Еліміздің барлық облыс орталығынан Түркістанға тікелей әуе рейсі ашылады. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту жалғасуда. Өткен жылы түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістан қаласының жаңа әуежайы іске қосылды. Туризмді дамыту үшін әуежайда «ашық аспан» режимі енгізілді. Бүгінде әуежай күн сайын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Ыстамбұл мен Бішкектен халықаралық рейстерді қабылдайды», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, Түркістан бағыты бүгінде ел тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр.
«Биыл барлық облыс орталықтарынан Түркістанға әуе бағдарын ашуды жоспарлап отырмыз. Азаматтарымыз үшін билет құны қолжетімді болуы үшін субсидиялау мәселесін шештік», - деді министр.