Аршалыда 22 үй жарықсыз отыр
Аршалыда 22 үй жарықсыз отыр
160
оқылды

Елорданың дәл іргесіндегі Аршалы кентінде ПЛ-14 №3 жатақханада тұратын 22 бір­дей отбасы мүлде жарықсыз қал­ды. Осы уақытқа дейін бірде кесіліп, кейін қайта қосылатын электр энергиясы бүгін түбінен қиылған.

Электр энергиясы осы уақытқа дейін Аршалы агротехникалық колледжінен беріліп келіпті. Бірақ күні бүгінге дейін ешқандай мем­лекеттік, яғни жекеменшік меке­менің теңгеріміне кірмеген, еш­қайда заңды түрде тіркелмеген  жа­тақхана шынымен «иесіз» қал­ған. Жарықтан айырылып, зар жылаған тұрғындар редакцияға шағымданып, мән-жайды бастан-аяқ баян етті. Мәселені зерттей келе сонау 2000 жылдарда болған салдыр-салақтықтың салдары екені анық аңғарылды. Тұрғындардың айтуынша, жұрт арасында «Жасыл жатақхана» атанып кеткен бұл үйдің кілтін сонау 2007 жылы сол кездері аудан әкімі болып тұрған Әлиев сән-салтанатымен тапсырған. Бірақ тұрғындардың қолына ешқандай заңды құжат та берілмепті. Сон­дай-ақ үйдің басқа да мәселелері жетерлік болып шықты.

«Елес үйде» тұрып жатыр

«Бізбен ешкімнің жұмысы жоқ. Өз «қотырымызды» өзіміз қасып келеміз. Жаңа ғана аудан әкімінің орынбасары Азамат Әміржановтың қабылдауында үш сағат, аудан прокурорына кіріп біршама уақыт отырып келдік. Бірақ біздің мәселеміздің шеші­летін түрі жоқ. 2007 жылдан бері осында тұрамын. Жарық бірде бар, бірде жоқ. Жатақханаға осы уақытқа дейін агротехникалық колледждің КТП-сы арқылы жарық беріліп келді. Сым көрші үй арқылы заңсыз түрде бізге тартылған. Ал біз заңды тұлға ре­тінде қымбат бағамен төлеп ке­леміз. Жарық үшін – 26 теңге, су үшін 160 теңгеден төлейміз. Ай сайын кемінде 10-12 мың тең­геге дейін шығады. Ал енді ол да жоқ. Колледж біз заң жүзінде жарықты енді бере алмаймыз деп әкімдікке хат жазып, мүлде ағы­тып тастады. Барар жер, басар тауымыз болма­ған соң амалсыз тұрып жатырмыз. Өз күшімізбен жөндеуді де жа­сай­мыз. Бұл өте сұмдық жағдай болды. Қай­терімізді білмей дал болдық», – дейді Аршалы кентінің тұрғыны Гүлнар Бургегулова. Тұрғындар мәселесін жергілікті билікке талай айтқан. Ал әкімдіктің айтқан мәселені шешеміз деп келе жатқанына да екі жылдан астам уақыттың жүзі болыпты. Осы уақытқа дейін жарықпен қамтыған колледж де  мұның заңсыздығын айтып, тұрғындарды бұдан әрі жарықпен қамти алмайтындарын ашық білдірген. Жарықтан бөлек, үйдің басқа да өткір мәселелері жетерлік болып шықты. Әсіресе, тұрғындарды қинай­тыны тұрғын үй ғимараты жертөлесінің нәжіске батқаны болып отыр. «Біздің  үй ешкімнің иелігінде емес. Колледж басшылығы аудан әкімдігіне ескертпе хатын жазып, олардан еш жауап болмаған соң бізді жарықтан мүлде ажыратты. Аудан әкімінің орынбасары мәселені шешудің екі жолын айтты. Бірі – біздің ғимарат тұрған жер учаскесі жергілікті коммуналдық шаруашылық «Аршалы Су Арнасының» теңгерімінде екен. Соған учаскеге құрылыс саламын деп құжат жасап, оны бекітіп алу. Екіншісі – заң жүзінде бір мекеменің теңгеріміне беру. Бірақ теңгерімнің кімде екенін қазір тап басып ешкім айта алмай отыр. Яғни, біздің үй ауада «елес үй» күйінде тұр. Мұнда қаншама көпбалалы, мүгедек, жетім-жесір адамдар тұрып жатыр. Ал билік мәселені қалай шешетінін әлі білмейді. Жарықтан бөлек, күнделікті дәретіміздің бәрі жертөлеге тікелей құйылып жатыр. Оны осы уақытқа дейін ешкім тазалаған емес. Бір күні құлап қала ма деп те қауіптенеміз», – дейді Марина Викторовна есімді жатақхана тұрғыны. Біз жағдайды алдымен Аршалы кентінің әкімінен білмек болдық. Оның айтуынша, жатақхана әкімдіктің тең­герімінде мүлде болмаған. Сондай-ақ әкім колледжге тұрғындардың жарық үшін қарызы да қомақты болып қалғанын атап өтті. «Жатақхана ғимараты әкім­діктің теңгерімінде жоқ. Мен форма-2 алып тексеріп те көрдім. Ғимарат тең­герімде жоқ. Ал тұрғындардың 450 мың теңгеге дейін қарыз екен. Ал менің бұл үйге еш қатысым жоқ? Бұл мәселені аудан әкімдігі тиісті шаралар қабылдап, реттеуі тиіс деп есептеймін. Иә 2006 жылы бұл үй колледжден Аршалы кентінің әкім­дігіне тапсырылған. Бірақ заң жүзінде тіркелмеген. Қазір ешкімнің теңгерімінде жоқ. Бұл сол кезде болған салдыр-салақ­тықтың салдары. Колледж де оған жарық беруге құқы жоқ. Ал жарықтың құнына заңды тұлға ретінде төлеуіне келсек, менің өзімде жарыққа 26 теңгеден заңды тұлға ретінде төлеп жатырмын», – дейді Аршалы кентінің әкімі Ғабдолла Қаржаубайұлы.

