Алматыда үш жасар қыз көшеде адасып кеткен жерінен табылды, деп хабарлайды қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметі.
8 маусым күні Түрксіб аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғындардан қоңырау келіп түскен.
Сейфуллин даңғылына жетпей Палладин көшесінде 3 жасар қыз табылған. Қоңырау шалушылардың айтуынша, бала ересектердің қарауынсыз жүрген.
«Баланың және оның анасының жеке басы бірден анықталды. Ол сол уақытта жұмыста болған. Әйел қызын 10 жастағы үлкен ұлымен үйде қалдырғанын айтты. Ұлы ұйықтап жатқанда, бүлдіршін үйден шығып кетіп, жоғалып кеткен. 1994 жылы туған азаматпен алдағы уақытта мұндай фактілерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме өткізілді. Отбасы тұрғылықты жері бойынша тексерілді», – деді Түрксіб аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Еркін Амантаев.