Тәуелсіздікпен құрдас өрендер
Тәуелсіздікпен құрдас өрендер
356
оқылды

Қазір Тәуелсіздік құрдастары орда бұзар 30-ға келді. Әрқайсысы өзінше жетістікке жетіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүр. Қазақстан егемен 30 жылдың ішінде дамудың даңғыл жолына түссе, тәуелсіздік құрдастары да сан саланы меңгерді. Бірі  – өнерде, екіншісі – спортта, ендігі бірі мемлекеттік қызметте барынша еңбек етіп жүр.

Айжани Айжани НҰРЛАНОВА, дизайнер:

Еңбек бәрін жеңбек

– Мен кәсіп­кер­лікке 20 жа­сымда келдім. Ең ал­­­ғашқы кәсіп кө­зін өзімнің жеке сұ­лулық сало­нымды ашу­­мен бас­­тадым.Уақыт өте кәсібімді кеңей­­тіп бірнеше филиалдар ашып еңбегімнің жемісін көріп,2014 жылдың «Ең үздік әйел кә­сіпкері» атандым. Уа­қыт өте келе бала арманымның орындалуына әрекет жа­садым.  Бала кезден ер азамат­тардың костюміне деген қызы­ғушылығым бар болатын. Сол қызығушылығымды оят­қан менің музам – Елбасы. Қазақстан­да әйел аза­матшаларды киіндіретін отандық ди­зайнерлер өте көп ,ал ер азаматтар үшін отандық костюм тігетін белгілі ди­зай­нерлер жоқ  десе де болады. Ал мен жоқты бар етуді жаным жақсы көреді. Үлкен еңбектің арқасында бұл арманыма да қол жеткіздім. Қазіргі таңда өзімнің жеке ер­лерге арналған A I Z H A N I костюмдер  брендім бар.Оңай болмады, әрине. Отандық өнімге сыншы көп болды. Құлап тұрған күндерім әлі есімде. Осы жылдар ішінде бизнесімді өрге домалату үшін басымнан түрлі қиын­дық өтті. Бірақ мойығаным жоқ. Білген жанға еңбектің наны тәтті. Меніңше, қиын­дықтан қашпай, барынша алға ұмтылу керек. Еңбек бәрін жеңбек!  Әрине, осы тұста тәуелсіз елде өмір сүрудің өзі жаңа мүм­кіндіктер ашатынын айтқым келеді. Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде жас ұр­пақты ұлттық өнімді қолдап, елдің да­муына үлес қосуға шақырамын. Айдана Айдана САПАРОВА, азаматтық қорғау сержанты:

Елге қызмет – абыройлы міндет

– Тәуелсіздіктің төл құрдасымын. Отбасымызда төрт ағайын­дымыз. Ба­­­қытты балалық шағ­ымды ата-анам­ның құша­ғында, аға-әп­ке­лерімнің ор­­тасында алаңсыз өткіздім. Бұл елдегі тыныштық пен тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын. Тәуелсіздік – бабалар аңсап, кейінгі ұрпақтың қолы жеткен баға жетпес сый. Тәуелсіздік таңымен түлеген ұрпақ бол­ғандықтан құлашымды кең ашуға ты­рысамын. 2011 жылы Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департа­менті өрт сөндіру және авариялық құт­­қару мем­лекеттік мекемесінің №4 өрт сөндіру бөліміне радиотелефоншы қыз­ме­тіне тағайындалдым. Бұл өмірде адам өмірін айқындайтын екі нәрсе бар. Бірі – жол­дасы, екіншісі – мамандық. Егемен елдің азаматы ретінде парызыма адал болуға талпынамын. Мекемеде қызмет етіп жүргеніме 10 жыл болды. Жұмыстан тыс қоғамдық жұмыстарға белсене атса­лы­самын. Спорт түрлерімен айналысып, сайыстарға қатысып, жүлделі орын ие­ленгенім бар. Біразы радиоте­лефоншы қызметін түсінбей жатады. Жалпы, ра­диотелефоншы – өрт сөндіру­­­ші-құт­қарушылар мен қиындыққа тап болған адамды байланыстыратын алтын көпір сияқты. Телефон арқылы хабарлама қа­былдай отырып, радиотелефоншы өтініш берушіден күштер мен құралдарды жібе­руге қажетті барлық бастапқы ақпа­ратты анықтайды. Қоңырауды қабылдап, жауап беру уақыты бір минуттан аспайды. Мә­селен, радиотелефоншы бір өрт ту­ралы 10-ға жуық қоңырау қабылдауы мүмкін. Сондықтан көшелердің атауы мен орна­ласқан жері, әлеуметтік маңызы бар объек­тілер, олардың қабат санынан бас­тап, тек өрт сөндіру бөлімінің ғана емес, басқа да жабдықтар туралы мәлі­­­метті есте сақтау керек. Осындай қиынды­ғы мен қызығы қатар жүретін қызметте болашақ жарымды жолықтырдым. Ол – азаматтық қорғау аға лейтенанты. Нұрлан Нұрлан ӨТЕПОВ, педагогика ғылымдарының магистрі, жоғары санатты ұстаз:

