«Сақалды құрылыстың» жыры
«Сақалды құрылыстың» жыры
702
оқылды

«Бұл не деген сөз?» дейтін шығар­сыз. «Құрылыстағы қайдағы шоқша сақал?» деген де сұрақ туындар. Бұл, енді ресми атау емес. Халықтың ашын­­ғанда қойғаны. Адам негізі жасы кел­генде немесе сәндікке қой­са, «са­қал­ды құрылысқа» бұл атау еріксіз таңылды. Қарағандыда ғана емес, жалпы өңірімізде «сақалды құрылыс­тар» алыстан менмұн­далайды…

Бесоба синдромы

Қаланың да, ауылдың да сәнін келтіретін – құрылыс. Әдемі салынған үйлерді көрсек, көңілге қуаныш ұялары сөзсіз. Ал құрылысы басталып, жылдар бойы не бітпей, не бұзылмай тұрған нысанды көрсеңіз, қандай күйде боласыз? Жұрт өзгені ұмытса да, 2009 жылы тұрғызылып, 2012 жылы қалың елдің көз алдында бір сәтте опырылып түскен «Бесоба» тұрғын үй кешенін әлі ұмыта қой­ған жоқ. Сол кешеннің орнына салынған «Шапағат» нұрын шашу керек еді. Жоқ. Жартысы бітіп, жартылай жалаңаш күйі әлі тұр. Бұл туралы газетімізге де жазылды. Құры­лыста қимыл жоғына қарағанда, құ­лақ­қағыс үшін әлі де жаза беретін сияқ­тымыз. Айтпақшы, бүкіл елді дүрліктірген «Бесоба­ның» күйреуі жаңа терминді ту­дырды. «Бесоба синдромы». Ауыр да болса айтылар сөз. Қазір не құлағалы тұрған не дұрыс салынбаған тұрғын үйлерге осы терминді телу сәнге айналды.

 Құрылысшыға төленер ақы мардымсыз

Тұрғын үйді немесе ғимараттарды сал­ғанда, алдын ала құрылысқа кететін қаржы есептеліп бекітілетіні айтпаса да белгілі. Ал жекеменшік пен бюджеттік мекеменің жұмыскерге төлейтін ақысы жер мен көк­тей. Алайда бастапқыда мемлекеттік құ­рылысқа да смета жасалғанда жақсы баға қойылады. Бас мердігер компанияның қойған бағасы ортада жүрген екі-үш дел­далдың кесірінен «ортая» береді. Ақырында, барлық қиындықты көріп, қысқы аязда тоңып, жазғы аптапта күнге күйіп жұмыс істейтін құрылысшы қалған мардымсыз ақ­шаға алданыш табады. Осыдан кейін қалай біз құрылыстан сапа іздейміз? Не құрылысты жақсы білетін маманы жоқ, не құрылыстан хабары жоқ делдал жүрген жер оңбайтыны тағы бар… Құрылысқа біршама уақытын берген азулы мамандар мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан үйлерге жоламайды. Неге? Өйткені олардың аузы күйген. «Бастапқыда құрылыс саласына келгенде, осындай бюд­жеттік мекемеден бастадым. Қолымды жат­тықтырдым. Қазір жекеменшік мекемелерде жұмыс істеймін. Неге кеттім? Соған жауап берейін. Мысалы, бір ғана үйді әрлеуді алайық, бюджеттік мекемеде бір шаршы метрді 500 теңгеге істесем, жеке­меншік үйде – 1 000-1 500 теңге. Қайсы ұтым­ды? Әрине, екі жерде де бірдей тер төгемін. Сондықтан жекеменшік үй пай­далы емес пе?», – дейді құрылысшы Жан­болат Солткей.

Ат қоймағанда қайтеді?

Жеке адамдар өзі жүргізіп жатқан құры­лысына өз бағасын қойса да, мемлекеттік бағадан алшақ кетпейді. Ол әр құрылысшыға белгілі. Бізде қазір қазынаның қаржысына салынған ғимараттар халықтың бақы­лауында болмауы да осыған әкеліп тірейтіні рас. Жұрт қалай бақыласын, «бұл жерде жүру­ге болмайды», «бөтен адамға рұқсат жоқ», деп құрылыс салынып жатқан нысан­ға басқызбаса? Ал іздей қалсаңыз, құрылыс басында мердігер төбе көрсетпейді. Тіпті, оларды іздеп табудың өзі қиынға соғып жа­та­ды. Кейде қолыңа май шам алып іздесең де көзге түсе қоймайды. Өйткені жауап­кершілік дегенге жүрдім-бардым қарайды олар. Соның салдарынан қаншама адам сар­сыла күтіп жүрген ғимараттардың пай­да­лануға берілу мерзімі ұзаққа созылып, ол көпшіліктің ренішіне алып келеді. Содан халық оған «сақалды құрылыс» деп ат қой­мағанда қайтеді?

Сылтау көп…

Мұндай жағдай өңірдің қай бөлігінде болса да кездеседі. Қазына қаржысына салынып жатқан ғимарат құрылысын созбалаңға салған құрылыс компаниялары осылайша алшаңдап жүре бере ме? Олар құрылысты кешіктіру себебіне түрлі сылтау айтады. «Қаржы бөлінбей жатыр», «Құрылыс заттары қымбаттап кетті» деп тағы да бір ақталады. Мойнына міндет етіп алғаннан кейін, мұндай кірбің саларлық жағдайға ұрынбауы қажет еді. Алайда олардың бойында жауапкершілік болмай жататыны қынжыл­та­ды. Ең алдымен адамгершілік мәселесі көрініп қалады осы жерде. Облыста «сақалды» құрылыс азайды. Дегенмен «Шапағат», «Трилистник» тұрғын үй кешендері қала көркін ғана емес, осы үй­де­гі пәтерлерден дәмелі, бітпеген құры­лысқа ақшасын салып қойған (бәзбіреуі жаңа пәтер аламын деп баспанасын сатып, үй жалдап қарызға белшелерінен батуда) болашақ тұрғындардың көңілін түсіріп тұр…  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы