Сармат жауынгерлерін тапты
Сармат жауынгерлерін тапты
312
оқылды

Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат алған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологиялық экспедициясы сармат жауынгерлерінің сүйегін тапты.

Археологиялық экспедиция Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылдық округінің аумағында орналасқан темір дәуіріне жата­тын қорғандарды зерттеуде ол­жалы оралды. «Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің арнайы лицензия­сымен біздің университеттегі Х.Табылдиев  атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы ғылыми-зерттеу институты қазба жұмыс­тарын жүргізуді бастап кетті. Құрамында  3 ғылыми жетекші мен 20 студент бар экспедиция  Мұ­қыр ауылдық округіне қарас­ты Қарақұдық  участогіндегі қорғандарға қазба жұмысын жүргізді. Қазба жұмысы кезінде тарихи жәдігердің үстінен түстік.  Мұнда  сармат дәуіріне жататын жауынгерлердің сүйегі табыл­ды», – дейді аталған ғылыми зерттеу институтының дирек­торы, тарих ғылымдарының докторы Сайфолла Сапанов. Бір қорғаннан үш жауын­гердің бірінің тұсына қару-жарақтары мен 2 мың жыл бұ­рынғы құмыра  табылған. Қор­ғанда найза, белдікте пышақ, бір қорап жебе болған. «Археологиялық экс­педицияның бірінші кезеңінде бір қорғаннан осындай жәді­герлерді таптық. Бір қорғанда 3 адамның жерленуі архе­ологияда сирек кездеседі. Мұны біз сар­мат дәуіріндегі жауын­герлер деген тұжырымға келдік. Бір жауынгердің оң қолының білек­тен кесілгеніне қарағанда, со­ғыста қаза табуы мүмкін. Сол себепті енді жауынгерлердің сүйегіне антропологиялық зерттеу жүргізіледі», – дейді  археологиялық экспедиция жетекшісі С.Сапанов.  Айтар­лығы археологиялық экспе­диция­ның екінші кезеңіне архе­ологтер тартылмақ. Соның бірі  Б.Городивиков атындағы Қал­мақ мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдары­ның докторы Петр Кольцов экспедиция құрамына қосылып, қорғаннан табылған сармат дә­уірін­дегі  жауынгерлердің сүйе­гіне, өзге жәдігерлерге ғылыми-зерттеу, талдау жүргізеді.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы