Отбасылы жұп суррогат аналардың көмегіне жүгініп, бір жылда 20 баланың ата-анасы атанды. Олардың күтіміне көмектесетін 16 бала күтушісіне 67 мың фунт стерлингтен төлеп тұрады, деп хабарлайды Mirror басылымы.
23 жастағы ресейлік Кристина Озтюрк 57 жастағы миллионер күйеуі Галип Озтюркпен Грузияда жүріп танысқан.
Қос ғашық үлкен отбасыны армандап, суррогат аналардың көмегіне жүгіну туралы шешім қабылдайды. Осылайша 2020 жылы Кристина мен Галиптің Мұстафа есімді ұлы дүниеге келген. Бұл жұптың бірінші баласы емес: Кристинаның басқа серігінен 6 жастағы қызы, ал Галиптің бірінші әйелі Хюли Озтюрктен тоғыз баласы бар.
Бизнесмен суррогат аналарға 138 мың фунт стерлинг төлеп, олардың отбасы 20 баламен толықты. Сәбилердің жасы 4-14 ай арасында.
Кристина басылымға берген сұхбатында бар уақытын балалармен бірге өткізетінін айтты. Әдетте оның балалары кешкі сағат сегізде ұйқыға жатып, таңғы сағат алтыда оянады.