Өзбекстанның тәуелсіз Effect.uz басылымының тілшісі Эльёрбек Тажибаев еліндегі журналистер мен блогерлерге үндеу жасап, олардың кәсіби қызметіне қауіп төніп тұрғанын ескертті.
2 маусымда YouTube сайтына жариялаған видео үндеуде журналист "Термез аудандық сотының төрағасымен кездесуге әрекет еткені үшін ғана өзіне қылмыстық іс қозғалғанын" айтқан.
"Мен барлық журналистер мен блогерлерді сақ болуға шақырамын. Мұндай оқиғаға жол бермеңіздер. Өзбекстанда сөз бостандығы өлген", — деген журналист үндеуінде.
Эльёрбек Тажибаев – Effect.uz сайтының қылмыстық іс қозғалған үш журналистің бірі. Олар "Билік өкіліне қарсылық көрсетті", "Жала жабу", "Кемсіту" баптары бойынша айыпталып жатыр. Журналистердің ісі бойынша сот отырысы 27 мамырда Қашқадария облыстық сотында басталған.
Effect.uz басылымының тілшілеріне қарсы қылмыстық іс қозғалғаны биыл 7 сәуірде хабарланған. Бас прокуратура журналистерді Термез аудандық сотының ғимаратына кіріп барды және судьяға қарсы шықты деп айыптады.
Журналистер өздеріне тағылған айыптарды теріске шығарады. Олар сот ғимаратына Ұлттық гвардия офицерінің рұқсатымен кіргенін айтады. Бұған қатысты видео басылымның сайтында жарияланған.