Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған Juldyzai халықаралық онлайн фестивалінің қорытындысы шықты. Жас таланттар вокал, хореография, аспаптарда ойнау, қимылмен ән салу номинацияларында сынға түсті.
Байқауға Қазақстан, Ресей, Грузия және Өзбекстаннан келген 10 жастан 18 жасқа дейінгі 3 мыңға жуық бала қатысты. 379 бала финалға жолдама алды. 14 жастағы қарағандылық Нұрдәулет Сағатбек фестивальдің жалғыз Гран-при иегері атанды. Ол Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйін орындады. Нұрдәулет Қарағанды облысының Білім басқармасының көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатында оқиды. Жетекшісі – Нұрдәулет Ыдырысов. «Бала кезімнен музыкамен әуестенемін. Бірақ домбыраға 11 жасымда жазылдым. Үш жыл ішінде 13 күй және бір ән жаздым, оны ата-анама арнадым. Әннің сөзін Өркен Мұңайтпас жазған. Фестиваль кезінде қатты уайымдамадым, өйткені өзіме сенімді болдым және жеңіске жететінімді сездім. Болашақта композитор, күйші болғым келеді, музыка жазғым келеді. Домбырадан басқа, вокалмен де айналысамын және фортепианода ойнаймын», – дейді ол. Бұл Нұрдәулет Сағатбектің алғашқы жетістігі емес. Ол бұған дейін бірнеше республикалық және облыстық байқауда топ жарған.А.ЖОЛДАС