Жастар баспаналы болады
Жастар баспаналы болады
127
оқылды

Қарағанды облысында жұмыс істейтін жастарға жеңілдетілген шарт­тар бойынша ипотека беру бағ­дарламасы іске қосылады. Бұл бағ­дарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Жақында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова тұрғын үй берудің жаңа тетіктерін талқылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі өзіне жастарға арналған жеңілдетілген несиелердің жоқтығына қатысты шағымдардың жиі түсетінін жет­кізді. Сондықтан Алматы үлгісімен бағ­дарлама енгізуді ұсынып отыр. Бұл ипотека денсаулық сақтау және білім беру ісіндегі жастармен шектелмейді. Бағдарламада журналистермен бірге, түрлі салада еңбек ететін 35 жасқа дейінгі маман тізімі бар. Жеңіс Қасымбек «Отбасы банкінің» бас­шысына жас қарағандылықтарға тұрғын үй қарыздарын беру тетігін бірлесіп дайын­дауды ұсынды. Сонымен қатар моноқалалардағы шах­терлер мен металлургтерге де жеңілдетілген ипотека беру мүмкіндігін қарастыру тал­қыланды. Бұл бағытта Шахтинск, Абай, Балқаш және Саран қалалары назарға алынып отыр. Ләззат Ибрагимова мұндай бағдарламаларды дайындайтын тетіктер бар екенін атап өтті. Ендігі кезекте бір­лескен стратегияны әзірлеп, іске асыру міндеті тұр. – «Отбасы банкі» – ірі елді мекендерді ғана емес, моноқалаларды да қаржы­ландыратын жалғыз әлеуметтік банк. Бізде Қарағанды облысы бойынша 200 мыңға жуық салымшы бар. Олардың 12 мыңнан астамы – кезекте тұрғандар. Қазірдің өзінде 10 мың салымшының миллион теңгеден астам жинағы бар. Бұл – «Ба­қытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдар­ламаларына қатыса алатын әлеуетті са­лым­шыларымыз. Біздің компания бастапқы тұрғын үй нарығында белсенді. 2021 жылғы қаңтар айынан бастап 280 адам пәтер алу үшін несие алды. Оның ішінде «Шаңырақ» бағдарламасымен үй алу мүмкіндігіне кезекте тұрған 146 тұрғын ие, «Бақытты отбасы» бойынша 1 829 өтінімді тіркедік, – деп атап өтті банк басқармасының төрағасы Ләззат Ибра­гимова. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қарағандылықтардың депозиттік портфелі ғана емес, банкке деген сенімі өскен. Жыл басынан бері банк облысқа 15 миллиард теңге сомасында 1 300 қарыз берген. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің көмегімен 1 300-ден астам отбасы қарыз­дарын мерзімінен бұрын өтеген.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы