Қазақстанда дамуы кенжелеп тұрған салалардың бірі – орман шаруашылығы. Ұлан-ғайыр даламыздың жасыл желекке жарып тұрғаны шамалы екенін ескерсек, қазір қолда бар қарағайды тақтай ете алатын кәсіпорындар да тым сирек. Ал елдің нуы мен суы мәселесінің қашан толыққанды шешімін табатыны белгісіз. Әуелі орман өрті, заңсыз ағаш кесу, арнайы мамандардың жағдайын жасамау сынды келеңсіздіктермен күресіп алмайынша, бір шыбықтан тісшұқығыш жасаудың да ауылы алыстау сияқты.
«Бір тал кессең, он тал ек!»
Экобелсенділердің үніне құлақ түрсек, кейінгі жылдары Алматы төңірегіндегі ағаштарды отау жиілеп кеткен. Мысалы, Бостандық ауданы мен Іле Алатауы паркі шекарасындағы ағаштар заңсыз кесілді. Онда «Қазселденқорғау» мен ТЖМ мекемелері бірлесіп, селден қорғау ғимаратын тұрғызбақ болғанмен, оларға орманды отауға рұқсат берілмеген. «Менің шамалауымша, бұл жолы 5 мыңнан астам ағаш кесілген. Осы үшін олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс», – дейді экобелсенді Тимур Елеусізов. Ал ТЖМ «заңсыз ағаш кесу дерегі бойынша жауапкершілікті мердігер компания мойнына алады» деп бұл мәселеден өз басын ала қашты. Содан көп ұзамай Медеу ауданына қарасты Құлжа тасжолы бойында «Mолл Aport East» сауда ойын-сауық орталығы құрылысын салу үшін 11 мың ағаш кесілді. Ал қалалық Жасыл экономика басқармасы меншік иесіне ағаштарды кесу жөнінде ешқандай рұқсат бермеген. Осы орайда еліміздегі орман шаруашылығына түбегейлі өзгеріс қажет екені айтылды. Ол үшін осы саладағы мамандардың мәртебесі мен жалақысын көтеру керек-ақ. Сонда ғана кадр тапшылығы шешіліп, жемқорлық жойылады-мыс. Әйтпесе, әлгі орманды заңсыз отайтындар ондағы күзетшілермен астыртын сыбайласып жүрген көрінеді. Осылайша, соңғы 2 жылда тек Риддер қаласындағы ең ірі екі орман шаруашылығынан заңсыз ағаш кесуге қатысты 18 дерек тіркелген. Мысалы, Риддер өңіріндегі бір ғана Пихтовск орман шаруашылығының аумағы 80 мың гектар болады. Соны 49-ақ адам күзетеді екен. Норматив бойынша бір орманшы 4-4,5 мың гектарды бақылауы керек десек, қазір 9-10 мың гектар алқапты жалғыз шолып шығуға мәжбүр. Биыл Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау кезінде 30 есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш отырғызу көзделіп отыр. Бұдан бұрын бұл нормалар ережеде болмаған» деп мәлімдеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасаған министр Мағзұм Мырзағалиев: «Құқықбұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлдарды арттыру ұсынылды. Айталық, жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін; шағын кәсіпкерлік нысандарына 30 айлық есептік көрсеткіштен 450 айлық есептік көрсеткішке дейін; орта кәсіпкерлік нысандарына 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейін; ірі кәсіпкерлік нысандарына 100 айлық есептік көрсеткіштен 1 500 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру керек. Бұдан басқа, ағаштарды заңсыз кескені үшін санкцияларды қатаңдату бойынша Қылмыстық кодекске де өзгерістер енгізу көзделіп отыр», – деді. Сенаторлар жаңа Экологиялық кодексті екінші оқылымда мақұлдады. Енді елімізде заңсыз ағаш кескендерге салынатын айыппұл 5 есе өсіп, ең жоғары сома 4,5 миллион теңгеге жуықтап отыр. Егер келтірілген шығын 100 АЕК-тен асып кетсе, онда заң бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бүгінде орманмен қамтылған алқап 188 мың гектарға ұлғайған десек, Мемлекет басшысының орман қорына 5 жыл ішінде 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау көзделген. Сондықтан биыл 14 сәуірде Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Алайда бір топ депутат енгізген түзету кейбір сарапшылардың түсінбеушілігін тудырды. Салдарынан әлеуметтік желіде шу көтерілді. Осы дүрбелеңге дүбір қосқан экономист Мұхтар Тайжан да Facebook-тегі парақшасына биліктің шетелдіктерге ормандарды жалға алуға рұқсат беріп жатқанын жазды. Бірақ Сенаттың қарауына жіберілген заң жобасын Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев жан-жақты түсіндіріп өтті. «48-баптың 2-тармағындағы «ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін» деген сөздер «орман өcipy үшін» деген сөздермен ауыстырылсын» дегенді бірқатар азаматтар түсінбей немесе түсінсе де әдейі дау тақырыбына айналдырып жатыр екен. Бұл сөздердің мағынасын әрі қарай ашар болсақ, кез келген жерді пайдаланушы, ол мұнай саласына, жол салуға келген инвестор ма, зауыт пен фабрика салушы азаматтар ма, бәрібір қазақ жеріне орман өсіруі тиіс!» – деді депутат. Себебі мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларындағы 50 ірі кәсіпорынды ең озық технологияларға ауыстырмаса, сол кәсіпорындарға жалпы ластанудың 80 пайызы тиесілі екен. Бұл ретте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі алдыңғы қатарлы шет мемлекеттердің тәжірибесін ескеріп отырған көрінеді. Осы жайттарды естігеннен кейін: «Мен бұл терминдердің айырмашылығына мән бермеппін. Тыйым салынғанына қарамастан, орманды шетелдіктерге жалға бермек деп ойладым. Дабыл қағудың қажеті жоқ. Орманды шетелдіктерге жалға да, сатуға да бермейміз. Орман өсіруге, ағаш отырғызуға ғана рұқсат беріледі»деп ақталды Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан. Қалай болғанда да, Парламент алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізбей, заң жобасына тосын түзету енгізу арқылы халықты әдейі қайта дүрліктіргенге ұқсайды.Өрт те өршіп тұр
«Апат айтып келмейді» демекші, ағашы кесуден аман қалған орманды кез келген уақытта жалын да жалап-жұқтап кетуі мүмкін. Мысалы, Қазақстанда 2020 жылғы өрт қаупі маусымы ресми түрде аяқталған сәтте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 102 135,7 гектар болатын 694 өрт оқиғасы тіркелгенін мәлімдеді. Оның ішінде 41 827 гектар орман алаңы мен 27 618,8 гектар орманмен көмкерілген аумақ бар. Салдарынан жалпы залал 2,1 миллиард теңге болыпты. Орман өрттерінің ең көп аудандары Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарында, сондай-ақ «Семей орманы» резерватының аумағында тіркелген. [caption id="attachment_143416" align="alignnone" width="1019"] © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Атап айтқанда, биыл Қызылорда өңірінде 40 гектарға жуық орманды алқап өртеніп, тіпті елді мекендерге жақын маңдағы егістіктер де отқа оранған. Құтқарушылардың айтуынша, ондай шалғай аумақтардағы өртті сөндіру кезінде су көздерін табу қиындық тудырады екен. Сырдария мен өзге арналардағы су деңгейінің таяз болуына байланысты отқа бүркетін суды тікұшақпен тасымалдау да мүмкін емес. Сондықтан тек мотопомпаның күшіне сүйенуге ғана тура келеді. Сондықтан да ШҚО Риддер қаласының шеткі шағын ауданында 31 үй мен 300 гектарға жуық орманның орны ғана қалғанын көрдік. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күшті жалын биіктігі 30-40 метр болатын ағаштардың ұшар басын шалған. Сондай-ақ биыл өрттің қауіпті маусымы басталғалы бері СҚО-да 91 факті тіркеліпті. Оның 15-і – орман өрті. Нақты айтқанда, қалың жыныстың 30 шақырымы жанып кеткен.Ағаш өңдеуден әлі мақұрымбыз
Иә, онсыз да сирек орманымызды билік пен бұқараның көз алдында отпен де, тоқарамен де отап жатырмыз. Заң үстемдігін елеп, экологтердің жанайқайын ескеріп отырған ешкімді көрмедік. Ал биіктігі тау сілемдерімен таласқан қайың-қарағайларды өңдеп, сыртқа экспорттайық десек, оған біліктілік жетпейді. Мемлекеттік қолдау да болмай тұр. Әйтпесе, әлемде ағаш өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Біз әлем түгіл өз ішіміздегі сұранысты қанағаттандыра алмай әлекпіз. Орманға от қоюды жиілеткен қайран басымыз әлі де жиһаз жасауға қажетті материалдың 80-90 пайызын Ресей, Қытай, Украина және Беларусь елдерінен сатып алуға мәжбүр. Салыстырмалы түрде алсақ, бүгінде ел бойынша ағаш өңдеу өнімінің экспорты 5,5 миллион, ал импорт 500 миллион долларды құрайды екен. ШҚО-да орналасқан кедендік пункттер арқылы ішке жыл сайын 10 миллион долларға жуық өнім енгізілсе, сыртқа тек 400 мың доллардың ағашын шығара аламыз. Орман шаруашылығы мамандарының айтуынша, ағаш қалдығы мен үгіндісін өңдеу саласын дұрыстап қолға алса, оның пайдасы шаш етектен. Бұл ретте Қазақстанда ағаш өңдеумен айналысатын мекемелер жоқ емес, бірақ тым аз болып тұр. Атап айтқанда, әжептәуір орманы бар Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарында ғана жолға қойылған. Қазір сол өнеркәсіптердің әлеуеті төмен. Ағашты терең өңдеуге тырысқанмен, материалдық-техникалық мүмкіндіктері жетпей жатыр. Мысалы, бір ғана ШҚО-да жыл сайын 1 миллион текше метрге дейін ағаш дайындауға болады. Ол үшін өңірдегі орман қоры да жеткілікті көрінеді. Дегенмен онда жылына 200 мың текше метрге жуық ағаш өңделеді. Әрине, ол үшін 200 мың орман ағашы кесілсе, орнына жас өскін ағаштардың отырғызылып тұруы шарт. «Жалпы, шығыста орман алқабы жыл санап өсіп келеді. Соңғы 12 жылда 126 мың гектарға ұлғайған. Есесіне ағаш өңдеу саласы қарқын ала алмай тұр. Қазір 1 жылда бар болғаны 70 мың текше метр ағаш кесіледі. Яғни, ағаш өңдеу зауыттары бір жылда 7-ақ пайыз ағаш өңдейді», – дейді Пихтовск орман шаруашылығының директоры Қайырды Орсаринов. Сондай-ақ біз ағашты өңдеуге кескеніміз үшін салықты Ресеймен салыстырғанда 5 есе артық төлейді екенбіз. Одан бюджеттің бүйірі шыққанымен, өндірістің өрге баспайтыны анық. Соның салдарынан Қазақстанда жиһаз да қымбаттап барады. Өйткені түгелдей шетелдерден импортталатын жоңқалы ағаш тақтайдың құны 1,5-2 есеге артқан. Көрші Ресейдегі кәсіпорындарға ағаш өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салынса, мына түрімізбен жиһаз өндірушілерімізді материал жетіспеушілігіне тап қылуымыз мүмкін. «Бұрын біз жасап жүрген асүй жиһазы 250 мың теңге болса, қазір олардың бағасы 380 мың теңгеге шығып тұр. Шамамен 45 пайызға қымбаттады. Материал құны өскен соң біз де бағаны көтеруге мәжбүрміз», – дейді жеке кәсіпкер Медет Абылқасымов. Жалпы, жиһаз жасайтын материалдар тапшылығы өткен жылдың тамыз айынан басталған. Себебі бізді ағаш-тасқа қарық қылып отырған Ресейдің өзінде шикізат жетіспеушілігі туындапты. Сол себепті олар сыртқа сатылатын өнім көлемін азайтып, бағасын көтере бастады. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының президенті Қанат Ибраевтың айтуынша, Қазақстанда фанер және басқа да ағаш өнімдері жасалғанмен, жиһаз өндірісіне қажет шикізат мүлдем жоқ. Дайын жоңқалы ағаш тақтайларға ламинат жабыстыратын 5 компания бар десек, олардың өзі тікелей импортқа тәуелді екен. Осылайша, соңғы жарты жылдан бері елімізде жиһаз өндірісі тұралап тұр. Бұған дейін жиһаз жасаумен айналысатын 1 мыңнан астам шағын цех болса, қазір олардың 30 пайызы жабылып тынған. Соның салдарынан 4-5 мың адам жұмыссыз қалып отыр.Орманшылардың жағдайы онша емес
Қазақстандағы жалпы орман алқабының 44 пайызы – ШҚО-да. Бірақ сол байлықты күтіп-баптау мен күзетуге кәсіби мамандар жетіспейді. Оған жалақының мардымсыздығы мен материалдық жабдықтың нашарлығы басты себеп көрінеді. Мысалы, қазір 12 мың гектарды құрайтын «Өскемен орман шаруашылығында» жалғыз-ақ қызметтік автокөлік бар. «Орманды оңтайлы пайдаланудың құқықтық негіздемесін жасау керек. Егер жұмыс ашық әрі заңды жүргізілсе, кесілген 1 текше метр ағаш үшін жергілікті бюджетке 1 айлық есептік көрсеткіш есебінде қаржы түседі. Бұл 2 900 теңге дейік. Ал 10 мың текше метрден, салықты қоса есептегенде, 29 миллион теңге жиналады. Ал қазір шығыстағы осы салада 800-ден астам маманның орны бос тұр», – дейді облыстық орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының атқарушы директоры Виталий Чернецкий. Өңірдегі 3 миллион 800 мың гектар орманның 60 пайыздан астамы сирек кездесетін қылқан жапырақты ағаш десек, оған бірнеше ұлттық парк пен 13 орман шаруашылығы кіреді. Алайда орманшылар тіпті қызметтік форманы да өздері сатып алатын болған. Сондықтан соңғы 5-10 жылда жастардың бұл салаға деген ықыласы жоғалған. «Өрт, тағы бір жұмыстар бола қалса, барамыз ғой. Ал енді еңбекақысы 80 мың теңгеден аспайды. Жалақыны көтерсе, жастар бұл салаға келуші еді», – дейді орманшы Ерлан Қамалиев. Әйтпесе, 12 мың гектар жерге 56 маманның аздық ететіні сөзсіз. Әлгі жалғыз қызметтік автокөліктерінің де жүруінен тұруы көп екен. Мамандардың айтуынша, жалпы ШҚО-дағы орман шаруашылығының талапқа сай материалдық жабдықталуы 60 пайыздан аспайды. Ал орман алқабының басым бөлігі таулы аймақта болғандықтан, орманшылар көбіне өрт шыққан кезде қиналады. Сол себепті Семей маңындағы 2,5 мың гектар алқап 2 күнде күлге айналған.Еркеғали БЕЙСЕН