Мәжіліс депутаты Айбек Паяев Қазақстан Үкіметіне "халықтың зарын естіп, көруі үшін" есту аппараты мен көзілдірік сыйламақшы. Сыйлықты пошта арқылы жеткізеді.
Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, бұл туралы депутат ҚХП-ның кезектен тыс съезінде айтқан.
"Бүгінде үкіметке көп нәрсе істеу керек. Оған ақша бөлінеді. Алайда мәселелер мен проблемалар шешілмейді. Адамдар айғайлайды, жылайды, хат жазады - жауап жоқ. Кешіріңіз, мырзалар (Үкіметтегі - ред), жерге түсіңіздер. Бізді еститін мемлекет қайда? Неге мүлдем елемейсіздер... Біз партиядан шенеуніктерге есту аппаратын сыйға тартқымыз келеді. Көзілдірік - олар көруі үшін. Көрген және естіген нәрселерден жүрегі тоқтап қалмауы үшін - валидол", - деді Мәжіліс депутаты Айбек Паяев.
"Үкімет бүгінде мәселелердің алдын алудың орнына, оның салдарымен күресіп жатыр. Мемлекет халыққа лайықты өмір сүру құқығын қамтамасыз етуге тиіс. Халықтың қандай проблемалары бар екенін және неге шешілмейтінін білу үшін кездесуді жалғастырамыз. Егер әкімдіктер де міндетін орындамаса, біз олар үшін де "сыйлықтар" табамыз. Егер атқарушы билік халықты естімесе және проблемаларды шешпесе, онда неге бізге осындай біліксіз министрлер мен әкімдерді ұстау керек", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін де Айбек Паяев шенеуніктерді кері байланыс жоқ деп сынға алған еді. 2021 жылдың қаңтарында Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары Премьер-министрдің кандидатурасына дауыс беруден қалыс қалып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар өз жұмысына немқұрайды қарай бастағанын мәлімдеді.