Жатақхана кімнің теңгерімінде?

Біз жағдайдың анық-қанығын кол­ледж директорынан білмек болдық. Колледж директоры Аршалы кентінің айтқан уәжін мүлдем жоққа шығарды. Оның айтуынша, тұрғындардың да, колледждің де жарық үшін ешқандай қарызы жоқ. Колледж директоры адами фактор болғандықтан, осы уақытқа дейін жатақхананы жарықпен қамтығанын атап өтті. Бірақ бұдан әрі жалғастыра алмайтынын аудан әкімдігіне де, тұрғын­дарға да талай мәрте түсіндіріп хат жаз­ған. Аршалы «Әрине, жатақханада көп адамдар тұрып жатыр. Бірақ колледждің тең­герімінде жоқ бұл жатақханаға мен қалай жарықты бере аламын? Мұнда осыдан 1,5 жыл бұрын келдім. Оған дейін жарықтың қалай берілгенінен хабарым жоқ. Ал мен келгелі жарық колледждің КПП-сі арқы­лы беріліп келеді. Бұрынғы аудан әкімі Талғат Мұхамеджановқа да, қазіргі Айдар Баймановқа, аудан әкімінің орынбасары Азамат Әміржановқа да жағдайды түсіндірдім. Олар былтыр шешеміз деп уәде берген. Мәселені шешу үшін аудан әкімдігіне бірнеше мәрте хат жазып, мә­селе көтердім. Соңғы рет 29 мамырда жатақхана ғимаратын электр энергия­сынан ажырататынымызды айтып хат жаздым. Еш жауап болмады. Содан ағытуыма тура келді. Бұл жерде, расында да мемлекеттік мекеме болғандықтан, ғимаратты жарықпен қамтуға болмайды. Мекеме сонау 2006 жылы колледждің тең­герімінен Аршалы кентінің әкімдігінің теңгеріміне қабылдау-тапсыру актісі арқылы тапсырылған. Бірақ заң жүзінде Әділет басқармасында тіркеуден өтпеген. Менде бұл құжаттардың бәрі бар. Құжат­тардың бәрі негізінен Аршалы ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азамат Таласбаевтың сейфінде деп естідім. Ал кент әкімімен соңғы алты айдан бері кездескен де емеспін. Тұрғындардың бізге ешқандай да қарызы жоқ. Мен жиналыста тек қаңтар айынан мамырдың соңына дейін жатақхана тұрғындарының 450 мың теңге жарық тұтынғанын айтқанмын», – дейді Аршалы агротехникалық колледжінің директоры Татьяна Анатольевна. Мәселені одан әрі аудан әкімінен сұрап білмек болдық. Сұрақтарымызға аудан әкімінің орынбасары Азамат Әміржанов жауап берді.

Сот арқылы шешеміз...

«Жатақхананың іргесі сонау 1976 жылы қаланыпты. Ескі ғимарат. 2006 жылы колледжбен Аршалы кентінің теңгеріміне тапсырылған. Бірақ сол кездегі қызметкерлердің салдыр-салақтығымен Әділет басқармасында тіркеуден өтпеген. Ғимарат еш жерде тіркелмеген. Бірақ жер учаскесі «Аршалы Су Арнасы» коммуналдық шаруа­шылығының теңгерімінде болып шықты. Енді бізге заңды түрде тіркеу мәселесін шешу қажет. Мәселені енді тек сот арқылы  реттеуге болады деп ойлай­мын. Ал кәріз мәселесін сізден алғаш рет естіп отырмын. Мұның бәрін шешу үшін алдымен жатақхана ғима­ратының иесін анықтау қажет. Ал бұл түпсіз тұңғиықтағы түйіні тарқатылмаған күрделі жағдай болып тұр», – дейді Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Азамат Әміржанов. Мәселені одан әрі түйіннің бір ұшы жатуы мүмкін «Аршалы Су Арнасы» ком­муналдық кәсіпорнынан білуді жөн көр­дік. Өйткені әкімдік жер учаскесінің осы кәсіпорынның теңгерімінде екенін ата­ған. Тұрғындардың өздеріне қарызы қалың екенін коммуналдық шаруашылық кәсіпорны да атап өтті. «Иә, жатақхана тұрған жер учаскесі форма-2 бойынша біздің кәсіпорынның теңгерімінен шықты. Мұны енді жер қатынастары бөлімінен тексеріп, оның қазандық па, әлде басқа жер ме екенін анықтамақпын. Бұл үйдің тұрғындарының қарызы бізге шаш етектен. Қазірдің өзінде жылу, су, қоқысқа жиналған қарыздары 811 мың теңгеге жетіп жығылды. Ал біздің кәсіпорынның өзінің 65 миллион теңгеден астам қарызы бар. Сондықтан мен ешқандай тұрғын үйді оның үстіне бұл ескі ғимаратты өзімнің теңгеріміме ала алмаймын. Аудан әкімдігі бар. Өздері реттеп мәселені шешуі тиіс деп ойлаймын», – дейді «Аршалы Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнының басшысы Григорий Кутлубаев.

P.S.

Бет қатталып жатқанда колледж директоры хабарласып, аудан әкімдігінің өтінішімен жарықтың жаңа ғана қосылғанын айтты. Бүгін таңертең әкімдікте жиын өтіп, онда жергілікті билік қанша уақытта жатақхана теңгерімін шешетіні жөнінде колледж басшылығына құжат бермек...

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы