2025 жыл түйе шаруашылығы түлеген жыл ретінде тарихта қалмақ. Төрт түліктің ішінде көбею қарқыны жөнінен Ойсылқара тұқымы көш бастап тұр. Ол кейінгі жылдардың лидері Қамбар ата түлігімен теңесіп қалды.
Түйе шаруашылығы түлеген жыл
175
оқылды

Статистика органы елді елең еткізген осы жаңалығын жариялады. Түйе өнімдері де жаңа белеске шығыпты. Қазақстанда жасалған Camel Milk желілік маркетинг әдісімен кең таралды. Оған тіпті Қытайда сұраныс артқан. Түйе өсіру сәнге және мықты бизнеске айнала бастады.

Ұлттық статистика бюро­сы­ның хабарлауынша, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойын­ша Қазақстанда ірі қара мал­дың саны 8 265 240 басқа жетті. 2024 жылғы 1 желтоқсанда 8 051 370 болған. Жыл басынан бері не­бәрі 2,7%-ға өсті. Қазақ «өні­мі оның көл-көсір» деп дәріп­тей­тін қой саны керісінше, 2024 жыл­ғы 19 887 277-ден 2025 жылы 19 645 963-ке дейін, -1,2%-ға ке­міп кетті. Ешкі саны да «кері кет­ті»: былтырғы 1 718 838-ден биыл 1 691 143-ке (1,6%-ға) азайып қал­ды. Кейінгі жылдары кеміп ба­ра жатқан «талпақ танау» саны кенеттен 2024 жылғы 476 776-дан 491 709-ға дейін, 3,1%-ға сәл кө­бейіп­ті. 

Өсім қарқыны жөнінен үшін­ші жыл қатарынан мал шар­уа­шы­лы­ғының лидері – жылқы: оның саны өткен жылғы 4 072 922-ден осы жылы 4 354 871-ге жетті. Жыл ба­сынан бері 6,9%-ға өсті. Екін­ші көшбасшы пайда болып отыр. Түйелер осыған жетеғабыл, 6,3% өсім көрсетіп, айды аспан­ға бір-ақ шығарды! Осының ар­қа­сында Ойсылқара жануарының са­ны 2024 жылғы 282 312-ден 2025 жы­лы тарихи жаңа межеге – 300 128-ге жетті. Тарихи дей­ті­ні­міз, Қазақстан Тәуелсіздікке қол жет­кізген 1991 жылы респуб­ли­ка­мыз­да 142,5 мыңға жетер-жетпес қа­на түйе қалыпты. ХІХ ғасыр соңындағы патшалық санақ бойын­ша қазақ жерінде 1,3 мил­лионнан аса түйе болған екен. Азат­тықтың арқасында Ойсыл­қара түлігінің саны сол биігіне де жетер. 

Мемлекеттің өзіне назар ауда­рып, жағдай жасауы арқасында үлектер мен аруаналардың бота­лауы жақсарған. Ұлттық статис­тика бюросының мә­­лімдеуінше, биыл боталау көр­сет­­кіші жақ­сар­ды: 2024 жылы 50 864 бота аяқ­тан­са, 2025 жы­лы бұл жануарлар ара­сындағы өсім 53 862 ботаға дейін жетті. 100 аналыққа шақ­­қан­­дағы бо­та­лау коэф­фи­циен­­ті был­­тырғы 31-ден биыл 33-ке (әр­бір 100 түйе­ден 33 бота туа­ды) дейін ұлғайды. 

Ескерер жайт, түйе малы екі жыл­да бір рет қана төлдейді дейді ха­лық. Түйе өзінің төлін он екі ай кө­тереді. Сондықтан жылда құ­лын­дайтын, бұзаулайтын, қо­зы­лай­тын, лақтайтын, әрі бір рет төл­дегенде егізін және одан көбін дү­ниеге әкеле алатын өзге мал­дарға қарағанда түйе басы ақырын өседі. Бірақ түйе шаруашы­лығы­ның дәуірі енді туып келе жатса керек, демек барлық жетістігі әлі алда! 

Түйе сүті халыққа неге қолжетімсіз?

Кәсіпкерлер түйелердің өте өнімді жануар екенін тү­сін­ді. Ол 12 ай бойы ағыл-тегіл сүт бере­ді. Одан дайындалған құрғақ та­биғи түйе сүті Қазақстанның экс­порттық тауарына айналды. Отан­дық компаниялар өз өнім­дерін Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Моңғолия, Түркия, Еуропа және басқа елдерге жет­кі­зеді.

«Бұл өнім – түйе сүтінен әзір­лен­ген: мұздату-кептіру техно­ло­гиясының инновациялық әді­сі­мен өндірілген, қоректік зат­­тардың, дәру­мендердің, ми­кроэле­мент­тер­дің 95%-ы сақталған жоғары сапа­лы отандық өнім. Ол асқазан-ішек жолы, жүрек-қан тамырлары ауруларының және басқа дерт­тер­дің алдын алады. Иммунитетті ны­ғайтады, бұлшық еттерді ұл­ғайту және теріні жасарту үшін қол­данылады», – делінген бір өнім­нің жарнамалық брошюра­сында. 

Кәсіпкерлер оны «түйе сау­малы», «саубота» және бас­қа атау-брендтермен сатып жа­тыр. Ресейлік және қытайлық мар­кетп­лейстардан, әлеуметтік ж­е­ліден де саудаланады. 90-шы жыл­дары Herbalife ком­паниясы өз өнімдерін дәстүрлі дү­кендер же­лісі арқылы емес, тәуел­сіз дистри­бьюторлар желісі ар­қы­лы өткізу үшін тікелей және көпдеңгейлі мар­кетинг моделін (MLM) пайда­ла­нып, аты шық­қа­ны мәлім. Бү­гінде ұнтақталған жә­не капсула-таблетка түріндегі түйе сүтін сату­шылар да желілік мар­кетинг тәсілін кеңінен пай­да­ланады. 

Бұл бизнестің мән-жайын зей­нет­кер, тұтынушы Күлпара Айт­жа­нова айтып берді. Ол кісінің түсін­діруінше, дистрибьюторлар, яғни кез келген пысық адам жеке сату арқылы немесе өзінің серік­тестік желісін құру арқылы ақша та­бады. Бұл өнімнің нақты бренд­терін блогерлер, танымал адамдар ілгерілетіп жатыр. 

– Мен бұл өнімнің жарна­ма­сы­на алғаш Instagram-да жолық­тым. Ғаламтордан ізденіп, өнім ту­ралы танып-білген соң 90 кап­сула­лық шағын құтысын 7 мың тең­геге сатып алдым. Бір алсаң нақ­ты клиент ретінде дерекқорына тү­седі екенсің, содан кейін тас­кенедей жабысып алады. Үнемі қоңы­рау соғып, жаңа өнімдерін тық­палайды. Бірақ тұрақты клиент­тердің өзіне ешқандай жеңілдік ұсынбайды. Сұраныс болғандықтан ба, бағасы қайта жылына бірнеше рет қымбаттайды. Бұған қоса, егер бұрын бір құтысын алуға болса, қазір 2-3 және одан көбін алмасаң, сат­пайды, – деді Астана тұрғыны Күл­пара Айтжанова.

Ол кісі бұл өнімді бірнеше жыл­дан бері алып келеді екен, пайдасы барын жасырмады. Тек қарапайым халыққа қолжетімсіз болып бара жатқанына назар ау­дартты және сын-ескертпелерін айтты. Биылғы күзде бес жүздей кап­сула не таблетка толтырылған бір құтысының ең арзан бағасы 50 мыңнан 250 мың теңгеге дейін ас­пандап кеткен екен. 

Бүгінде ұнтақталған «түйе саумалы» көрші Қытайда бір­шама үлкен сұранысқа ие бо­лып­ты. Түркістан облысының Арыс қала­сын­да орналасқан кә­сіп­орынның ком­мерциялық ди­рек­торы Айдын Әмір­ғалиевтің тү­сіндіруінше, ком­­­­пания құрғақ түйе сүтін ерек­ше әдіспен өндіре­ді: бұрындары сүт­тен жоғары тем­пература арқы­лы ұнтақ жасалатын бол­са, қазіргі кезде керісінше, күрт қатыру («шо­ковая замороз­ка») әдісі қол­да­нылады. 

– Осы арқылы түйе сүті құра­мын­­дағы дәрумендер мен микроэ­ле­­менттерді барынша көп сақтап қа­ла аламыз. Біздің компанияның төл түйе фермасы жоқ. Бірақ жеке ферма ұстаудың қажеті шамалы: жергілікті шаруа қожалықтары түйе өсіруге белсенді көшіп жа­тыр. Олар ұзақмерзімді контракт не­гізінде бізге шикізатын жет­кізе­ді. Кәсіпорнымыздың қуаты айы­на 20 тонна ұнтақ шығаруға мүм­кін­дік береді. Үшінші жыл қа­та­рынан жұмыс істейміз. Өндірісте тек қана саумалды – аруанадан жаңа ғана сауыл­ған сүтін пайдаланамыз. Оның «өне бойы» тұнған қасиет пен шипа! – деді маман. 

Сарапшы түйе сүтінің игі­лі­гін көрші елдің жұр­­ты тү­сі­не қойғанын тілге тиек етті. Ме­дициналық журналдарда жа­зыл­ғандай, кейбір Азия елдері сияқ­ты Қытай тұрғындары да «лак­­­тозаға төзбеушілік» кесірінен қара­пайым сүтті қорыта, іше ал­майды. Көбісінде 3-4 жастан соң ағзасы «лак­таза» ферментін түзуді тоқта­та­ды. Бұл фермент «сүт қан­тын» (лак­тозаны) ыдырату үшін қажет. Сал­дарынан, сүт бойына сің­­бейді, газ тудырады, іш кебу, іш өту-диа­рея­ға және басқасына соқ­тыра­ды. 

Оның жанында «сублимация­ланған түйе саумалы» қытай және басқа азиялықтардың бойына дәру болып дариды. Себебі ол ги­поаллергенді, лактозасыз өнім екен. 

Бұл «аққа» Үкімет те жақ

Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депу­таттарын түйе шаруашылығын өрге бастыру бағытында атқарып жатқан істері жөнінде хабардар етті. Оның айтуынша, Үкімет түйе шаруашылығын дамыту, мал ба­сын көбейту, мемлекеттік қол­дау шараларын ұсыну және өнімді тиім­ді өткізу бағытында жұмыс жүр­гізіп жатыр. Оны ынталандыру мақ­сатында «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнім­ділігі мен сапасын арттыруды суб­сидиялау қағидаларының» шең­берінде мемлекеттік қолдау ша­ралары көзделген. Мәселен, алғаш рет асыл тұқымды аталық түйе сатып алуды субсидиялау қол­ға алыныпты. 

– Асылтұқымды жануарлар құнының өсуіне байланысты алда түйе төлін сатып алуға арналған субсидия мөлшерін бір басқа 100 мың теңгеден 175 мың теңгеге дейін арттыруды көздейтін өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу ба­ғытында жұмыс жүргізіліп жа­тыр. Бұдан басқа, түйе сүтін өндіру мен қайта өңдеуді субсидиялау жүзеге асырылады. Оның нор­ма­тиві биылғы жылдың маусымында 1 келісіне 55 теңгеден 190 теңгеге дейін ұлғайтылды, – деді Үкімет же­текшісі. 

Инвестициялық субсидиялау қағидалары аясында жайылым­дар­ды суландыру инфрақұрылы­мын дамыту және мал шаруа­шы­лығы нысандарын су көздерімен қамту шаралары жоспарланған. Со­ның ішінде шалғай жайы­лым­дарда түйе өсіру үшін құдық қазу­ға, ұңғыма бұрғылауға бюджеттен ақша беріледі. Осы іске кәсіп­кер­дің жұмсаған инвестшығын­дары­ның 50%-ы бюджеттен өтеледі. Ал алып өзен-көлі жоқ Маңғыстау об­лысы үшін өтеу мөлшері 80%-ға жет­кізілген. 

Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның оң тәжірибесін тираждау бағ­­дарламасы шеңберінде түйе сүтін құрғату және сублимациялау зауыттарын салу жобаларына қолдау көрсетілмек. Бұл жобаларға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­ра­циялар (ӘКК) арқылы елдегі биз­неске арналған ең арзан несие бе­ріледі: жылдық 2,5% жеңілде­тіл­ген қаржыландыру тетігі іске қо­сылды. 

«Маңғыстау, Атырау, Қызыл­ор­да және Ұлытау облыстары сияқ­ты түйе шаруашылығы дәс­түрлі түрде дамыған құрғақ ай­мақ­тарда жем-шөпке жұмсалатын шы­ғындарды арзандатуға ар­нал­ған субсидиялау тетігі қол­даны­лады. Бұл ретте субсидия алуға өтінімдерді қабылдау мерзімдерін, оның өлшемшарттары мен нор­мативтерін жергілікті атқарушы органдар бекітеді, бұл өңірлердің та­биғи-климаттық және эко­но­микалық ерекшеліктерін ескере оты­рып, шешім қабылдау кезінде икем­ділік пен жеделдікті қамта­ма­сыз етеді», – деді О.Бектенов. 

Президенттің 2025 жылғы Жол­дауындағы тапсырмасын орын­дау үшін 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығы са­ла­сында агробизнесті қолдау мен дамытудың кешенді жоспарының жобасы әзірлену үстінде. Пре­мьер-министр сонда түйе шаруа­шы­лығын да қолдау мен дамыту шаралары көзделгенін жеткізді. Оның ішінде асылтұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген және ұзақмерзімді кредит беру, «Даму» қоры арқылы 80%-ға дейін ке­пілдендіру тетігін енгізу, салалық қызметкерлердің отбасыларына әлеуметтік жағдай жасау, дәстүрлі жайылымдық пайдалану жүйесін бейімдеп, көшпелі мал шаруа­шы­лығын дамыту, саланы білікті ма­мандармен қамту, селекция мен ге­нетика саласын ғылыми сүйе­мелдеуді өрістету бар. 

Осы және басқа шараларды іс­ке асыру түйе сүтінен, жүнінен, еті­нен, терісінен жасалған отан­дық өнімнің бәсекеге қабілетті­лі­гін арттыруға, өңдеу және экспорт көлемдерін ұлғайтуға, сондай-ақ түйе шаруашылығының серпінді дамуын қамтамасыз етуге, сөйтіп Ұлы даланы түйеге де толтыруға мүм­кіндік беруге тиіс.

Айхан ШӘРІП