Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында кешенді реформалар жетістікке жетуі үшін реформаларды сапалы заңдар арқылы жүргізу керегін ескерткен еді. Сол үшін біз бизнес жағдайы, жол сапасы, жастар мәселесі дегендей көкейдегі сұрақтардың жауабын білуге тырыстық. Бұл тұрғыда Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Самат Мусабаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Самат Базарбайұлы, қазір Парламентте Мемлекет басшысының реформаларды сапалы заңдар арқылы жүргізу туралы талабы қаншалықты орындалып жатыр? – Мемлекет басшысының «Реформаларды сапалы заңдар арқылы жүргізу – ұзақмерзімді жетістікке жетудің басты шарты» дегені рас. Дер кезінде әзірленіп, қабылданған сапалы заңдар ел өмірінің маңызды салаларын дамытуға тікелей ықпал етеді. Парламент өз қызметінде осы принципті басшылыққа алады. Кез келген заң жобасы Парламент қабырғасында жіті қаралады. Оны қарау ісіне тек депутаттар қатыспайтыны түсінікті. Біз заңның сапалы әзірленуі үшін міндетті түрде жұмыс топтарын құрып, оларға сол саланың мамандарын, сарапшыларды, мүдделі тараптарды толық тартамыз. Комитет отырыстарында тағы зерделейміз. Міне, осындай жан-жақты талқылаулардан және тиянақты сараптаулардан кейін заң жобасы жалпы отырысқа шығарылады. Жалпы, Парламент жұмысы жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін атап өткім келеді. Өзіңізге белгілі, 2017 жылы Ата Заңымызға маңызды өзгерістер енгізіліп, Парламент заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi орган болып айқындалды. Осының арқасында Парламент пәрменді бола түсті. Оған дәлел, бүгінде депутаттардың тікелей бастамасымен әзірленетін заң жобаларының саны артып келеді. Мысалы, біздің шақырылымның қарауына бүгінге дейін 32 заң жобасы келіп түссе, соның 9-ына депутаттардың өзі бастамашы болған. Бұл дегеніміз шамамен 30 пайызға жуық. Өз басым, бұл жоғары көрсеткіш деп есептеймін. – Сондай-ақ Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетінін айтқан еді. Оны заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды ма? – Парламент жұмысының негізгі мақсатының бірі – Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету. Президентіміз сессияның ашылуында елді жаңғырту бастамаларын халыққа жария етіп, олардың іске асырылуында Парламенттің рөлі айрықша екенін атап өткен болатын. Бұл бағытта біз жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінде Парламент қабырғасында жер мәселесі, мемлекеттік басқару, саяси, әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша маңызды заңдар қаралып, қабылданды. Мысалы, жер дауына нүкте қойылды. Жер қатынастарына қатысты заңға қажетті өзгеріс енгізілді. Халқымыз үшін жер – экономикалық көрсеткіш емес, қастерлі ұлттық құндылық. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сол себепті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетелдіктерге сатылмайды әрі жалға берілмейді деген норманы қабылдадық. Бұдан былай Қазақстан азаматтығынан бас тартқандар да, құрамына шетелдіктер кіретін қазақстандық заңды тұлғалар да ауыл шаруашылығы жерлеріне иелік ете алмайды. Осылайша, жер мәселесі өзінің заңнамалық шешімін тапты деуге толық негіз бар. Елімізде саяси реформалар да жалғасын тауып келеді. Оған «Сайлау туралы» заңға енгізілген маңызды өзгерістер дәлел. Бұдан былай саяси партиялар бұрынғыдай 7 пайыз емес, 5 пайыз дауыс жинап та Мәжіліс пен мәслихаттан орын иелене алады. Сонымен қатар сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» деген графа енгізіледі. Мұның барлығы еліміздегі саяси бәсекенің күшеюіне және саяси жүйеміздің демократиялана түсуіне жол ашады. Сонымен бірге Президентіміз мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізу айрықша маңызды екенін айтқан болатын. Осы бағыттағы реформалар жүйені байыппен орталықсыздандыруды қамтиды деген еді. Бұл бағыттағы өзгерістер, көпшілік мән бере бермесе де, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз байыппен орталықсыздандыру саясатын төменнен бастадық және бұл жүйелі түрде жалғасатын болады. Біз бұл бағыттағы реформаларға заңнамалық платформа қалыптастырып жатырмыз. Жуырда Мәжіліс ауыл әкімдерін сайлауға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Биылдан бастап ауыл әкімін халық тікелей дауыс беру арқылы сайлайды. Сайлауға азаматтар өздерін ұсына алады, саяси партияларға да өз кандидаттарын қатыстыруға мүмкіншілік туып отыр. Қазір еліміз бойынша 2 345 ауыл әкімі болса, биылдың өзінде олардың 836-сын немесе 36 пайызын халықтың өзі сайлайтын болады. Жергілікті өзін-өзі басқару құрылымын күшейтетін бұл бастаманың түпкі мақсаты да мемлекеттік басқаруды жетілдіру. Экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша да заңнамалық жұмыс жүргізілуде. Олардың қатарында бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасауға, квазимемлекеттік сектордың функцияларын қайта қарауға, өнеркәсіп саясатын жаңадан жасақтауға бағытталған іргелі заң жобалары бар. Алдағы уақытта Парламент қабырғасына Мемлекет басшысының елді жаңғырту жоспарына сәйкес жаңа аса маңызды заң жобалары келіп түседі. Олардың ішінде мемлекеттіліктің маңызды шарты – заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобаларының пакеті болады. Олардың қатарында сот жүйесін жаңғырту, құқық қорғау қызметін өткеру, құқық қорғау және сот құрылымдарының арасындағы өкілеттіліктің аражігін айқындау, ішкі істер органдарын, конституциялық құқық, азаматтық құқық саласындағы заңнамаларды жетілдіру бойынша құқықтық-нормативтік құжаттар бар. – Ал бизнеске қолайлы жағдай жасау барысы қалай? – Бизнес ахуалын жақсарту және оны дамыту – маңызды міндет. Өзіңізге жақсы белгілі, еліміз алдағы бес жылдың ішінде бизнестің экономикадағы үлесін 35 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Дамыған елдерде бұл үлес 50 пайыздан кем емес. Сондықтан бұл бағытта атқарылуы тиіс жұмыс әлі де жеткілікті. Жаһанды жайлаған пандемия отандық бизнес секторына өте ауыр тиді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша, өткен жылы елімізде 30 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі өз жұмысын тоқтатқан. Мұндай кризистік жағдайда мемлекет бизнесті қолдау шараларын іске асырды. Жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы қабылданды. Өткен жылы бизнес субъектілеріне 1 триллион теңгеден астам жеңілдетілген қаражат берілді. Бұл – үлкен қолдау. Дегенмен эпидемиологиялық жағдай тұрақталып кете қойған жоқ. Сондықтан бизнесті кешенді қолдау шаралары жалғасуы керек деп есептеймін. Ал депутаттық корпус бизнесті қолдау бойынша бірқатар заң жобасын қарады. Оларға Президентіміз қол қойды. Мысалы, квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік сатып алулары туралы заңды алайық. Бұрын ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтер сатып алуларды өзінің ережелері негізінде жүргізіп келген. Бұл бизнес өкілдері үшін түсініксіз жағдай мен кедергілердің туындауына себеп болатын. Бұдан былай мұндай компаниялардың сатып алулары ортақ ережеге бағынады. Сонымен қатар бизнес өкілдері тапсырыс берушілердің шешімдеріне, әрекеттеріне көңілі толмаса, оңай шағымдана алады. Бұл да болса бизнеске жасалған қолдау. Сонымен бірге рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау бойынша заң қабылданды. Тұңғыш рет елімізде депутаттардың бастамасымен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған заң қолданысқа енгізілді. Бұдан былай әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысушыларға кадрларды даярлағаны және олардың біліктілігін арттыруға кеткен шығындары үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылады. Бұл, бір жағынан әлеуметтік кәсіпкерлерді, ал екінші жағынан мүгедек жандарды қолдауға бағытталған заңнама. – Жол сапасы да еліміздегі өзекті мәселенің бірі ғой. Сіздің бұл бағыттағы жұмыстарға көңіліңіз тола ма? – Жерінің аумағы алып, халқының саны аз елімізде жол мәселесі қашан да өзекті. Осынау алып территорияны байланыстыру, байланыстырып қана қоймай инфраструктураны тиісті деңгейде ұстап тұру өте қиын шаруа. Бәрімізге белгілі, Елбасының бастамасымен «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 2015-2020 жылдары республикалық маңызға ие 13 мың, жергілікті мәнге ие 15 мың авто салынған және жөндеуден өткен еді. Міне, осы бағдарламаның заңды жалғасы ретінде автомобиль жолдарын дамыту жұмысы жалғасуда. Әсіресе, алдағы уақытта облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды дамыту – басты мақсат. Бұл үшін бюджеттен 1 триллион теңге бөлінбек. Бұл мәселе Мемлекет басшысының да жіті бақылауында. Біз бұл жерде сапаға мән беруіміз керек және бұл мәселені депутаттық корпус үнемі назарда ұстауы қажет деп ойлаймын. Себебі бүгінде жол салу не жөндеу үшін ең төмен баға ұсынған компания сатып алуды жеңіп алады. Бұл сапаның төмендеуіне әкеп соқтырады. Сондықтан бұл мәселеде біз компаниялардың тәжірибесіне және олардың жаңа технологияларды пайдалануына баса мән беруіміз керек. – Енді жастар мәселесіне ойыссақ, оларға қаншалықты деңгейде жағдай жасалған деп ойлайсыз? – «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында бұл мәселе қаралған. Қазір елімізде 29 жасқа дейінгі 3,8 миллион жас бар. Олардың жартысынан көбі жұмыспен қамтылған. Ал олардың ең өзекті мәселесі – тұрғын үй. Бұл күрделі мәселеге кешенді көзқарас керек. Партиямыздың Жол картасына сәйкес, алдымызға 15 мың жас азаматты жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету жоспарын қойып отырмыз. Сонымен қатар қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін «Алматы жастары», Elorda jastary сынды бағдарламалар лайықты жалғасуы тиіс. Осы жылдың соңына дейін мұндай бағдарламалар тағы үш өңірде әзірленбек. Міне, біз осы жұмыстардың орындалуын бақылауда ұстайтын боламыз. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕН