Олқылығы көп онлайн оқу
Олқылығы көп онлайн оқу
406
оқылды

Пандемия кезінде білім саласы үлкен сынақтан өтті. Соған қарамастан педагогтер мен оқушылар бір тоқсан мен бір жылды ойдағыдай өткізді. Әрине, олқы тұстар бар. Мұ­ғалімдер сыныптағы білім сапасының 10-20%-ға түскенін жасырмайды.

Білім сапасы төмендеді

2020-2021 оқу жылының бі­рінші тоқсанында 2,5 млн оқушы қашықтан оқыса, төртінші тоқ­­санда соның 1,3 миллионы үйде білім алды. Аралас форматта өт­кен төртінші тоқсанда 1,7 млн оқушы оқыды. Елімізде 7 мың мектеп бар десек, сондағы 3,4 млн оқушыға 540 мыңнан астам пе­дагог білім берді. Осы тұста мұғалімдер армия­сының табанды еңбегін жоққа шығаруға болмас. Олар бұрын-соңды атын ғана естіген онлайн білім беру айдынына күмп берді, тайсалған жоқ. Кәрі-жасы бірге бірталай платформаның шаңын қағып, жүйелі құрылмағандарын бірден жағаға шығарып тастады. Бірнеше мұғаліммен әңгіме­­­лес­кенімізде, олар дүйсенбі-жұма аралығында сабақ беріп, сенбі-жек­сенбі күндері онлайн курсқа қатысып, видеосабақ жасауды, платформамен жұмыс істеуді үйренген. Мысалы, педагог-ше­бер Мейрамгүл Барқазатқызы онлайн оқытудың алғашқы кезеңін былай суреттеді. «Көп жылғы тәжірибем қа­шықтан оқытуға келгенде тұйыққа тірелгендей болғаны рас. Көктемгі қашықтан оқуда қиналғаным соншалықты жазғы демалыста күн-түн демей қашықтан оқыту­­дың әртүрлі платфор­маларын YouТube арқылы жедел үйрене бастадым. Әрі өзіме тиімдісін таңдадым, ZOOM бағдарламасы бойынша бірнеше сабақ әзірледім. Бірақ сабақ беретін сынып­­­та­­рымдағы оқушылардың әлеу­­меттік жағдайы, смартфондары бұл бағдарламаны көтермеді. Google өнімдері ішінде Meet – Google онлайн сабақ беруге аса қолайлы болды. Әншейінде теле­фоны қолынан түспейтін оқушы­лардың хабарлама алу, хабарлама жазу дағдылары жоқ екенін де байқадық. Бәрін жаңа­дан үйре­нуге тура келгендері де бар. Бірақ игердік. Қашықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін әр оқы­тушы оқытудың жаңа техно­ло­гиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, олармен іс жүргізу ісін орын­дау шарт еді. Сондықтан оқушылар да, мұғалімдер де әр­түр­лі оқыту платформаларында өз бетінше жұмыстың техникасы мен әдістемесін, жоғары дең­гейдегі білімді өз бетімен толық­тыруды көздеді», – дейді ол. Иә, мұғалімдер Google Forms, Online Mektep, Trello, Google Meet, Zoom, Canvas-ты жеке-жеке қол­данып, зерттеп көрген. Мы­салы, Zoom бағдарламасы олар­ға халықаралық конферен­цияға қатысуға мүмкіндік сыйлаған. Алайда оқушылардың арасында Microsoft Word бағдарламасын қолдана алмайтындар жиі кез­дескен. Осылайша, ұстаздар оқу­шылардың смартфонмен тек ойын ойнамай, білім алуға бола­тынын түсінгеніне қуанышты. Еліміздегі онлайн оқыту кезеңі интернетпен қамтудың, жаңа технологияларды меңгерудің маңыз­ды екенін көрсетті. Ин­тернетпен қамтылмаған аудандар поштамен хат алмасып, Balapan-мен бірге сабақ оқығанын жақсы білеміз. Ал биыл ұстаздар барын­ша төселіп қалғанын көрсетіп, өзара «егер кез келген ұстаздың онлайн педагог екенін танығыңыз келсе, YouТube каналын ашып көріңіз» дейтін дәрежеге жеткенін білдік. Соған қарамастан педа­гогтер оқушылар арасында білім сапасы түсіп, «Алтын белгісін» ақтай алмай жатқандар барын айтты.

Бағдарлама бір, оқулық әртүрлі

Педагог-зерттеуші Ақмарал Шатемірқызы аталған оқу жы­лында оқушылардың шынайы үлгерімін білу қиын екеніне тоқ­талды. Өйткені біріне ата-анасы көмектессе, ендігісі интернеттен қарап, оқулық ақтарғаны тағы бар. Оның үстіне мұғалімдер БЖБ, ТЖБ жаттығуларын жеңіл­детіп берген. «Онлайн оқыту кезінде мұға­лімдерге біраз салмақ түсті. Ара­сында денсаулығы нашар­ла­ған­дары бар. Өйткені күні-түні эк­ранның алдында отырып сабақ беру қиын. Оған қоса, дене қи­­мылы болмағандықтан, омыртқа қисайып, ішкі ағза қызметі на­шарлауы мүмкін. Сондықтан мұ­ға­лімдерге қай жағынан болмасын барынша қолдау көрсетуін сұ­раймын. Одан кейінгі ұсынысым, мектеп қабырғасына оралып жатсақ, БЖБ мен ТЖБ алар кезде Google Forms-ты немесе Online Mektep-ті қолдансақ. Бұл бағдар­ламалар бөлім бойынша және тоқсандық бойынша жиынтық бағалауды алу кезінде озық екенін көрсетті. Мысалы, Classroom Online Mektep-тей бола алған жоқ. Егер ұсынысым қабылданса, қа­ғазбастылық жайы біраз реттелер еді», – дейді педагог-зерттеуші. Оған қоса, ұстаздардың білім сайыстары турасындағы ойын да сұрадық. Олар білім бәйгелері де онлайн форматқа көшкесін әділдік орнағанын айтады. Пәндік олимпиадалар, ғы­лы­ми жұмыстар байқауы ау­дандық, қалалық, республикалық деңгейде қашықтан ұйымдастырылып, бұрын-соңды болмаған акаде­­миялық адалдықпен өткен. Бұл – жетістік. Бірақ саладағы шешімін таппаған тұстарға тоқталмасқа болмас. Ал мұны мұғалімнен артық кім білсін?! «Бағдарлама бір болғанымен, оқулықтың әртүрлі жазылғаны қинады.Түрлі бұйрықтардың түп­нұсқасы түсініксіз, калька тәсі­лімен жазылуы – оқу про­це­сін­дегі үдерісті тежеді. Әдіскерлер бір жасаған жұмысын бірнеше нұс­қада қайта жасап, оқу про­цесін бақылауды қолдан шы­ғарып ал­ды, бақылаусыз қалған оқу про­цесі сапаны түсірді. Қашықтан оқу үшін білім бас­қармалары түрлі-түрлі платформа таңдап, ол да білім сапасына тікелей әсер етті», – дейді Мира Бар­сакатқызы. Кейбіріне ақша молынан ау­дарылғанымен, оқушы үшін тиім­сіз болып қала берді. Мұға­лім­дердің қашықтан оқыту тәжірибесі болмаған соң біліктілікті жетілдіру орта­лық­тарынан көмек күтті. Бірақ «Өр­леу» біліктілік көтеру орта­лығы, ПШО (Педагогикалық шеберлік орталықтары) ұйым­дары тек семинар ұйымдас­тырумен ғана шектеліп қалды. «Мұғалімдер АКТ құралдарын тиімді пайда­ла­нуды өздігінен жанталаса үйрен­ді. Ең қиыны, Білім министр­лігінен, Алтын­сарин атындағы Білім ака­де­миясы жасаған ка­никул күн­дерінің және мереке күнде­рінің республика бойынша ұзақтығы соншалық бағдар­ламалар 102 са­ғаттың орнына 97, 68 сағаттық тақырыптар 64 сағат қана орын­далды. Бұл әр бала кем дегенде 4-5 та­­қырыпты мең­гермеді не­месе тақырыптарды қосып өтіп, шала меңгерді деген сөз», – дейді ұстаз. Осылайша, мұғалімдер бірқа­тар мәселенің басын ашып берді. Расымен, оқулық турасында ша­ғым айтқандардың қатары кө­бейді. Білім саласындағы бұй­рықтар мен әдіскерлер жасаған еңбектің де бірнеше рет өзгергені даусыз. Ал мұның бәрі білім беру үдерісін кешеуілдеткені айқын білінеді. Жоғарыда педагог-шебер қозғаған каникул уақыты жайлы бұрын-соңды мәселе кө­терілмеген екен. Жазғы мектеп ашуға онлайн оқыту әсер етті ме, әлде кейінгі 4-5 жылда рес­пуб­лика бойынша демалыс ұзақтығы себеп пе? Бір білеріміз, жазғы мектепке баласын жіберу-жібер­меу ата-ананың ер­кінде. Сабақ беретін пәндерді таңдауда да оқушы мен ата-ана­ның талап-тілегі ескеріледі.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