақ оған сала шаруасын салмақтап көріп отырған депутаттардың сенгісі жоқ.
Дәнді дәл сепкен бе?
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, биыл 22,8 миллион гектар жерге дән себу жоспарланған. Қазір соның 17 миллионға жуық гектарын көгертіп-көктетіп қойыпты. Соның өзі былтырғыдан 1,5 миллион гектарға артық орындалған болып отыр. Өйткені биыл әлеуметтік маңызы бар өнім алуға басымдық беріліп, картоп, қарақұмық, қант қызылшасы, майлы және жемшөп дақылдарының алқабын кеңейту көзделген. Ол үшін 400 мың тонна минералды тыңайтқыштар үлестіріліп, сондай-ақ тұқым тапшылығы да болмапты. Енді тек шіліңгір шілдеден күтілетін жазғы қуаңшылық қаупінен сақтану керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, әлгі 22,8 миллион гектар жерге дән себу үшін 380 мың тонна дизель отыны қажет екен. Сондықтан ведомство Энергетика министрлігімен бірігіп, арнайы кесте әзірлеген. Сол кесте бойынша жанар-жағармай диқандарға елдегі ірі 3 зауыттан жеңілдетілген бағамен бөліне бастапты. «Қазір бізде бар 225 мың тонна бензин елдің 20 тәуліктік қажеттілігін қамтуға жеткілікті. Ал 306,2 мың тонна дизель отыны болса, ішкі нарықтың қажеттілігін 28 тәулікке қамтамасыз етеді», – дейді Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.Дизель құны былтырғыдан қымбат
Жалпы, тасымалдау және басқа да шығынды есепке алғанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған дизель отынының литрі 21-22 теңге деп белгіленген. Осылайша, ол шаруаларға жанармай құю стансаларындағы құнынан 13-14 пайызға арзанға беріліп жатыр. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мұнай өңдеу зауытынан шаруаларға дизель отынын жөнелтуге басымдық берілгеніне сенімді. Өйткені бағаға бақылау мен мониторингті тәулік бойы жүргізіп отыру жоспарланған. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров та: «Нарықта мұнай өнімдерінің бағасы көтерілгеніне қарамастан, Үкімет егіс жұмыстарының дизель отынына қажеттілігін 100 пайыз қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдады», – деп отыр. Оның айтуынша, қазір дизель отынының 1 литрі – 165 теңге. Ал 2020 жылы литріне 147 теңгеге белгіленген болатын. Бір қызығы, былтыр жанар-жағармайдың арзандау болғанына қарамастан, көктемгі егістік науқанында биылғыдан әлдеқайда аз мөлшердегі дән себілген.Қаржының игерілуі күмәнді
Сонымен, биыл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары дизель отынының 1 тоннасын 174 мың теңгеден, ал атыраулық зауыт 172 мың теңгеден жіберетін болған. Осы орайда Павлодар облысы ауыл шаруашылығы саласының басшылары арзандатылған жанар-жағармайды ұтымды үлестіру мәселесін көтере қойды. Олардың уәжіне сүйенсек, ережеге сәйкес сұйық отын егіс көлеміне қарай бөлінуі тиіс көрінеді. Соның салдарынан көктемгі егіс науқанына ұсақ шаруа қожалықтары 1-2 тоннадай ғана дизель отынын алған. «Бұл істің әлегі көп. Сондықтан көптеген адам арзан жанармайдан бас тартып отыр. Мәселен, біз бір гектардан 53 келіге жуық қырыққабат аламыз. Ал ондай өнімді өсіру үшін гектарына бөлінетін 60 литр дизель отыны тым жеткіліксіз», – дейді «Родник» шаруа қожалығының басшысы Геннадий Андрейцев. Энергетика министрлігі болса, ауыл шаруашылығына арналған дизель отынының құнын жанар-жағармай нарығына қатысушылар анықтайтынын меңзеп отыр. Сондықтан бағаны мұнай өнімдерінің ресурс иелері өз еркімен белгілейді екен. Бұл ретте көктемгі егіс жұмыстарын өткізу барысы талқыланған Үкімет отырысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев: «Наурызға жоспарланған 115,7 мың тонна дизель отынының 43 пайызы тиеліп, жөнелтілді. Сәуірде 100,7 мың тонна шықса, мамырда 100,4 мың тонна және маусымда 15 мың тонна тиеліп, жөнелтілу жоспарланып жатыр. Тиеп жөнелту барысы жасалған төлемге сәйкес жүргізіледі», – деп есеп берді. Ал облыс әкімдіктерінің егістік науқанын 3 маусымға дейін аяқтауды уәде еткенін ескерсек, ендігі бір тәулікте қалған гектарларға дән сеуіп тастау үшін қажетті 380 мың тонна дизель отынының қаншасы игерілер екен? Біз бұл сұрақты Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Қайнар Абасовқа қойып көрдік. «Бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі егін егу науқанын аяқтамаған үш облыс қана қалды деп ақпарат берді. Қаржы толығымен жұмсалды, бірақ нақты игерілгеніне күмән бар. Егінді тыңайтқышпен, сапалы тұқыммен және ағын сумен қамтамасыз ету шаруасы төмен деңгейде», – дейді депутат.Еркеғали БЕЙСЕН