Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
580
оқылды

Қазақстанда 1,5 млн-ға жуық бала 2047 аралас тілді мектепте білім алып жатыр. Білім саласы сарапшыларының пікірінше, ана тіліміздің  дамуына кедергі келтіріп тұрған бір тосқауыл – осы аралас мектеп­тер. Қоғамды алаңдатқан мәселені сарапшылар MEDIA CLUB QAZAQSTAN алаңында талқылады.

«Nur Otan» партиясының Білім мен ғылымды дамытудың республикалық қоғамдық кеңесінде депутат Динар Нөкетаева елімізде жаңадан ашылатын 800 мектепке қойылар басты талап қазақ тілінде білім беруі екенін атап өткен. Халық саны жыл санап артып жатқан елордамызда аралас тілді білім беретін мектептер көбейіп жатыр, өкініштісі, олардың саны қазақ тілді мектептерден көп. Білім басқармасының мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласында жалпы 91 мемлекеттік мектеп бар, оның  34-і қазақ мектебі, 8-і орыс мектебі, 49-ы аралас тілді. Эфир барысында модератор Ерболат Мұхамеджан Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысына аралас мектептер ашылатын кезде жергілікті тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама, зерттеудің нәтижесімен бөлісуін сұрады. Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының айтуынша, елордамыздың сол жағалауында орыс тілінде оқытатын мектептер аз, үш ауысымды мектептер көп. Сондықтан аралас мектеп салу бұл мәселені шешетінін айтады.

         «Қандай да бір істі бастамас бұрын анализ жасалуы керек. Ол жағынан келісемін, бұл бағытта жұмыс істейміз. Жергілікті тұрғындардан қажеттілігімізді ескермейсіздер деген шағымдар жиі түседі. Астанамыздың сол жағалауында орыс тілінде оқытатын мектептер саны аз болғандықтан, ата-аналар орыс тілді сыныптар ашуымызды сұрайды. Сұраныс бар, сондықтан аралас мектептер ашылуда. Барлық мектептер үшін қазақ тілінің білім бағдарламасын қайта қарастыратын боламыз»,-дейді Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының  басшысы Шәкәрім Сейсенбай.

Эфир барысында қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы аралас мектептерді ашқанша, қазақ тілді мектептердің санын арттыру керек екенін баса айтты. Тіл жанашыры Елбасы Н. Назарбаевтың 2006 Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясындағы жасаған баяндамасында: «Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқитындардың саны 63 пайызды құрайды. Біз 2020 жылға қарай барлық қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деген міндет қойып отырмыз», - деген сөзін алға тартты. Экс-депутат 2020 жыл өтіп кетсе де орыс сыныбында оқитын балалардың қазақ тілін білмейтінін айтып, қазіргі білім саласы басшыларына аралас мектептердегі идеология бөлек екенін атап өтті.