Қарағанды облысында жұмыс істейтін жастарға жеңілдетілген шарттар бойынша ипотека беру бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Жақында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова тұрғын үй берудің жаңа тетіктерін талқылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі өзіне жастарға арналған жеңілдетілген несиелердің жоқтығына қатысты шағымдардың жиі түсетінін жеткізді. Сондықтан Алматы үлгісімен бағдарлама енгізуді ұсынып отыр. Бұл ипотека денсаулық сақтау және білім беру ісіндегі жастармен шектелмейді. Бағдарламада журналистермен бірге, түрлі салада еңбек ететін 35 жасқа дейінгі маман тізімі бар. Жеңіс Қасымбек «Отбасы банкінің» басшысына жас қарағандылықтарға тұрғын үй қарыздарын беру тетігін бірлесіп дайындауды ұсынды. Сонымен қатар моноқалалардағы шахтерлер мен металлургтерге де жеңілдетілген ипотека беру мүмкіндігін қарастыру талқыланды. Бұл бағытта Шахтинск, Абай, Балқаш және Саран қалалары назарға алынып отыр. Ләззат Ибрагимова мұндай бағдарламаларды дайындайтын тетіктер бар екенін атап өтті. Ендігі кезекте бірлескен стратегияны әзірлеп, іске асыру міндеті тұр. – «Отбасы банкі» – ірі елді мекендерді ғана емес, моноқалаларды да қаржыландыратын жалғыз әлеуметтік банк. Бізде Қарағанды облысы бойынша 200 мыңға жуық салымшы бар. Олардың 12 мыңнан астамы – кезекте тұрғандар. Қазірдің өзінде 10 мың салымшының миллион теңгеден астам жинағы бар. Бұл – «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларына қатыса алатын әлеуетті салымшыларымыз. Біздің компания бастапқы тұрғын үй нарығында белсенді. 2021 жылғы қаңтар айынан бастап 280 адам пәтер алу үшін несие алды. Оның ішінде «Шаңырақ» бағдарламасымен үй алу мүмкіндігіне кезекте тұрған 146 тұрғын ие, «Бақытты отбасы» бойынша 1 829 өтінімді тіркедік, – деп атап өтті банк басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қарағандылықтардың депозиттік портфелі ғана емес, банкке деген сенімі өскен. Жыл басынан бері банк облысқа 15 миллиард теңге сомасында 1 300 қарыз берген. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің көмегімен 1 300-ден астам отбасы қарыздарын мерзімінен бұрын өтеген.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы