Тұмса табиғаты талайды тамсандырған Бурабайда салынған жолдардың сапасы сын көтерер емес. Әсіресе, туристік нысандар мен демалыс орындары орналасқан ауылдардың билікке айтар базынасы көп. «Жыл сайын қаражат миллиондап бөлінгенімен, арада аздаған уақыт өтпей қайта таз қалпына келеді. Жырым-жырым жолдарға тек қиыршық тас төгіліп, ол «орташа жөндеу» деген атқа ие болады» деген тұрғындар талап-тілектерін әлеуметтік желілерде назалана айта бастаған.
Аудан орталығы Щучинск қаласынан таяқ тастам жердегі Зеленый бор ауылы да жолдарынан әбден зардап шеккен ауылдар қатарында. Тұрғындардың айтуынша, жолды толық жөндеуге былтыр уәде берілген. Бірақ «құрғақ қасық ауыз жыртып» тұр. «Зеленый бор ауылында былтырдан бері барлық үш көшені жөндеп болар емес. Құр сөзбен қуырдақ қуырады. Орташа жөндеуден өткіземіз деп, қиыршық тасты әкеліп төге салады. Ал ол арада екі-үш ай өтпей тесіліп, ойлы-шұңқырлар одан сайын көбейіп кетті», – дейді Зеленый бор ауылының Евгений есімді тұрғыны. Тұрғындардың айтуынша, былтыр жөнделуі тиіс болған ауыл көшелерінің жолдары сол күйі қалған. Ал биыл сол жолдар қайта есепке алыныпты. «Жолдарымыз ойлы-шұңқыр. Мүлдем сапасыз жасалған. Қаншама қаражат бөлініп жатыр ғой. Неге сапасына көңіл бөлінбейді? Назар аударып жатқан да ешкім жоқ», – дейді Жанат Әшенова есімді ауыл тұрғыны. Расында, ауданның жолдарына биыл бұрын-соңды болмаған ұшан-теңіз қаражат бөлініпті. Аудан әкімі Әсет Мұздыбаев жұмыс сапарымен ауданға келген облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа аудан жолдары жайлы мәлімет берді. Оның айтуынша, биыл Щучинск қаласында 11 көше, сондай-ақ Зеленый туристік нысандар мен санаторийлер мен демалыс орындары орналасқан ауыл арасындағы жолдар жөндеуден өтпек. «Щучинскінің 5-6 көшесін жөндеуге облыстық бюджеттен 300 миллион теңге бөлінген. Соңғы нақтылаудан кейін тағы қосымша 200 миллион теңге қостырып, қаланың 11 көшесін жөндейтін болдық. Сонымен қатар Бурабай–Қотыркөл арасындағы жол, Зеленый бор және Мәдениет ауылы арасындағы 27 шақырым жол жөнделмек. Сондай-ақ Зеленый бор, Мәдениет ауылдық округтерінде ауыл ішіндегі жолдар жөнделіп жатыр. Жалпы, ауданда биыл жол жөндеуге 5 миллиард теңге бөлінген», – дейді Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев. Тұрғындардың шағымдарына Бурабай ауданының әкімдігі үн қатып, былтыр жөнделмеген жолдардың биыл нақты жөнделетініне сендірмек болды. Әкімдіктің мәліметінше, Зеленый бор ауылындағы жолдарды жөндеуге екі бірдей орташа жөндеу жобасы жүзеге асырылмақ. «Ұзындығы 1,8 және 3 шақырымдық ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Қазір «Көкшетау Жолдары» мердігер серіктестігімен келісімшарт жасалған. Жолды жөндеу маусым айының екінші жартысында басталмақ. Екінші жоба бойынша қосымша қаражат бөлінуі қажет. Ол облыстық мәслихаттың шілде айының екінші жартысында өтетін сессиясынан кейін бөлінеді деп күтілуде. Конкурстық рәсім өткізіліп, «МК групп» серіктестігі мердігер болып анықталды. Қаражат бөлінген соң жұмыстар да өткізілетін болады. Оған қоса, Наурызбай батыр ауылында да мердігер «Көкшетау Жолдары» серіктестігінің асфальт зауыты орналасқандықтан, жолдардың шұңқырларын жөндеу жоспарланып отыр», – дейді Бурабай ауданының әкімдігі. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сылбыр екенін айтты. Әкім жолға бөлінген 5 миллиард теңгенің уақытында игерілуі қажет екенін қадап айтты. «Ауданның жолдарына 5 миллиард теңге бөлініп отыр. Енді жолдар уақытында жөнделуі тиіс. Қазан айында жаңбыр басталады. Одан қараша айында қар жауады. Ал мына түрлеріңізбен қараша айында қармен араластырып, асфальт төсейсіздер. Мұндай тәжірибе болған. Өкінішке қарай, конкурстық процедураларыңызда проблемалар бар. Қысқы уақытта осы мәселелерді шешу қажет еді. Сіздер уақыттан кешіктіріп жатырсыздар. Дереу қарқынды іске кірісіп, жолдарды жөндеуге күш салыңыздар», – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев. Аудан әкімдігі қаражатты игеріп, жолдарды жөндеп бітіретініне сенімді. Ал тұрғындар қанша қаражат бөлініп жатса да жолдарының сол күйіне қайта түсетінін айтып зар илейді. Биыл қалай болар екен? Бөлінген 5 миллиард теңге Бурабай ауданының жол мәселесін шеше алса жақсы...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы