Биылғы Жер реформасы комиссиясы қызметінің қорытындысы негізінде, Президент тапсырмасымен жазылған заң құпталды. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын I оқылымда мақұлдады.
Онда жердің пайдаланылуын және қорғалуын бақылау күшейтіледі. – Бұл құжат Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленді. Ең алдымен халқымыздың назарында жүрген өте маңызды жер мәселесі бойынша нақты шешім қабылданды. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру заңмен бекітілді, – деді Н.Нығматулин. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, «орталық-облыс-аудан» қағидаты бойынша бірыңғай вертикальді заң жүзінде қайта қалпына келтіру ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ұтымды пайдаланылуын пәрменді бақылауға мүмкіндік береді. «Заң жобасы ауылдықтардың жеке малын жаюы үшін қажетті жайылым тапшылығы проблемасын шешуге септеседі. Жерлердің пайдаланылуын және қорғалуын бақылау күшейтіледі. Жер телімдері бойынша ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі артады. Тұтастай алғанда, осы заңды қабылдау және жүзеге асыру нәтижесінде ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу ісі реттеледі, жерлердің пайдаланылуын мемлекеттік бақылау пәрменді етіледі. Ел басшылығының талап етіп отырғаны да осы! – деп түйген Нұрлан Нығматулин Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысына, сондай-ақ заң жобасының нормаларын жетілдіруге барлық парламенттік фракция депутаттары, қоғам өкілдері мен сарапшылар белсенді қатысқанын атап өтті. Заң жобасында мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастыру арқылы ұзақмерзімдік жалға берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша ақпаратты (дербес деректерді көрсетпей) қоғам үшін ашық жария ету көзделеді. Сонда қай жер телімінің иесі кім екені анықталады. Сонымен қатар отырыста Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасы I оқылымда мақұлданды. Спикердің айтуынша, жаңа заңнамалық түзетулер отандық кәсіпкерлерді заңсыз қысымнан қорғауды күшейтеді. Атап айтқанда, жауапты тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту бойынша ескіру мерзімі 1 жылға дейін ұлғайтылмақ. Қазір меморгандардың тексеру нәтижелеріне шағымдану процесі ұзақ уақытқа созылады. Салдарынан кәсіпкерлерді тексеруге қатысты заңнаманы бұзған бақылау-қадағалау органдарының шенеуніктерін жауапқа тартудың ескіру мерзімдері өтіп кетеді. Сондай-ақ прокурор қаулысын орындамағаны үшін жаза белгілеу ұсынылды. Бұл прокурорлық қадағалаудың пәрменді және тиімді құралының біріне айналады және кәсіпкерлерді қорғау деңгейін арттырады деп күтілуде.Айхан ШӘРІП