"Бұл – өте маңызды мәселе": Аймағамбетов жаңа бұйрыққа қол қояды
"Бұл – өте маңызды мәселе": Аймағамбетов жаңа бұйрыққа қол қояды
167
оқылды
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа бұйрыққа қол қояды. Соның негізінде мұғалімдер жұмысқа конкурспен қабылданатын болады.
"Енді, шындықты бәріміз білеміз. Өмірде қандай жағдайлар болып жатқанын да көріп жүрміз. Сондықтан ондай мәселелердің, бұндай тәуекелдердің бар екенін мойындауымыз қажет. Біз оны білеміз. Білгеннен кейін арнайы нормаға бастамашы болып, оны заңнамаға енгіздік", - деді Аймағамбетов Antikornews студиясында.
Министрдің айтуынша, бұрын мектеп директоры мұғалімді жұмысқа қабылдағанда жеке өзі шешім қабылдайтын. Ал адам өзі шешім қабылдағанда сыбайлас жемқорлық қаупі бар. Бұдан бөлек, нақты бір талаптар болмады. Енді мұғалімді жұмысқа алу мәселесін директор жеке өзі шеше алмайды. Бәрін конкурспен өткізеді.
"Мысалы, бір бос орын болса, оған алдымен жарнама жасап, хабарландыру беріледі. Нақты жалақысы, жұмыстың көлемі мен талаптары да көрсетіледі. Ал үміткерлер конкурсқа өз құжаттарын тапсырады. Әрине, ашықтықты қамтамасыз ету үшін біз осы жұмыстың бәрін электронды форматқа ауыстыруымыз қажет", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.
Конкурс кезінде комиссия үміткерлердің кандидатурасын қарап, кәсіби маманды таңдайтын болады. Соның нәтижесінде мектепке білікті мұғалімдер келеді.
"Бүгінде осы норма білім туралы заңға енді. Оны іске асыру үшін министрліктің тиісті бұйрығын дайындап жатырмыз. Мен бір-екі жұманың ішінде осы бұйрыққа өзім қол қоямын. Содан бастап жаңа норма іске асады. Бұл – өте маңызды мәселе", - деді министр.