«Өліге тыныштық берсін» – Қасым ханның қабірін іздегендер өзге қабірлерді рұқсатсыз қазып тастаған
«Өліге тыныштық берсін» – Қасым ханның қабірін іздегендер өзге қабірлерді рұқсатсыз қазып тастаған
310
оқылды

Тарихшылар талай жылдан бері Махамбет ауданындағы Сарайшық қаласында хандардың сүйегін іздеп жатыр. Былтыр Қасым ханның моласын жобалап тауып, биыл қазба жұмысы басталды. Бірақ ханның сүйегін іздегендер «кедергі келтірді» деп іргеде жатқан молаларды көшіруге кіріскен. Ал бұған ауыл тұрғындары түбегейлі қарсы, – дейді «Информбюро» бағдарламасы арқылы араша сұраған тұрғындар.

Тарихшылардың болжамынша, Сарайшық қаласында хандар жерленген. Алтын Орда мен Ноғай ордасынан кейін қазақ хандығының астанасы болған жер. Бұл елдімекенде жеті ханға ескерткіш те орнатылған. Солардың бірі Қасым хан дәл осы іргеде жерленген деп археологтар, этнограф ғалымдар зерттеу жұмысын бастаған еді. Алайда зерттеу жұмыстарына маңындағы өзге молалар кедергі келтіріпті. Сондықтан зираттарды көшіре бастаған.   https://youtu.be/gmWltTIcN24   Бірақ бұған Сарайшық халқы қарсы. Себебі, өлі аруақтарды қорлау деп санайды. «Бейіттерді қазып, сүйектерді басқа жаққа көшіргендер дәл осы зираттарда жерленген адамдардың ұрпақтарына, туыс-туғанына ескертіп жатқан жоқ» деп ашуланып отыр.

«Халықтың рұқсатын алған жоқ. Жаңағы жерді жинасын. Орыстың мәйітін көшірді. Оларда гробқа салған әйтеуір, сүйегі жинақы жатады ғой. Ал мыналар сүйекті жинап-жинап апарып, ол түгел ме, түгел емес пе? Кімге біз дұға етеміз. Сол көкірегімізде, сосын жалпы, тыныштық керек. Мынау үш ғасырдың адамдары», – дейді ауыл тұрғыны Хатия Хайруллина.

«Өлген кісіге біз тыныштық сұрап жатырмыз. Біз біледі деп жатыр ғой. Білмейді ешкім бұл жерде. Қазып жатқанда ғана білдік. Тек қана жеті мәйіт аламыз деді. Артық мәйіт алмаймыз деді. Олар алды, одан кейін 11 ма, 12 ма, мәйітті тағы жерлеп тастады. Тұрғындар құлпытастардың зират ішінде шашылып жатқанына наразы», – дейді ауыл тұрғыны Алтай Құспанғалиев. Қорым ішінде көне моланың қоршаулары, бейіттің басындағы белгілерімен бірге құлпытастар да жатыр. Тіпті, әр жерде сүйектер де шашылып жатыр.

«Құлап жатқан құлпытастар тіп-тікесінен тұрды. Кеше өзім келіп шок болдым. Бәрін нөмірлеп, құлатып тастаған. Ертең Ақтау, Астана жан-жаққа көшіп кеткен балалары, немере-шөберелері іздеп келсе, қайдан табады?» – дейді ауыл тұрғыны Ғалымғали Қойшығалиев.

Қазылған моланың топырағын қорымның іргесіне төгіп жатыр екен. Оның арасында адам сүйектері бар дейді тұрғындар. Алайда қазба жұмысын жүргізіп жатқан археологиялық топ халықтан рұқсаты алынды, іздегеніміз де табылды. Енді осы жерді ғана зерттейміз дейді.

Сарайшық тұрғындары үш ғасырдан бері өмір сүрген ата-бабаларымыз жатқан бұл қорым әбден аяқ асты болды дейді. Сондықтан өлі әруақты қозғамай, қорымды қоршасын деп талап етіп отыр.