Жемқорлықпен күрес жаңаруға зәру
Жемқорлықпен күрес жаңаруға зәру
249
оқылды

Коррупциямен күресуші орган қайта құрылымдалатын болды. Бұрынғы басшы кезінде дүниеге келген көптеген де­пар­тамент жойылады. Орнына «қызметтер» құрылады. Соны­мен бірге сарапшылар да, қарапайым бұқара мен биз­нес­мендер де сыбайлас жемқорлықпен күреске көңілі тол­майтынын, торға тек шабақтар тұтылып, шортандар құтылып жатқанын айтып жүр. Осы саланың тізгінін қолына алған жаңа басшы жағдайды өзгерте ала ма?

Жаңа антикоррупционер – прокурор

Ел Президенті таяуда, 16 сәуір­дегі Жарлығымен Марат Ахметжановты Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымына тағайын­дады. Осылайша, саланы 2014 жылдан бері, 7 жылдай жетектеген Алик Шпекбаевтың дәуірі аяқ­талды. Айтқандай, А.Шпекбаев ішкі істер органдарынан келген маман болатын. Енді оның орнына келген Марат Ахметжанов жаңа реформаны агенттіктің құрылы­мын өзгертуден бастамақ. Айтпақшы, заңнамада тыйым салынғанына қарамастан, жаңа басшы өзімен бірге жаңа коман­дасын ала келетіні мәлім. Бірақ Марат Мұратұлы жылдар бойы қалыптасқан ұжымға әзірге тиіс­кен жоқ. Олжас Бектенов те, Нұрлан Шабдар да, былтырғы қыркүйекте Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің Жедел департаментінің басшысы лауазымынан ауысып келген Дмитрий Малахов та агенттік төрағасының орынбасарлары қызметін сақтап қалды. Жасыра­тыны жоқ, жоғары жақта ауыс-түйіс болса, бірінші болып, «басы домалайтын» тұлға – аппарат бас­шысы. Алайда агенттіктің ап­паратына 2019 жылғы шілдеден бері Қуаныш Жапақов жетекшілік етіп келеді. Әрине, жаңа басшының кел­геніне 1,5 ай ғана уақыт болды. Демек, реформа барысында агент­тік басшылығында өзгеріс болуы ғажап емес. Оның үстіне, департа­менттер мен бөлімдер азайса, бұл басшылардың қысқаруына әкелуі ықтимал. Сарапшылардың байламынша, Марат Ахметжанов – ғұмырын қылмыспен күреске арнаған білікті тергеуші, өз ортасында беделді прокурор. Шпекбаевты ауыстырар балама іздеген ел басшылығы таңдауының прокурорға түсуі бекер еместей. Бүгінде заң үстемдігін орнату аясында елімізде прокуратура құзыры күшейтіліп жатқаны мәлім. Оның үстіне, Марат Мұратұлына бұл сала жақсы таныс: ол сұрапыл 90-жылдары, 1993-1996 жылдар аралығында – Бас прокуратура жанын­дағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы прокуратурада аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, ізінше Бас прокуратураның Аса қауіпті қылмыстарды тергеу басқармасының аймақтық тергеушілер бөлімінің бастығы болып, ірі жемқорларды әшкерелеуге үлес қосқан. 2012-2014 жылдары – Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары болды.

Көзбояу «парасаттылық» пен «серіктестік» жойылады

Жаңа төраға «қоғам өзегіне түскен жегі­құртпен» күресетін агенттіктің ішкі құрылымын өзгертуге бастамашы болып отыр. Тиісінше, «Қазақстан Президентінің кейбір Жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы» ел Президентінің жаңа Жарлығының жобасы ел назарына ұсынылды. Еске сала кетсек, А.Шпекбаев кезіндегі өзгерістерге сай, қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет  басшылық,  төрағаның хатшылығы,  Превенция департаменті,  Парасаттылық департаменті,  Серіктестік департаменті, 1-депар­тамент, 2-департамент,  3-департамент,  4-депар­тамент,  5-департамент, Стратегия және жедел басқару департаменті (Штаб),  Әкімшілік-құқықтық департамент,  Кадр жұмысы депар­таменті,  Жеке қауіпсіздік департаменті, Ішкі аудит қызметі дейтін құрылымдардан жасақ­талған-ды. Ведомство өкілдері айтқандай, атауларға парасаттылық, серіктестік сияқты ұғымдардың енгізілуі – шенеуніктерде ғана емес, бизнес­мендерде, бұқарада үрей туғызатын қаһарлы һәм құзырлы мекеменің суық бейнесін өзгертуге ба­ғытталған. Бірақ содан жұрт бұл органды жақын тартып кетті деу қиын. жемқорлық Енді жаңа Жарлық жобасына сәйкес, агенттікті былайша құрылымдау ұсынылады: 1) Басшылық, 2) Төрағаның хатшылығы, 3) Превенция қызметі, 4) Сотқа дейінгі тергеу қызметі, 5) Анықтау және жолын кесу қызметі, 6) Арнайы департамент, 7) Ұйымдастыру-бақылау департаменті (Штаб), 8) Кадр жұмысы департаменті, 9) Жеке қауіпсіздік департаменті, 10) Нормашығармашылық және халықаралық ынтымақтастық департаменті, 11) Қаржы-құқықтық қамтамасыз ету департаменті. Агенттік мамандарының түсіндіруінше, бұл өзгерістер басқарушылық шешімдерді қабыл­даудың жеделдігі мен сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің өзара әрекеттестігін жақсарту, сондай-ақ орталық деңгейде бірін-бірі қайталайтын функцияларды жою үшін қажет көрінеді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің қазіргі құрылымы 14 дербес құрылымдық бөлімшеден тұрады. Кадрлық әлеуетті барынша тиімді пайдалану, орталық деңгейде қайталанатын функцияларды жою мақ­сатында құрылымдық бөлімшелер мен басшылық құрам лауазымдарының жалпы саны қысқар­тылып, агенттік құрылымы оңтайландырылады. Жарлық жобасы құрылымдық бөлімшелердің санын 14-тен 10-ға дейін, агенттіктің функция­лары ұқсас бейінді бөлімшелерінің санын 7 департаменттен 3 қызметке дейін азайтуды көздейді» деген түсініктеме берді құжатқа М.Ахметжанов. Дамыған елдердің озық тәжірибесі негізінде отандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама­ны жетілдіру қажеттілігі туындапты. Осыған байланысты заң шығармашылығы және халық­аралық ынтымақтастық жөніндегі бағыттарды бір департаментке біріктіру көзделеді.

Әр салада жемқорлық дерті дендеді

Жемқорлықпен күресетін меморганда басшы ауысқалы сарапшылар өткенді барлап, жеткенді бағалап, жетістіктері мен кемшін тұстарын шамалап жатыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір біраз салада, әсіресе агроөнеркәсіп кешенінде, көлік, құрылыс, мемлекеттік кірістер, яғни салық, сондай-ақ жер қатынастарында жемқорлық дендегенін айтады. – Құрылыс саласында да шешілмеген мәселе көп. Құрылыс нарығына «лицензиясыз-ақ» кіруге болатыны жасырын емес. Нарық ойын­шысы атану үшін осындай лицензиясы бар компанияны сатып алу жеткілікті. Осы мәселені шешу үшін ұлттық палата лицензиясыз жұмыс істейтін компанияларды есепке алуды, сондай-ақ лицензия алғандардың деректер базасымен интеграцияланған бірыңғай тізілімін құруды ұсынып отыр. Сыбайлас жемқорлық саласындағы арнайы шолу аясында біз жүргізген зерттеулер жем­қорлық «батпақтары» қандай салада көбей­генін көрсетті. Нақтылай кетсек, жер қатынастары саласында – әрбір 2-ші кәсіпкер, көлік, құрылыс және кеденде – әрбір 3-ші, ал салықтар мен тен­дерлер саласында – әрбір 5-ші кәсіпкер жемқор­лық көрінісіне жолыққан! Бұл деректерді көлең­келі экономика бойынша зерттеулер де растай­ды», – деді Шыңғыс Темір. Бұрынғы жылдарды қопармағанның өзінде, кейінгі бір жылда қоғам осы құзырлы органнан «азуын көрсетіп», тегеурінді қимылдауын күтті. Елге коронавирус баса-көктей кірген былтырғы жылы ел басшылығы жаһандық пандемиямен күреске жүздеген миллиард қаражат төкті. Республикада індет кең тарап, Қазақстан әлемдегі «қара тізімнің» бас жағына шыққанына қарағанда, қаржы тасқыны толықтай көздеген жеріне жетпегенге ұқсайды. Осы тұста анти­коррупциялық орган жарқырай көрініп, жасындай қимылдап, қабілет-қарымын паш етуі тиіс еді. Сөйтіп, әр теңгенің көзделген жеріне жетуіне пәрменді ықпал еткені жөн болатын. Президент антикоррупциялық органға елордадағы LRT жобасы аясында мемлекеттің 5,8 миллиард теңгесін талан-тараж еткендерді лауазымына қарамай, тегіс жазалауды жүктеді. Алайда жобаға жауап берген басшылар шетелге қашып кетті, орындаушылар ғана сотталды.

Жеткен жетістігі қайда?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведом­ствосы төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтің айтуынша, «анти­коррупциялық құралдардың барлық қажетті спектрі агенттіктің құзырында бар». Енді оны лайықты қолданып, қомақты нәтижеге жету қалып тұр. Агенттіктің бір мақтанышы – 19 орталық меморганда, 14 облыс пен 3 мегаполис әкімдігін­де, сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдарында Adaldyq alańy офистерінің ашылып, басшылығына қоғам белсенділерін тағайындау болды. Нәтижесінде, 320 әкімдік сервистік форматта жұмыс істеуге көшкен. Adaldyq alańy жобалық кеңселеріне былтыр азаматтардан 12 мыңға жуық шағым түсіпті. Оның 80%-ы оң шешілген көрінеді. Дәрі-дәрмек құнын негізсіз шарықтатқан 300 кәсіпкерлік нысаны жаза тартқан. Антикорруп­ционерлер шетелден жеткен гуманитарлық көмектің  18,3 млн қорғаныс құралының, 3,1 млн дәрілік препараттың, 428 мың медициналық жабдықтың жолай талан-таражға түспеуін қадағалап, сүйемелдеген екен. Transparency International рейтингінде Қазақстан былтыр 19-тұғырға биік көтеріл­генімен, бәрібір көш соңында қалды, 94-орында тұр. Жаңа басшыдан қоғам да, сарапшылар қауымдастығы да жемқорлыққа жойқын соққы берілуін күтеді.

Елдос СЕНБАЙ