Алматыда мас жүргізуші үш адамды қағып кетті
Алматыда мас жүргізуші үш адамды қағып кетті
168
оқылды
Алматыда алкоголь ішіп, есірткі қолданған жүргізуші үш жаяу жүргіншіні қағып кетті. Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға кеше сағат 20.20 шамасында болған.
"Алкоголь және есірткі қолданып, "Ваз 21099" автокөлігін басқарған 1997 жылғы жүргізуші Қ. Райымбек даңғылымен батыс бағытта бара жатқан. Ол аялдама кешенінде тұрған үш жаяу жүргіншіні қағып кетті. Күдікті Алматыдағы уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Рустам Әбдірахманов.
Түрлі дене жарақатын алған үш адам жақын жердегі ауруханаға жеткізілген.
"Жәбірленушілер көптеген жарақат, травматикалық шок алған. Екеуі облыстық стационарға жеткізілді. Біреуі №7 қалалық клиникалық ауруханада. Оның иығы сынған, жабық бас сүйек-ми жарақатын алған. Ол ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр, жағдайы ауыр", – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.