Сары маса да әуреге түсірді
Сары маса да әуреге түсірді
329
оқылды

Еліміздің біраз өңірінде жұртқа сары маса мен шыбын жаудай тиюде. Қазақстандықтар құ­жы­на­ған шыбын-шір­кейдің қо­р­шауын­да қалып, тірідей таланып жат­қан адамдарды түсіріп, фото-видео­айғақтарды әлеуметтік желі ар­қылы таратып жатыр. Панде­­мия­мен күресемін деп жүріп, жер­­­­гілікті билік бұл жәндіктерді дер­­­нәсіл кезінде жою шарасын естен тарс шығарып алғанға ұқ­сайды. Кей­бір жер­де, мысалы Пав­лодар облы­­­­сында шыбын-шір­кей­ден ұсақ мал­­дың, тауық­тардың жаппай қыры­­­лу оқиғалары тіркеліп жатыр.

Маса бұлты астананы жапты: шайқас жалғасуда

Әкімдерден қайыр болмаған соң бұқара сары маса шап­­­­қын­шылығынан өз бетінше қорға­нудың жолын іздеуде. Масаларға қарсы қолданылатын құ­ралдар, аэро­­зольдар, рапторлар мен сп­­рейлер – дүкен­­дердегі ең өтімді тауар­лардың біріне ай­налды. Бұқара әлеу­меттік желі, мес­­­сенд­­жерлер арқылы қышуды тоқтату тә­сілдерімен бөлісуде. Тә­жірибе жинап үлгергені дәрі та­былмаса, сары маса шаққан орынға 40-60 градусқа дейін қыздырылған зат­ты басуға кеңес береді. Бұл проблема елордалықтар үшін де өзекті. Қала орталығында, әрине аздау. Ал шаһар шетіне не­месе Есілдің жа­ғалауына шыға қалсаңыз, қарақұрым маса бұлтына жолығасыз. Нұр-Сұлтанда де­­­­зинсекциялық жұмыстар биыл 30 сәуірде басталды. Осыған орай аста­­­налықтардан түнде терезе­­­­­лерін жабық ұстау сұралды. Ма­мыр айының орта­­сында-ақ бас қала аумағының 90%-ы өңделіп болыпты. Әйткенмен, қазірдің өзінде түнде терезесін ашып тас­­таған тұрғындар кейде дезма­­­ши­наның жа­­­­ғымсыз дыбысы мен күлімсі иісті сезіп жүр. Әкімдіктің баспасөз қыз­­­метінің де­­регінше, саябақтарды, ск­верлерді, тұр­ғын үй алаптарын өңдеуге басымдық бе­рілуде. Бұл жұмыстарды әкімдіктің Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайда­­­лану басқармасы «Астана­­­­­лық дезинфекция» ЖШС-мен бірлесіп жүргізуде. Мамандар шыбын-шіркейді толық әрі тү­­­­бірімен жою мүмкін емесін мойындады. «Тұрғындар мен қонақтарды түсі­­­ністікпен қарауға шақырамыз. Бұл іс-шаралар сары маса мен шыбынның санын азайтуға және олардың жаппай көбеюіне жол бермеуге бағытталған, ал оларды 100 пайыз құрту мүмкін емес. Се­­бебі олар да – экожүйенің ажыра­­­­мас бөлшегі. Осы жұмысқа 120 де­­­­­зинфектор, 8 биолог-энтомолог, 24 бірлік термо­генератор, 120 бір­лік моторлы-аспалы бүріккіш, 4 де­зинфекциялық машина жұ­мылдырылды» деп хабарлады ел­ордалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану бас­қармасы. Бұл ретте бір рет өңделген ау­­мақты бірнеше айналыммен қай­талап өңдеуге тура келеді екен. Оның үстіне, қолда­­ныстағы нор­маларға сәйкес, жәндіктер пре­параттарға бейімделіп, қайтадан қатары көбейіп шыға келмеуі үшін де­зинсекциялық жұмыстар сәуірден қыркүйекке дейін, айына бір рет жүргізіліп тұруы тиіс.

Таланған өңірлер тұрғын­­дарының төзімі таусылды

Сары масалар мен шыбындар үйірі Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында да адамдардың мазасын кетірді. Амалсыз шір­­кейлерге «донор» болып, біраз қа­нынан айырылған тұрғындар бала­ларының қып-қызыл бүр­­­тіктерге толы денелерін суретке түсіріп, бас шайқап бөліскен. Үрейлі көрініс Павлодар об­лысында орнағанға ұқсайды. Мұнда #Талан­ғанПавлодар (#ис­кусан­ный­павлодар) хэштегі танымал болды. Әлеуметтік желі топтарын ша­ғымға толтырған павло­­­­­­дар­лық­­­­тар Мемлекет басшысы Қ.То­­­­­­­­қаевтан осы өңірге са­­парлауды қиыла сұрайды. Сонда жергілікті билік шыбын-шіркеймен күреске шын­­дап ден қоя ма деген үміттері бар. Негізі, Павлодар облысы «қа­натты қансорғыш жәндік­­­термен» (гнус) күреске 1,5 мил­­­­лиард теңге бөліпті. Бағдарлама 3 жылға есептелген. Тиісінше, мер­­­дігер­­лер­­мен бірден үш жылға келі­­­сімшарт жасалды. Алайда адамдар қыруар ақ­шаны шығындаудың қайтарымын байқамаған: «қаны­мызды ішіп бітті, үш ай жазда өлетін болдық қой» деп күрсінеді жұрт. Мердігерлердің ісіне әкім­нің де көңілі толмай тұр. Жергілікті билік сары масадан әбден зәрезап болған тұрғын­дардан төзім та­нытуды өтінді. Шен­ділердің сен­діруінше, он шақ­­­ты күннен кейін мәселе күн тәрті­­­­бінде сонша өткір тұрмайтын бола­­­­ды. Облыстық бюджеттен сары маса мекені саналатын су қоймаларын өңдеуге биыл 602 мил­­­­­­­­лион теңге қаражат шы­­ғын­далған, 70 мың келі биология­лық пре­парат төгілген. Кеше Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов мерді­герлерді, ға­лымдар мен тәуелсіз сарапшыларды жиып, шіркеймен күрес жөнінде кеңес өткізді. Ай­­мақ басшысы осы саладағы мер­дігерлер жұмысының нақты нә­тижелері жоғын қынжыла мәлім­деді. Бұл ретте ең алдымен дезин­секцияға қаты­сатын топтардың санын, сондай-ақ осы жұмыс­­тарды жүргізуге арналған пункт­­терді көбейтуді тапсырды. Жа­қын күн­дері облыс орталығында дезин­­­сек­торлардың саны 100-ге жеткізілуі тиіс.

Масалар ескі дәріні «місе тұтпады»

Шіркейлер популяциясын азайту мақсатында Павлодарда «КазСельМаш-Строй» ЖШС екі күннен бері жаңа дәріні қолданып жатқан көрінеді. Мердігерлер бұл препараттың тиімділігі жоғары деп есептейді. Мұны эколог Ирина Чидунчи растады. «Мен кеше ғана «Усоль» ша­ғын­ауданында жүргізілген өңдеу орнына барып, жаңа препарат­­­­тың шіркеймен кү­­ресте шынымен көмектесетініне көз жеткіздім. Ал бүгін жергілікті тұрғын­­­­­да­­­­­­р­мен сөйлестім, олар шыбын-шір­кейдің азайғанын байқаған. Бас­тысы – осы ауқымды жұ­­­мысты жалғастыру қа­­жет», – дейді эко­лог. Павлодар облысында шыбын-шір­кеймен күреске біраз жылын арнаған биолог Қанат Ахметов биыл сары масаның көп екенін растады: бұған Ертіс суының кеш тасуы әсер еткен дейді. Нәти­жесінде, «масалар мен шіркей­лердің көбеюі үшін ыңғайлы, кең алқап пайда болды». «Бірнеше күнге созылған ап­тап ыс­тық масалардың тез өнуіне, кең та­ралуына себеп болды. Әйт­­­­песе, әдетте 100 аналық ма­саның ішінен тек 20-ға жуығы ғана жұмырт­­­­қалауға қолайлы орынды таба алады. Меніңше, өңдеу қар­­­қын алғандықтан, таяу арада маса­­­­лардың жұмыртқалауы азайып, жағдай біршама жақ­сарады. Ал қанаттанып, ұша алатын жағдайға жеткен шір­кей­лерге биылға дейін қолда­нылып келген химия­лық заттар әсер етпейді. Бұл – ұшатын шір­кейдің физиологиялық ерек­­­ше­ліктері. Біз мердігерлер қол­дана бастаған 3 компонентті жаңа препаратқа сенім артып отырмыз. Ендігі мәселе – бұл пре­парат кө­ле­­­мінің жеткілікті бо­луы. Өйт­кені алдағы уақытта шір­кейдің жаңа екі генерациясы болады», – деді Қ.Ах­метов. Әлгінде қаптаған шыбын-шіркейден өңірде үй құстары қы­рылып жатқанын айттық. Ве­­теринарлық бақылау және қа­дағалау комитетінің облыстық ау­­мақтық инспекциясының бас­шысы Рашид Нұрбековтің мә­лімдеуінше, өлген құстарды жарып көргенде олардың тыныс алу жолдарына шыбындар зақым келтіргені анықталған. Осы орайда Павлодар облысы әкі­мінің баспасөз қызметі хабар­лағандай, аймақ басшысы жауап­ты тұлғаларға зиянкес жәндіктен өлген құс иелеріне өтемақы төлеу­дің заңды жолдарын қарастыруды тапсырыпты. Айтпақшы, Павлодар қа­­­ла­сының тұрғыны, қоғам бел­сендісі Динара Ахметова сары маса және шыбындармен күрестің баламалы әрі қызықты жолы барын әң­гімеледі. «Бізде сарапшылар инелік ферма­ларын ашу қажетін мә­­­­­­лімдеді. Инелік өсіріп, оларды табиғатқа шығаратын ферма құру жо­басы 2017 жылы ұсынылды және қазір де өзекті. Бұл шағын бизнесті дамытуға серпін берер еді. Бір ферманың шығыны 1,5 миллион теңге ғана көрінеді. Қаламыз үшін 10 ферма ашылса жет­кілікті деседі. Бұл жыл сайын 600 мил­­лион теңге тұратын пре­параттарды Ертіске төгуге қа­­рағанда тиімді әрі экологиялық таза», – дейді Д.Ахметова. Тарихта «Мысырдың он жаза­сы» деген атпен қалған апатты жылдарда Египетте бір жыл ішінде өзге зұлмат­тармен бірге көк қасқа шегіртке де қап­тап, шаруашы­­­­­лыққа, адамдар өміріне қатты зиян келтірген екен. Қалай бол­­ғанда, биыл кейбір елді мекендер үшін шыбын-шіркей шабуылы коро­­­навирус панде­миясының өзін екінші орынға сырғытты. Жер­гілікті әкімдіктер бұдан сабақ алмаса, онсыз да күйзелістен қал­­­­жы­­­раған елге жыл сайын соққы жа­­­сайтын нәубет саны көбейе беруі мүмкін. «Жұт жеті ағайын­дының» кері келмесін делік.  

Елдос СЕНБАЙ