Петропавлдық тұрғын 8 миллион теңгесінен айырылып қалды
Петропавлдық тұрғын 8 миллион теңгесінен айырылып қалды
163
оқылды
Петропавл тұрғыны алаяқтарға алданып, сегіз миллионнан астам теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Интернет алаяқтар Петропавлдың 44 жастағы тұрғынына сегіз миллион теңгеден астам шығын келтірген. Әйел “банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалып тұрмыз” деген алаяқтардың сөзіне сеніп қалған.
Бейтаныс адам оған шотында күдікті әрекеттер жүргізіліп жатыр деп хабарлаған. Ақшаны сақтап қалу үшін оны “қосалқы шотқа” аудару қажет деген. Әйел қылмыскерлердің нұсқауын орындап, барлық жиған-тергенінен айырылып қалған. — Алаяқтықтың барлық сценарийлерінің ішіндегі осы түрі зор шығынға әкеледі. Қылмыскерлер сенімді, табанды түрде әрекет етіп, өз құрбандарының қаржы істеріне қатысты көп нәрсені білуі мүмкін. Қысымшылық көрсетіп, ақша аударуды немесе кодтар мен құпия сөздерді айтуды талап еткен жағдайлар да белгілі. Егер сіз өзіңіздің банк активіңізге біреудің қолсұғуына жағдай жасамасаңыз, яғни құпия мәліметтерді жарияламасаңыз, онда қылмыскерлердің дәрменсіз екенін естен шығармаған жөн. Қауіп туралы жақындарыңыз бен туыстарыңызды ескертіңіздер, алаяқтарға сенбеңіздер. Күмәнді жағдайларда өз шоттарыңыз жайлы нақты ақпарат алу үшін банкке жеке жүгініңіз, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.