Таулы Қарабақтағы миналар: саясатқа ықпал еткен «мұра»
Таулы Қарабақтағы миналар: саясатқа ықпал еткен «мұра»
494
оқылды

Кез келген соғыстың зардабы ұзақ жылдарға созылатыны бар. Соғыстың сондай зардабын Армения мен Әзербайжан тартып келеді. Армяндар әлеуметтік-экономикалық күйзеліске ұшыраса, аумақтық тұтастығын қалпына келтірген Әзербайжан елінің халқы үшін Таулы Қарабақ әлі де болса қауіпті. Ендігі қауіп тасадан оқ ататын қарулы топтар емес, отыз жылға созылған соғыстан қалған миналар.

Бейбіт тұрғындар мина жарылысынан зардап шегіп жатыр

Өткен аптада Таулы Қара­бақтың Кельбеджар ауданында Әзербайжан журналистері мін­ген көлік танкке қарсы қол­да­нылатын минаны басып кетіп, екі тілші қаза тапты. Біреуі АЗЕРТАДЖ агенттігінің қыз­меткері Магеррам Ибрагимов болса, екіншісі AzTV арнасының операторы Сирадж Абышов. Олардан бөлек, Ариф Арифов деген азамат та қаза тап­ты. Ал бұлар Таулы Қарабақта мина жарылысынан қаза тапқан ал­ғашқы бейбіт қызметкерлер емес, соңғылары да бола қоюы неғайбіл. Өйткені Таулы Қарабақ пен оның сыртын қоршап жатқан аудандар тура мағы­на­сында «алып мина алаңдары». Негізі Таулы Қарабақ пен оның ай­наласындағы 7 ауданның жеріне мина төсеу ісін екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Ал­ғашқысы 1993 жылға дейінгі со­ғыс кезінде төселді. Ол кезде Әзер­­байжанның да, Арменияның да қарулы жа­сақтар қарс­ы­лас­тарын бөгеу үшін түрлі алаң­дарға мина төсеген. Кейін Таулы Қара­бақты және оған іргелес 7 ау­данды армяндар толық басып алған соң мина алаңы «қауіп­сіздік бел­деуіне» бағыт­талды. Яғни, Әзер­байжанмен ара­дағы майдан шептерінің ара­сына, Таулы Қарабаққа Баку күштерінің тіке­лей шабуыл жасауына мүм­кіндік бер­меуі тиіс деп есептелген ау­дан­дарға мина төселді. Әрі Таулы Қар­а­бақтағы сепаратистер үш желіден құралған қорғаныс жүйе­сін құрған болатын. Алайда Әзер­байжан журналистері мінген көлікті жарып жіберген мина 2020 жылдың күзінде тө­селгенге ұқ­сайды. Өйт­кені Кель­беджар және Лачин аудан­дары Армения мен Таулы қарабақты жалғастырушы дәліз саналатын. Ірі жолдар да сонда еді. Ол жерге мина төсеу 2020 жылдың күзіне дейін қи­сынсыз болар еді. Ал былтыр күзде шегініп бара жат­қан армян қарулы топтары Әзер­байжан әскерлерін бөгеу үшін сол аймаққа мина төсеуі мүмкін. Де­мек, Таулы Қарабақ айма­ғын­дағы алаңдарды миналаудың үшінші кезеңі ретінде 2020 жыл­дың 27 қыркүйегі мен 10 қара­шасын атауға болады. Кейбір дерек көздері өңірде 15 мың гектар аумаққа кемі 50 мың жаяу әскерге қарсы қолда­нылатын мина төселгенін жазады. 2003 жы­лы. Одан бөлек, танкке қарсы қойылған миналар тағы бар. Бірақ ешкім аймақтағы мина алаң­да­рының нақты көлемін, тө­селген миналардың санын біл­мейді. Де­генмен былтырғы жел­тоқсан мен биылғы наурыз ара­лығында тек ресейлік сапер­лардың өзі Таулы Қарабақта 17 мың­нан астам жа­­рылғыш затты жойғаны жайлы мәлімет тарады. Демек, 2003 жыл­дан бері мина алаңдары да, жолдар мен соқ­пақтарға төселген жарыл­ғыштар саны да бірнеше есе артқан болуы мүмкін. Таулы Қарабақ Сонымен бірге, мина жары­лысынан зардап шеккен азаматтар жайлы да статистика жоқ. Әрі ми­на жарылысынан зардап шегіп жатқандар былтырдан бері көбіне әзербайжандықтар болса, одан бұрын Таулы Қарабақты мекен­деген армяндар еді. Тек 1993-2003 жылдар аралығында Таулы Қара­бақта 1 000-нан астам бейбіт тұр­ғын минадан зардап шеккен. Кейін бұл статистика толық­ты­­рылған жоқ. Ал былтырдан бері аймақты сырттай қоршап жатқан 7 ауданның жерінде мина жа­ры­лысынан зардап шегушілер кө­бейді. Тіпті, олардың арасында ресейлік бітімгерлік күштердің офицері де бар. Өңірде екі күннің бірінде мина құрылған алаңдарда саперлар залал­сыз­дандыратын снарядтар мен ми­налардың, тұр­ғындар мен олардың малдары басып кеткендіктен «соғыс мұ­расы» жарылып жатады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 2021 жылдың қаңтары мен сәуірі ара­лығында аймақта кемі 22 адам мина жарылысынан қаза тауып, 100-ден астамы жараланған.

Бар-жоғы белгісіз «мина картасы»

Негізі, Таулы Қарабақ пен оған іргелес жатқан 7 аудандағы мина алаңдарын тазалауға кемі 15 жыл кетуі мүмкін. Мұны Қарабақты минадан тазалаудың гумани­тар­лық орталығының директоры Савел Месрпян айтқан. Ал Әзер­байжан Милли Меджлисінің депутаты Руфат Гулиев саперлар мина ал­қаптарын 5-7 жылдың ішінде та­залайтынына сеніп отыр. Оның өзінде мина алаңдарының картасы болмаған жағдайда. Ал қолға мина алаңдарының картасы түсер болса процес одан да жыл­дам болуы мүмкін. Алайда Таулы Қарабақ пен іргелес аудандарда жарылғыш заттардың сан түрі бар. Мина, гра­ната, артиллериялық снаряд, фугас бомбалары, қолдан жасалған жарылғыштар дейсіз бе, толып жатыр. Оның үстіне, отыз жылға созылған кикілжің кезінде ешкімге есеп берместен, төңірекке мина төсеп тастаған қарулы топ­тар да аз болмаған. Демек, бұл – өте қауіпті жағдай. Ал ресми Баку болса таяу жылдарда аймақ мина мен өзге жарылғыштардан толық тазар­ғанын қалайды. Егер аймақ шынымен қауіпсіз өңірге айналса, инвестиция тарту да жеңілдер еді. Аймақта кен өн­діру, жол, темір жол, әуежай салу, қираған елдімекендерді қал­пына келтіру тәрізді сансыз жұ­мыс тұр. Өңірді қалпына кел­тіруге ин­вестиция тартыла қалса Баку «бір оқпен бірнеше қоян атар» еді. Алдымен жаңа жұмыс орындары ашылады, екіншіден азат етілген аймақтарға халық қоныстанып, оның қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік туады. Үшіншіден, ай­мақты дамыту арқылы Таулы Қа­рабақтан босып кеткен аза­мат­тардың қайта оралуын же­дел­детеді. Тіпті, бұл мақсатқа жету үшін әзербайжан ұлтының өкіл­дерін ғана емес, аймаққа қайта оралғысы келетін армяндарды пайдаланудан да тартынбайды. Оның үстіне, құйылатын қаржы тағы бар. Сон­дықтан Баку өңірді минадан тез тазалағысы келіп отыр. Бірақ әзірге Әзербайжанның қолында мина алаңдарының кар­тасы жоқ. Бәлкім содан да шығар, Әзер­байжан жағы Арме­нияны картаны бермей жатыр деп жиі айыптайды. Армения билігі қарсы уәж айтпай отыр. Бірақ мина алаңдарының картасын ұсына алған жоқ. Шамасы армян әс­керилерінің өзінде нақты карта жоқ сияқты. Оның армян жур­налисі Юрий Манвелян да атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, Ар­менияның саяси басшылары мен әскерилер қандай да бір бі­тімге келе алмаған сияқты. Сон­дықтан олар өз беттерінше әрекет етіп жатыр. Ресми Ереван мина алаң­дары картасын ұсынып, әлем­дік қауымдастықтың алдында бедел жинап алайын десе, әске­рилер карталарды Премьерге бермейді. Ал біздің пайым­дауы­мызша, армян әскерилерінің өзін­­­­­де мина алаң­дарының карта­лары жоқ тәрізді. Сондықтан ұсына алмай отыр. Егер «бізде мина алаң­да­рының кар­талары жоқ» деп ресми мә­лімдейтін болса, Таулы Қара­бақта әрекет еткен қарулы жа­сақтарды ха­лықаралық ұйым­дар терро­ристік топтар тізіміне қо­суға талпынуы мүмкін. Мұндай жағ­дайда армян лоббиінің де мүмкіндігі әлсірейді. Өйткені әдетте мина алаңдарының кар­таларын террористер ғана бер­мейді. Тіпті, олар мина алаң­дарының картасын жасап әуре де болмайды. Айтпақшы, Таулы Қарабақта 20 жылдан астам миналар мен жа­рылғыш заттарды залалсыз­дан­дырып келе жатқан британдық HALO Trust гуманитарлық ұйы­мын армяндар Түркияға мина кар­таларын берді деп айыптады. Ұйым Таулы Қарабақтағы мина алаң­дарының картасын түріктерге бергендіктен былтырғы соғыста әзербайжан әскерлері мина алаң­дарынан қиналмай өтіпті-мыс. Алайда ұйым бұл айыпты жоққа шығарды. Қыста армяндар мина алаңдарының картасы ресейлік әскерилердің қолына түскені жай­лы қауесет таратқан. Себебі орыс саперлары бірнеше күнде 200 гек­тар алаңды тазалапты. «Кар­тасыз олай болуы мүмкін емес» дескен. Бірақ сарапшылар әзірге ешкімнің қолында мина алаң­дарының картасы жоқ екенін айтады. Ол әзірге тек бопсалау мен қар­сы­ластың беделін түсі­ретін құ­рал болуға ғана жарап тұр.

АмангелдіАмангелді ҚҰРМЕТ