"Әкесі, ұлы және немересі қайтыс болды": БҚО-да әкімге сөгіс жарияланды
"Әкесі, ұлы және немересі қайтыс болды": БҚО-да әкімге сөгіс жарияланды
210
оқылды
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиев Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовке сөгіс жариялады. Бұған Орал-Атырау тас жолында жол апатынан үш адамның көз жұмуы себеп болды. Облыстық әкімдікте өткен жиында БҚО Полиция департаменті басшысының орынбасары Жанболат Жаншин қайғылы оқиға туралы хабарлады. Ол жол апаты салдарынан бір отбасының үш бірдей мүшесі - әкесі, ұлы және немересі қайтыс болғанын айтты.
"16 мамыр күні сағат 22:40 шамасында Орал-Атырау тас жолының 75-шақырымында "ВАЗ-21113" автокөлігінің жүргізушісі бағусыз жүрген екі жылқыны қағып, соның салдарынан үш адам қайтыс болды. Көлікте кәмелет жасына толмаған бір бала бар, тағы екеуі жарақат алды", - деді Жаншин.
БҚО басшысы Ғали Исқалиев республикалық маңызы бар көлік жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қатаң шаралар қабылдау туралы аудан әкімдеріне ескерту жасағанын айтты.
"Мен Ақжайық ауданының әкіміне сөгіс жариялаймын. Екі айдың қорытындысы бойынша біз оның жұмысының нәтижесін көреміз. Ветеринария басқармасының өз жұмысын нашар орындағанын көріп отырмыз. Биылғы жылы ірі қара малды қағуға қатысты 10 жазатайым оқиғаның сегізінде ғана мал иесі анықталды. Басқарма басшысы Серік Нұрмағамбетовке қатысты қызметтік тергеу жүргізіледі", - деп атап өтті аймақ басшысы.
Сонымен қатар Ғали Исқалиев полицияға сақтандыру полисі жоқ ресейлік көліктерді анықтау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.