Жетісуды қоқыстан кім тазартады?
Жетісуды қоқыстан кім тазартады?
335
оқылды

Осыдан он шақты жыл бұрын прокуратураның деректеріне сүйеніп, Алматы облысының аумағында орналасқан заңды, заңсыз қоқыс полигондары туралы проблемалық мақала жазып, дабыл қаққан едік. Сол жазбада өңірдегі  тұрмыстық  қатты қалдықтардың көлемі 9 миллион тоннадан асып жығылатыны, тек  Алматы қаласының өзінен облыс аумағына ай сайын миллион тоннаға жуық  қоқыс  шығарылатыны, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жұмыстары дұрыс жолға қойылмағанын  қозғаған болатын.

Қоқыс полигондарын қайта құрылым­дау, жабдықтауға бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалғаны жайлы да айтылған еді. Содан бері жылдар өтсе де, облыстағы тұрмыстық қатты қалдықтар проблемасы әлі дұрыс шешілмепті. Оған облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысумен өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңес бюро­сының отырысында келтірілген, өңірде қатты қалдықтардың көлемі 9 миллион тоннаға жеткені туралы айтылған дерек дәлел бола алады. Он жылға жуық кезеңде қоқыстардың көлемі азаймауы тұрмыстық қатты қалдықтармен жұмыстың әлі ақсап жатқанын аңғартады. Бұл жолғы отырыста облысымыздың  экономикасын, экологиясын, білімі мен мәдениетін, спорты мен туризмін өркен­детуге қозғау салатын қоғамдық кеңестер құру қаралды.  Әсіресе, қоршаған ортаны қор­ғау, асқынып тұрған экологиялық мәсе­ле­лерді шешу мақсатында атқарылатын жұ­мыстардың тиімділігіне  ықпал етуге тиісті экологиялық кеңес құруға баса назар аударылды. Жаңадан құрылған кеңестің басты міндеті – өңіріміздегі экологиялық жағдайды жақсарту, қоқыс полигондарының жағдайын бақылау, аудан, қалалардың экологиялық бағыттағы  жұмыстарына бақылау  жүргізіп, мәселелер бойынша жауапты тұлғаларды тыңдап, кемшіліктер анықталған жағдайда партия мүшелеріне партиялық жаза қолдану бойынша ұсыныс беру. Кеңес ережесіне сәйкес, отырыс әр тоқсанда  бір рет ұйымдастырылады. Керек жағдайда кезектен тыс отырыстар ұйымдас­тыру да қарастырылған. Кеңес мүшелері облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы­ның төрағасы Амандық Ғаббас­ұлы­мен келісіліп, бекітілді. Кеңестің тізгіні облыстық мәслихат депутаты Мұрат Әубәкіровке тапсырылды.  Облыстық мәслихаттың экология мәселе­лері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мұрат Амангелдіұлы – мәслихат сессияларының отырыстарында  қоқыс­танып кеткен жерлерді кәдеге жарату мәсе­ле­сін ұдайы көтеретін белсенділігімен ерек­­шеленетін депутат. Жеміс-жидек шаруа­­шылығымен айналысатын «Жаркент-фрукт» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің басшысы. Кеңестің алғашқы оты­рысын­да кеңес мүшелері таныстырылып, алдағы жұмыс жоспары пысықталды. Жетісу өңірінің бүгінгі жағдайы «жер жәннаты» деген атауына сәйкес болмай тұр. Экологиялық жағдайы мәз емес. Бұған дұрыс пайдаланбағандықтан,  жердің тозуы, күннің күрт жылынуы, мұздықтардың еруі де кері әсерін тигізіп отырғаны анық.  Сондай-ақ, өңіріміздегі тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі алға жылжыған жыл­дар­мен бірге өзектене түсуде. Қазір  облыс­тағы жинақталған қалдық көлемі 9 млн тоннаға жеткенін жоғарыда айттық. Бұдан шығатын түйін – өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау  мен қайта өңдеудің әлі дұрыс жолға қойылмағаны. Былтыр  Қарасай ауданындағы полигон өртенгенде маңайындағы ауылдардың тұрғындары бірнеше күн бойы тыныс ала алмай, қиналды. Мұндай жағдайлар жиі тіркеліп тұрады. Халқының саны 200 мыңға да жетпейтін Талдықорған қаласының қоқыс полигоны да айналасын ластауда. Желді күндері осы жерден ұшатын целофан қалталар мен қағаз, пластик қалдықтары Талдықорған – Үштөбе жолының қос қапталын «мақталы» алқапқа айналдырады. Осы тектес проблемалар облыстың әрбір ірі елді мекеніне тән. Сондықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды қажетке жарату ісіне мықтап назар аударатын кез келді.  Дамыған мемлекеттер сияқты қоқысты керекке жаратып, одан тірлігімізге қажетті  заттарды өндіретін жағдайға жету үшін жұрт болып жұмылған жөн. Әзірге бұл бағыттағы нақты істермен мақтана алмаймыз. Жаңа­дан құрылған экологиялық кеңеске осы тұр­ғыда үлкен үміт артылып отыр.  Алғашқы отырыста облыстық экологиялық кеңес мү­ше­лері онлайн режимде аудан, қаладан қосылған әріптестерінің де маңызды іске бел­сене араласатынына сенім білдірді.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы