Бүгінде көктемгі егіс жұмыстары аяқталып, шаруалар енді жаз қамына қамданып жатыр. Әлемдік пандемияға қарамастан жауапты науқан сәтті өтті дегенімізбен, әлі де болса кемшіл тұстарымыз баршылық. Әсіресе, сапалы тұқым, тыңайтқыш және ағын суға келгенде Жамбыл облысында күрмеуі қиын мәселелер аз болмай тұр.
Сапалы тұқым болмаса, мол өнім жиналмайды
Агро саладағы ақсаған тұсымызды жуырда облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі ашып айтты. – Биыл көктем кеш келді. Соған қарамастан жоспарлы жұмысты жүйелі атқаруға тырыстық. Енді күзде мол өнім алудың қамын жасау қажет. Ол үшін ағын суды үнемдеп, дұрыс пайдаланған жөн. Сондай-ақ егістік алқаптарын тыңайтқышпен құнарландырып, сапалы тұқым егу де өзекті күйінде қалып отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына, басқа да жауапты мамандарға қанша мәрте тапсырма бергеніммен биыл да үшінші, төртінші сұрыпты тұқымдар егілді. Сапасы нашар тұқым егіп, қалай мол өнім аламыз? – деген Бердібек Машбекұлы сала мамандарына сауалын төтесінен қойды. Облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов жұмысына айтылған сынға статистикамен жауап беруге тырысты. – Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 768,5 мың гектарға жетіп, 46,8 мың гектарға артты. Бұл бағытта тек Байзақ ауданы жоспарды орындай алмады. Аталған ауданда көкөніс және бақша дақылдары аз орналастырылды. Тұқым мәселесіне келсек, биыл себілген элиталық тұқымның мөлшері 12 пайыз болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға артқанын көрсетеді. Былтыр «Бригада» элиталық тұқымының 518 тоннасы Шығыс Қазақстан облысынан алдырылса, биыл Алматы облысында орналасқан «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандарымен бірлесе әр ауданнан тұқым өсіру шаруашылығын ашуды жоспарлап отырмыз. Яғни, әр ауданда ашылған шаруашылықтар диқандарды жоғары сұрыпты бидайдың тұқымымен қамтамасыз етеді деп күтілуде, – деді Қайрат Тілеубайұлы.Тыңайтқыш төңірегінде түйткіл көп
Жиында күн тәртібіне көтерілген тағы бір мәселе – тыңайтқышты қолдану көлемі болды. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, осы жылы егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету бағдарламасына 1,0 миллиард теңге бөлініпті. Нәтижесінде, 936 шаруашылық 8,0 мың тонна тыңайтқыш алып, жоспар 26,8 пайызға орындалған. Алайда Мойынқұм, Қордай, Шу және Т.Рысқұлов аудандары жоспарлы межені діттей алмаған. – Минералды тыңайтқышқа қаралған қаржы өте аз. Ауыл шаруашылығы министрлігімен жұмыс істемейсіздер. Жамбыл облысы егістік көлемі бойынша республикада алғашқы бестікке кіреді. Осыны пайдаланып қомақты қаржы алып, тыңайтқышпен жерімізді құнарландырып мол өнім алуға болады ғой. Ал сіздер өз беттеріңізше әрекет еткілеріңіз келмейді. Аудан әкімдері шаруашылықтардың төрағаларымен түсіндірме жұмыстарын жүргізсе, сол тыңайтқышты диқандардың өздері-ақ алуларына мүмкіндіктері бар, – деген Бердібек Машбекұлы Үкіметке қол жайып қарап отыруға болмайтынын меңзеді.Ағын суға жарымай отыр
Ағын суға да Жамбыл облысы жарымай отыр десек болады. Бүгінге дейін қырғыз суына тәуелді болып келсек, өткен жылдан бастап облыс әкімінің тапсырмасымен су қоймаларының құрылысы қолға алынып, каналдар жаңартыла бастаған болатын. Алайда мұнда да «бауын тапса, байлауын таппаған» тірлік көп. – Осы жылы су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша әр ауданға индикатор бекітілді. Бүгінге 40,5 мың гектарға технология енгізіліп отыр. Сонымен қатар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 144 жаңбырлатып суару қондырғысын шаруаларға лизингке беру жоспарланса, қазір 117-сі берілді, – деген Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ.Аманов бұл тұста да «сұлу» сандарды алға тартты. Алайда мұндай жауап облыс әкімін қанағаттандыра қоймады. – Байзақ ауданында аз өнім егілуіне су тапшылығы себеп болғанын айтып отырсыздар. Осы сіздерге жақсы сылтау болды. Судың көлемі өткен жылдан аз емес. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Қазсушар» мекемесінің өкілдері көктем айы келмейтіндей арқаларыңызды кеңге салып жүрдіңіздер. «Қазсушар» мекемесіне Байзақ ауданындағы арықтар мен каналдарды жаңарту жұмыстарын беріп едік, құрылыс белгіленген уақытта аяқталмады. Нәтижесінде, өнім аз егілді. Егер ертең «Тасөткел» су қоймасындағы су Шу мен Мойынқұм ауданына жетпейтін болса, «Қазсушар» мекемесінің өңірдегі филиал басшысы басыңызбен жауап беретін боласыз, – деген Бердібек Машбекұлы ашудың үстінде тағы бірнеше мәселені бүкпесіз айтып тастады. Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, 5 айда мемлекет тарапынан егін шаруашылығына бөлінген қаражаттың 15 пайызы ғана игеріліпті. Ал аудандардағы шаруа қожалықтар қаржы бола тұра субсидия ала алмай отыр. Ескі техниканы өткізіп, орнына жаңа техника алу жұмыстары да тоқтап қалған. Ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін шығаратын біріккен кәсіпорын да құрылмаған. Бір сөзбен айтқанда, Ауыл шаруашылығы басқармасы аудандардан мәлімет жинаумен айналысып, басқасында қызметінде қалғып отырғанын аймақ басшысы қатаң сынға алды.Талқылап емес, нақтылау қажет
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласындағы жүйесіз жұмыс бағаның бұлқынуына әкелетінін Жуалы ауданындағы жағдай көрсеткен. Картоптың отаны саналатын елді мекенде өнім 250 теңгеге бір-ақ қымбаттап, қара халықтың наразылығын тудырған болатын. Сол сәтте шаруалар бағаның қымбаттау себебін ашып айтқан еді. – Ауданда былтыр картоп жөнді өспеді. Оған себеп тұқым нашар болды. Ал картоп еккен шаруалардың өнімі көрші Түркістан облысына сатылып кетті. Менің шаруа қожалығым келісімшарт бойынша картопты «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының тұрақтандыру қорына жөнелтіп отырды. Содан ауданның өзін картоппен қамтитын мүмкіндігіміз болмады. Дүкендерде 250 теңгеден сатылған картоптар Пәкістаннан әкелінген. Өзімізде картоп жоқ. Жалпы, Жуалы ауданында картоп өсірумен 100-ге жуық шаруашылық айналысады. Алайда ауданда көкөніс сақтайтын қойма болмағандықтан олар өнімдерін егістік басынан сатып жібереді. Егер бізді субсидия негізінде мемлекет қойма, тұқым және техникамен қамтамасыз етсе, облысты толықтай картоппен қамтуға мүмкіндігіміз бар, – деген болатын сол кезде «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев. Міне, агро саладағы жүйесіз жұмыстың соңы неге апарды? Биыл аудандардың дені тыңайтқышты аз қолданып, үшінші, төртінші сұрыпты тұқым егіп, оған қоса ағын суға жарымай жатса, мол өнім алу туралы қалай ойлауға болады? Ол аз десеңіз, қожалықтардағы техника жаңармай, субсидия берілмесе, еңбек адамдары жұмысқа жан салып кіріседі дегенге сену қиын. Сондықтан Жамбыл облысы экономикасының негізі саналатын ауыл шаруашылығы саласына келгенде мәселені кеңседе сағаттап талқыламай, егістік басына барып нақтылау қажет-ау...Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы