Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, өткен жылды қорытындылады. Оның айтуынша, қала айналасында бірнеше жыл пайдаланылмай бос жатқан 316 жер учаскесі анықталған. Оның 75-і сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды.
– Бұдан басқа бос жатқан саяжайларды анықтау мақсатында да жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан саяжай учаскелеріне сұраныс артқан. Бос жатқандары есепке алынады. Кейін оны әкімдік арқылы заңды түрде пайдалануға алуға болады, – деді Болат Жұмабеков. Бұл ретте жыл басынан бері бос жатқан 176 саяжай учаскесі де анықталған. Оның 125-і иесіз мүлік ретінде есепке алынып отыр. Сондай-ақ аулаларға рұқсатсыз қойылған гараждар да жойылуда. – Аулаларда тұрған гараждар бойынша тұрғындардан көп өтініш түседі. Бізден оларды басқа жаққа көшіріп, орынды босатуымызды сұрайды. Аулаларды жөндеу кезінде де осы мәселеге тап болып жатырмыз. Қазір Петропавлда 1 419 гараж заңсыз тұр. Иелерінің оларды қоюға рұқсаты жоқ. Былтыр олардың 253-і бұзылса, биыл 121-і басқа орынға көшірілді. Петропавлдағы Промышленная көшесінен 600 гараж сыятын орын әзірледік, – дейді қала әкімі.Е.БОЛАТҰЛЫ