Тәуелсіздіктің алғашқы тойы тұңғыш құрылтай еді – жазушы Әлібек Асқаров
Тәуелсіздіктің алғашқы тойы тұңғыш құрылтай еді – жазушы Әлібек Асқаров
509
оқылды

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда қоғамның өзге салаларымен қатар мәдениет пен әдебиет, руханият бағытында да түбегейлі бетбұрыстар жасалған-ды. Азаттық алғаннан кейін арыстардың мерейтойын, ұлтты біріктіретін құрылтайларды ешкімге жалтақтамай, өзіміз ұйымдастыратын болдық. Сонау 1992 жылдың қыркүйегінде Дүниежүзі қазақ­тарының тұңғыш құрылтайы өткен-ді. Сол кезде аталған ша­раның ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысқан жазушы Әлібек Асқармен сұхбаттасып, осы жылдар ішінде рухани салада қандай өзгерістер болғанын сұрадық.

– Әлібек Асылбайұлы, биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл. 30 жылда жеткен жетістігіміздің бірі Абай, Жамбыл мерейтойларының ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі емес пе? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бә­рі­нен қымбат» атты мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл –қайта жаң­ғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азат­тықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Деген­мен бұл көптеген ха­лықтар үшін қиындығы мен қуа­нышы, дағда­рысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп ке­леміз» деген еді. Қазақстанның алғашқы он­жылдығын қалыптасу кезеңі деп айтуға толық негіз бар. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мем­лекетіміздің нышандары белгі­леніп, ұлттық валютамыз қабыл­данып, Қарулы Күштеріміз құ­рылды. Ата Заңымыз қабылданды. Тәуелсіздігіміздің арқасында барымызды түгендеп, жоғалт­қа­нымызды табуға көмектескен «Мә­дени мұра» бағдарламасы жү­зеге асты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» дегенді тегін айтқан жоқ. Ел Тәуелсіздігінің тұңғыш тойы ретінде мен 1992 жылдың қыр­күйегінде Елбасының тікелей бас­тамасымен өткен Дүниежүзі қа­зақтарының алғашқы құрылтайын атар едім. Ол құрылтай шын мә­нінде ақ түйенің қарны жарылған нағыз аламан той болды. Дүниенің төрт қиырынан жиналған қазақ­тардың қолға тиген тәуелсіздіктерін тәу еткен, жүрек жарған қуаныш­тарының жарқын көрінісі болды. Содан кейінгі үлкен той, әрине Абайдың 150 жылдығы. Жалпы, бір ғана нөлі бар датаны ЮНЕСКО оған дейін атамапты. Қалыптасқан дәстүр бойынша олар екі немесе одан да көп нөлмен бітетін дата­ларды ғана қабылдайды екен. Біз­дің елдің енді ғана тәуелсіз жеке мемлекет болып жатқаны ескеріліп, ең бастысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың беделінің арқасында Абай тойы әлемдік тізімге ілініп кетті. Тіпті, осы құзырлы меке­ме­нің бас директоры Феде­рико Майордың өзі қатысып, тойы­мызды көріп қайтты. Артын­ша осы ретпен Жамбылдың мерей­тойы да ел ойлаған деңгейде, биік дәрежеде аталып өтті. Ел тәуелсіздігінің арқасында Қазақстан әлемге таныла бастады. Қазақстанды әлемге танытқан Ел­­басымыздың орасан еңбегі еке­нін әрдайым ұмытпаған жөн. Осы орайда бір естелік ай­тайыншы... Бұдан біршама жыл бұрын Оңтүстік Африкаға барып, Кейптаун қа­ласында әлем кітап­хана­шыла­ры­­ның конференциясына қатыс­қаным бар. Сол жерде Намибиядан келген әріптестеріммен шүйір­келесіп, ағылшынша аудармашы арқылы біраз сұхбат құрған едім. Алғашқы таныстықта «мен Қа­зақстаннанмын» дегенімді олар тү­сінбей, естімегендерін айтып, бастарын шайқай берді. Қазақ­станның қай жерде екенінен мүл­дем бейхабар боп шықты. Әңгі­ме арасында Елбасының атын атап қалып едім, «а-а, Назарбайоф» деп набибиялықтар сонда ғана мені танығандай қуанысып қалды. Мінеки, мемлекетті танымаса да, оның лидерін танып жатыр. Бұл Елбасының аты ғана емес, беде­лінің де қаншалықты биік екенін айғақтайтын мысал деп білемін. – Мұхтар Әуезовтің «Абай жо­лы» романы кеңестік цензураның қайшысына ілікті. Сол дәуірдің ықпалымен жазылды. Егер бұл роман тәуелсіздік жылдары дүниеге келсе, қалай жазылар еді? – Он сегізінші ғасырда француз әдебиеті өз дамуының шырқау шыңына шығып, талғамның талмау биігіне көтеріліп, әлемді таң­ғал­дырғаны белгілі. Сол француз әде­биетінің ықпалымен он тоғызыншы ғасырда ойламаған жерден мешеу қалды дейтін орыстың мұжықтық әдебиеті бұрқ етіп әлемдік аренаға шыға келді. Толстой, Достоевский, Чеховтар Еуропа ғана емес, жалпы дүниежүзі көркемсөзінің биік план­касына, эталонына айналып кетті. Біздің әдебиет тарихын те­реңнен зерттеп жүрген сыншылар айтады. Егер кеңестік қатал цен­зура, өз халқын қойдай қырған тоталитарлық жүйе болмағанда Мұхтар Әуезовте Толстойдың әлеуе­ті, Бейімбет Майлинде Че­ховтің шеберлігі, Жүсіпбек Ай­мауытовта Достоевскийдің иі­рімдері бар еді, амал қанша, оларды сол биікке жеткізбеді, аяқ-қолда­рын шырмап, тілдерін байла­ды деседі. Осы тұжырымда зор шын­дық барын бәріміз сеземіз. Байқай­сыздар ма, «Абай жолының» қат-қабат пластары, тұңғиық терең иі­рімдері Еуропаның мақтаулы қайсыбір романына бергісіз емес пе?! Сөйте тұра, Мұқаң идеоло­гияның тар шеңберінен шыға ал­мады, иығынан масылдай басып цензура төніп тұрды. Амалсыз кедей-кепшіктің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын жаңа кейіп­керлер ойлап табуға мәжбүр болды. Тіпті, өмір бойы Абайдың қасында жүрген Шәкәрімді автор рома­­­­нында өз атымен атай алмады, ұлы ақынның ең талантты шәкіртінің образын өз деңгейінде аша алмай кетті. – Қазақ әдебиетін екіге бөліп қарауға болады: кеңестік және тәуел­сіз. Кеңестік әдебиеттегі со­циа­лизм идеясын, Ленин тақырыбын қозғаған шығармаларды алып тастау қажет деген пікірлер де айтылып қалады. Бұған қалай қарайсыз? – Әредік баспасөз беттерінде кеңестік дәуірдегі әдебиетке іріктеу мен сұрыптау жұмыстары керек деген пікірді естіп жүрміз. Өз ба­сым осы пікірді екі қолымды кө­теріп қолдаймын. Социализм идея­­­­­сының ықпалымен жазылған шығармаларды тықпалап, жаңа ұрпақтың басын ауыртып қажеті жоқ деп білемін. Өз Туымыз, өз Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар біз қазір басқа мемлекетпіз, Лениннің ескерткіштерін де, өзге де социа­лизм нышандарын санадан сылып тастадық, ендеше сол заманның идеологиясын дәріптеген әдебиет неге қалуға тиіс? Ондай әдебиет тек әдебиет зерттеуші мамандар үшін ғана мұрағаттарда тұра берсін. Ал озық үлгілерді кейінгі ұрпақ біз айтпасақ та өздерінің рухани қа­зынасына қоса береді. – Қазақ әдебиеті туралы әңгіме қозғағанда, өткен ғасырдың 60-70-­­­жыл­дары жиі айтылады. Бүгінгі тәуелсіз әдебиеттің бағыт-бағдары қандай? – Алпысыншы жылдардың басындағы «жылымықтан» кейін бүкіл Кеңес адамдарының тынысы ашылып, өздерін еркін сезіне бас­тағаны тарихтан мәлім. Осы «жы­лымық» жалпы Кеңес әде­бие­тінің дамуына, соның ішінде қазақ әдебиетінің өркендеуіне зор сер­піліс бергенін білеміз. Оның үстіне, сол жылдары Сәкен, Ілияс, Бейім­бет ақталып, олардың шы­ғар­малары қаламгер қауымын дүр сіл­кіндірді. Шыңғыс Айтматовтың алғашқы «Жәмилә» повесінің қа­зақ тілінде «Лениншіл жаста» бірнеше нөмірде жарық көруі сол заманның жас жазушылары үшін бомбаның жарылысындай әсер етті... Майданда қан кешіп, соғыста жүрген солдат күйеуін тастап, Жә­милә келіншектің басқа біреумен қашып кетуін жазу дегенің өңің түгіл түсіңе кірмейтін сюжет, ол за­манның ешбір идеологиясына сыймайтын оқыс жағдай еді. Повесті оқыған замандастары шын­дықты осылай да ашып жазуға болады екен-ау, махаббатты осылай да мөлдіретуге болады екен-ау деп қайран қалысты. Соның әсерінен біздің қазақ әдебиетінде де небір көңіл тербеген тамаша повестер өмірге келді. Сол жақсы туынды­лардың біразы Шықаңның әсері екенін мойындау керек. Поэзияға бармай-ақ қояйын, біздің оқып-байқап жүретініміз проза ғой. Содан түйгенім – жастар прозасы көркемдік тұрғыда жү­деңкіреп, жұтаңданып бара жатқан сияқты. Сөзім дәйекті болуы үшін бір мысал айтайын... Өзінің өтініші бойынша бір інішектің повесін арқан созғандай қинала оқып, ақыры ренішімді жасыра алмай оған «сен неге КазТАГ-тің тілімен жазасың?» деп төтесінен сұрақ қой­ғаным бар. Сонда ол «қазақ тілінің бар байлығын пайдаланып, әдемі­леп, әсемдеп жазудың бүгінгі за­манда еш қажеті жоқ. Ертең бұл шығармамды ағылшын немесе француз тіліне аудартсам, жайнап шыға келеді. Мен үшін «главный критерий» авторлық айтар ой, тартымды оқиға» дегендей мағы­нада маңғаздана жауап берді. Содан ұққаным, ол інім қазақ үшін жазбайды екен, қазақ оқыр­манын менсінбейтінін байқадым. Өзі болса әлі құлағы естімеген алыс­ты аңсап, көзі көрмеген қиырды қиялдап тұр. Шығармаларының көркемдік жағына көңіл бөлмейтін осы сияқ­ты жас әріптестеріме айтарым: сахнаға шыққан әртістер, әнші-бишілер боянып, жасанып, тара­нып шықпай, күнделікті асүйде жүрген киімдерімен шықса қалай қабылдар едік? Әрине, жүрек қы­лын тербеген тамаша ән салып тұрса да көңілде бір кірбіңнің қа­лары сөзсіз. Сол секілді көркем әдебиет те, «көркем» деген тірке­сіне лайық болуы керек, күнделікті күйтің өмірден сәл болса да жоғары тұруы міндет. Қазіргі жас қаламгерлерге жол ашық. Біздің жас кезіміздегідей таң қараңғысынан кезекке тұрып, ма­кулатура тапсырып, «дефицит» кітаптарға зәрулік жоқ. Сондай бір кезекте тұрғанда Михаил Булгаков­тың «Мастер и Маргари­тасы» үшін екі адамның қырғын төбелес жа­сағанын да көргенбіз. Қазір кітап үшін төбелес жоқ шығар? Біздің заманда қонаққа барған үйден кітап ұрлау дегенің кейбір қалам­гердің «кәсібі» болатын. Оған ешкім ренжімейтін. Әлемдік әдебиетті игеру жа­ғынан жастар бізге қарағанда көш ілгері, әлемдік әдебиеттің бағыт-бағдары, даму үрдісінен көбісі хабардар. Оларға анау деп ақыл қосу қазір бос әуре. Тек тағы да айтар ақ тілегіміз, көркем сөзді газет сөзімен шатастырмай, ана тіліміздің мол мүмкіндігін барынша пайдаланыңыздар. Ана тіліміздің байлығы көркем әде­биетпен ғана кемелденетінін естен шығармау керек. – Қазақ кітап индус­трия­сының тәуелсіздік жылдарындағы дамуы туралы не айтар едіңіз? –1992 жылы тамыз айында шыққан Президент Жарлығының арқасында Қазақстанда кітап шығару ісі аман-есен сақталып қалды. Сол жарғының алғашқы жобасында біз «қалай болар екен, орысша кітаптар Мәскеуде де шығып жатыр ғой» деген оймен жасқаныңқырап, тек қазақ тілінде шығарылатын көркем әдебиетке қаражат бөлуді ұсынғанбыз. Ел­басы ол жобаны қайтарып жі­беріпті: қазақ тілінде ғана емес, басқа тілдерді де қосыңдар, көркем әдебиет қана емес, танымдық, қоғамдық-саяси, энциклопе­дия­лық кітаптарды да, қысқасы «әлеу­меттік маңызы бар әдебиеттің бә­рін тіркеңдер» деп ескерту жасапты. Елбасының қолдауының арқа­сында, сол жылдардан бері, мінеки жиырма тоғыз жыл болды, «әлеу­меттік маңызды әдебиеттерді» шы­ғарып, тарату үшін жылма-жыл Үкімет тарапынан қомақты қара­жат бөлініп келеді. Мемлекеттік тұрғыда кітап шығару ісіне мұндай қолдау ТМД елдерінде ол жылдары болған емес. Қазір шүкір дейміз, кітап шы­ғару мәдениеті біршама да­мыды. Қазір Қазақстанда шыққан кі­­таптар Еуропаның кітап жәрмең­келеріне қатысып, лайықты баға­сын алып жүр. Бүгінгі біздің кі­таптардың сыртқы безендірілуі әлемдік стандарттарға сай, қарасаң көз тояды.  

Әңгімелескен Айым БЕКТҰР