Талдықорғандағы әскери бөлімдердің бірінде қызметте болған азамат басшысын атып өлтіргені үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Әскери соттың баспасөз қызметі.
Оқиға 2019 жылы желтоқсан айында болған. Капитан шеніндегі «И» есімді әскери қызметші 16-калибрлі мылтықпен басшысының басынан атқан. Салдарынан майор оқиға орнында қаза тапты. Қылмысын жасыру үшін сотталушы мылтықты өзенге лақтырып жіберген.
«Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот капитан «И.»-ді адам өлтіргені (Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі) үшін, сондай-ақ атыс қаруын сақтағаны және алып жүргені (Қылмыстық кодексінің 287-бабы 2-бөлігі) үшін кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді», - делінген хабарламада.