1996 жыл: тәуелсіздіктің бесжылдық белесі
1996 жыл: тәуелсіздіктің бесжылдық белесі
406
оқылды

Сыртқы саясаттағы ұстанымымыз айқын

1996 жылы еліміздің сыртқы саяси қатынастарға ерекше мән бергенін бай­қаймыз. Осынау аумалы-төкпелі заманда Қазақстанның өзіндік саяси ұстанымын қалыптастыру көкейкесті мәселенің біріне айналды. 19 ақпанда еліміздің Сыртқы істер министрінің бұйрығымен Сыртқы істер министрлігінің алқасы құрылды. Алқа министрлік жанындағы кеңестік орган қызметін атқарды. Ал 21 ақпанда Қазақстанға Ресейдің Сыртқы істер министрі Е.Примаков ресми іс­сапармен келді. Ол Мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен, сонымен қатар Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевпен кездесті. Кездесу кезінде екіжақты ынтымақтастық, татуластық, ТМД аясында интеграциялық үдерістер, басқа да халықаралық маңызды мәселелер талқыланды. Сыртқы саясатта ел қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, саяси және экономи­калық катынастарда аймақтық, субрегио­­налдық құрылымдарға ену, егемен елдің дамуына қажетті қолайлы ахуал қалып­тастыру мақсаты көзделді.

«Шанхай бестігі» құрылды

Сәуірдің 26 жұлдызында Президент Н.Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Осы сапарда Қазақстан, Қырғыз­стан, ҚХР, Ресей және Тәжікстан басшы­лары бірігіп, «Шанхай бестігі» халық­­аралық ұйымын құрды. Аталған мемлекеттер шекара айма­ғындағы әскери салаларда сенімділікті нығайту туралы келісімге (Шанхайлық ке­лісім) қол қойды. Біздің жас еліміз үшін бұл құжаттың маңызы орасан еді. Бұл жаңа саяси жағдайға байланысты Қазақ­стан мен Қытай арасындағы өзара сенім және ынтымақтастық принциптеріне құрылған қарым-қатынастың бастауы болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ол туралы: «Бұл бірлескен жұмыстар не­гізінде іске асырылған жобалар мен тауар айналымын ұлғайтудың нақты нәтиже­леріне айналуы керек. Ұйымның көлік-транзит әлеуетін іске асыру ынты­мақ­тастықтың перспективалық бағыты бол­мақ. Ол ШЫҰ аясында өзара тауар айналымын ұлғайтуға, біздің елдеріміздің нарығын біріктіруге, Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік жүк тасымалын кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді. Кейін осы ұйымға Өзбекстан кір­геннен бастап, ол Шанхай Ынты­мақ­тастық Ұйымы (ШЫҰ) деген атаумен тұрақты жұмыс істей бастады.

Жамбыл жылы және руханияттың жаңғыруы

Бұл жыл – жыр алыбы Жамбыл Жа­баевтың жылы деп белгіленді. Осыған бай­ланысты республика аумағында ақын­ға арналған түрлі іс-шара ұйым­дастырылды. Жамбылдың мерейтойына орай Алматыда өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Жә­кең сынды алыпты терең ұғыну үшін, өткен жылы ғана 150 жылдығы тойланып өткен халқымыздың кемеңгер ойшылы Абай дәуіріне тағы да көз салып, тіпті одан арғы замандарды да зерделеу қажет. Өйткені Абай жаңа қалып пен соны пішін, жаңа мазмұн мен ізденімпаз, өр­шіл рух арқылы қазақ жазба әдебиетінің негізін қаласа, Жамбыл сан ғасырлық суырыпсалма ақындық өнердің, жырау­лық дәстүрдің көшін осы заманға жет­кізген және небір тарихи өзгерістерді сол үрдістен алшақ кетпей-ақ жырлаған заң­ғар құбылыс екені мәлім. Олай болса, Жамбыл туралы айтылар сөз мәдени-рухани өміріміздің, саяси-әлеуметтік тарихымыздың ең бір көкейкесті арна­ларымен ұласып жатуы заңды»,– деді. Сонымен қатар 1996 жылы 3 сәуірде қазақ ұлтының азаматтары төл­құ­жаттарын тарихи дәстүрге сәйкес өз әкесінің, ата-бабасының аты-жөнімен жаздыруға мүм­кіндік алды. Ал шілде айында Қажы­мұқанның 125 жылдығына орай іс-шара ұйымдастырылды.

Атланта Олимпиадасының алғашқы «алтындары»

Бұл – Қазақстанның тәуелсіз мем­лекет ретінде дербес команда жасақтап қатысқан тұңғыш жазғы Олимпиадасы. Атлантада өнер көрсеткен 196 мемлекет­тің құрамалары арасында біздің еліміз жалпыкомандалық есепте 22-орынға көтерілді. Мұндай ірі әлемдік додаға бі­рінші рет қатысқан жас мемлекет үшін бұл үлкен табыс еді. Әсіресе, боксшы­ларымыз ерледі: Болат Жұмаділов күміс медальді қанжығасына байласа, Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрайымов қола медаль иеленді. Ал Василий Жиров алтыннан алқа тағып, ең үздік боксшыға берілетін Вал Баркер кубогына қол жет­кізді. Сондай-ақ бессайысшы Александр Парыгин, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко Олимпиа­даның алтын медалін иеленді.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салды

Осыдан тура 30 жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев өте маңызды тарихи құжат – Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Семей поли­го­­­нында 500-дей ядролық сынақ жүргі­­зіліп, соның салдарынан 1,5 млн адам зардап шеккен. Ал 1996 жылы 30 қыркүйекте Қа­­зақ­­стан ТМД елдері арасында алғашқы­­лар­дың бірі болып халықаралық қауіп­­сіздік пен ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына (ЯСЖТШ) қо­сылды. ЯСЖТШ-ның әмбебап мәртебесі бар: бүгінде шартқа 183 мемлекет қол қойған және 166 мемлекет ратификациялаған. Сондай-ақ ЯСЖТШ-ның Халықаралық мониторинг жүйесі (IMS) жасалды. Ал 2021 жылы Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (CЖТСҰ) дайындық комиссиясының жұмыс тобын басқарды. «Халықаралық қоғамдастық еліміздің жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайтуға қосқан үлесін мойын­дай отырып, Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының (ҰЯО) бас директоры Ерлан Батырбековты жұмыс тобының төрағасы етіп тағайындады. Бұл рәсім онлайн режимінде әлемнің 150-ден астам елдері өкілдерінің қатысуымен өтті» делінген Энергетика министрлігі жария­лаған хабарламада.

«Тәуелсіздік монументі» ашылды

16 желтоқсан күні Алматыдағы Рес­пуб­лика алаңында Тәуелсіздіктің бесжылдық мерейтойына орай «Тәуелсіз­дік монументі» бой көтерді. Ескерткіш авторлары: сәулетші Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі), мүсіншілер – Ә.Жұмабаев, Н.Далбай, сәулетшілер – Қ.Монтақаев, Қ.Жарылғапов, тағы басқалар. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Түркия президенті С. Демирель қатысты. Монументінің орта тұсында ұлттық на­қыш­пен өрілген текшелі діңгек орна­ласқан. Ескерткіштің биіктігі – 28 метр. Көкке шаншыла өрлеген орталық діңгек тасты ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ сияқты жұмырланып біткен және мұнда Елтаңба қашалып түсірілген. Ал монументтің заулау биігінде қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде сол қолында садақ, оң қолында қыран құс бейнеленген, белінде қанжары байланған және асынып алған қорамса толы алтынға малынған сауытбұзар жебелері бар ду­лығалы жас сарбаздың құрыштай бітім-тұлғасы сомдалған. Бұл – ХХ ғасырдағы ұлттық сәулет өнерінде ізін қалдырған мүсіндік және сәулетшілік шығарма­шылықтың үйлесімінен туған озық архитектор жәдігерлерінің біріне айна­латыны сөзсіз.

Ақмолаға алғашқы көш жетті

25 желтоқсанда Алматыдан болашақ астанамыз Ақмолаға шыққан алғашқы көшті Көлік және коммуникациялар министрлігі бастап жетті. «Астаналық» деген таңбасы бар «Алматы – Ақмола» пойызы жергілікті уақыт бойынша сағат 16.50-де вокзал басына келіп тоқтағанда, шаттық маршы ойналып, жұрт қоныс аударушыларды мерекелік сән-сал­та­натпен қарсы алды. Келушілердің саны – 20 адам. Әйтсе де, бұл одан кейінгі жылдары Алатау бауырынан Арқа төсіне үздіксіз ағылатын үлкен көштің ең ал­ғашқы легі еді... «Астана болашақта Ақмолаға ауысады деген сөз бұлтсыз аспанда күркіреп ес­тіліп жүрді. Бұған дейін ондай өзгеріс болады деген ешкімнің де үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Жұрт жаңалыққа қатты толқыды. Әсіресе, астанада тұра­тын зиялы қауым өкілдері – ғалымдар, жазушылар, журналистер қуаныштан өрекпіп, өз ой-пікірлерін бір-біріне жет­кізуге асықты, ол туралы мерзімдік басы­лымдар жаза бастады» деп сол күндердің толғанысымен бөліседі бұл күнде марқұм болған халық жазушысы Сәкен сері Жүнісов ағамыз.

Дәулет АСАУ