Мұғалжарға газ келді
Мұғалжарға газ келді
193
оқылды

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Мұғалжар ауданында болды. Жұмыс сапары «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан Ақкемер ауылдық округінің перспективті жобалары мен Елек ауылын газдандыру жұмыстарымен танысудан басталды.

600-ден аса халқы бар Елек ауылын газдандыруды осы жыл­дың қараша айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. «Nur Otan» пар­тиясының сайлауалды бағдар­ла­масы аясында Ақкемер ауылдық округінің Елек ауылында кірер жол мен А.Жұмабаев атындағы көшенің жолы жөнделіп, амбула­тория мен сервистік әкімдіктің жаңа ғимараттары, ангар типіндегі спорт кешені мен футбол алаңы салынады, 1,1 шақырым жол жөн­деледі, 4,5 шақырым жаяу жүр­гіншілер жолы салынады. Осы жылы Жұрын және Қаракөл ауылдарында тұратын 2 мыңнан аса тұрғынның үйіне де газ кіреді. Мердігерлер мамыр айында сол ауылдарды Қандыағаш қаласымен қосатын газ құбырын салуға кірісіп кетті. Оңдасын Оразалин жұмыс барысымен танысып болған соң құрылысшыларға тездетуді тап­сырды. Осылайша, Жұрын ауылы­ның тұрғындары көгілдір отынға тамызда, ал қаракөлдіктер желтоқ­сан айынан кешікпей қол жет­кізбек. – Жұмысты жылдам әрі сапа­лы жүргізу керек. Жылыту маусы­мында барынша көп үй газбен қам­тылуы қажет. Біз өз тарапы­мыздан тиісті қолдауды көрсете­міз, – деді облыс әкімі мердігер­лерге. Өңір басшысы, сондай-ақ Жұрын ауылында «Nur Otan» пар­тиясының сайлауалды бағдарла­масы аясында жүзеге асырылатын перспективті жобалармен таныс­ты. Олардың қатарында мәдениет үйін күрделі жөндеу, спорт алаңын салу, Жұрын ауылындағы Жанқо­жа батыр, А.Құнанбаев, А.Жұбанов, Х.Құрманалин көше­лерін­дегі көлік жүретін жолды жөн­деу жұмыстары, жанармай бекетінің, қуаттылығы жылына 20 тонна өнім болатын жылыжайдың, 500 бас ірі қара мен 2 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы­ның ашылуы бар.

Әбілмансұр ЖАСАН