Тәуелсіздік – тәтті ұғым

– «Елдің ер­­­теңі – жастар» де­­сек, жас­­тардың жүйрік ойлы, зе­­­рек те жан-­жақ­ты, әді­летті де бә­се­кеге қа­білетті бо­­­­­лып өсуі – бас­­ты мақ­сат. Сол үшін оқ­ушыларды матема­тика мен физикаға бейімдеп, оқытуды қолға алдым. Оларды зерттей жүріп, ойлау қабі­­летін дамытып, жеңіл есеп шығаруға бейім­­­деу үшін «Ма­тематика – Логика» кітабын жаздым. Әрбір мектеп оқушысына қырағы ойлай білудің жетістікке апарар бас­ты жол екенін түсініп, жастармен кездесу өткіздік. Талпы­­­ныс­тарын байқап, бейімдедік. Қазір курс өт­кізіп, кейбірін жеке дайындауды қолға алдым. Бұдан бұрын мектепте қызмет еткенім бар. Осы жылдар ішінде біршама тәжірибе жинап, білген-түйгенімді оқу­­шыларға үйретіп жүрмін. Тәуелсіздік Мен үшін тәуелсіздіктің орны бөлек. Ұлық мерекені 365 күн тойлауға бармын. Ата-баба аңсаған еркіндіктің әрбір таңы мен үшін қымбат әрі қастерлі. Хан мен билер, Алаш арыстары арман еткен күнге жеткесін бел жазбай еңбек етіп, білімді жастарды ру­хани дамытуға үлес қосқым келеді. Ел мақ­­­­таныштарының жалынды сөзін, еңбек­терін көңілге тоқып өскесін ұл-қызы­ма да «Тәуелсіздік – тәтті ұғым» екенін түсіндіргім келеді. Әр мереке сайын оларға көңіл күй сыйлап, сыйлық әперіп, мұның бәрі азат күннің арқасы екенін айтамын. Қазір бұл сөздің мәнін аса түсінбегенімен, өсе келе айтқан сөзімнің мәні тереңде жатқанын ұғынар. Менің бар ойым, балаларыма, оқу­шыларыма тәуелсіз күннің қадірін өне бойына жеткізіп, оны сақтау үшін бәсекеге қабілетті болуды үйрету. Ал бәсекеге түсу үшін білімді болу – басты талап. Сондықтан жастар білім мен ғылымға бет бұрып, ізденіс жо­лына түссе биіктерді бағындыратынына сенемін. Қуаныш Қуаныш ДУЛАТОВ, стоматолог:

Жастарға барынша қолдау бар

– 2012-2018 жыл­­дар аралығында ха­лықаралық қазақ-түрік университетін стоматолог ма­ман­ды­ғы бойынша бі­тірдім. Еңбек жо­лын Көкшетау қа­ла­сынан бастадым. Жас маман ретінде Жітіқараға қоныс аударып, аудандық ауруханаға жұмысқа орналастым. Мұнда маған пәтер берілді. Осылайша, алаңсыз жұмыс істеуге қажетті барлық жағдай жасалды. Мемлекет біз сияқты жас ма­мандарға аз көмектесіп жат­қан жоқ. Баспана беріп, көшіп келуге ар­­налған қаражатты қолыма ұстатты. Қыс­қасы, мемлекетіміздің тигізген шара­паты мол. Биыл өз қаражатыма тіс емдеу орта­лығын аштым. Орталық заманауи құрал-жабд­ықтармен қамтамасыз етілген. Емха­нада тістің ауыру себебін немесе басқа да кем­шіліктерін анықтап беретін арнайы құ­рылғы да бар. Соның арқасында келу­шілерге жылдам әрі сапалы қызмет көр­сетеміз. Емдеу бағалары да қолжетімді. Ең бастысы, тұрғындардың барлығы да жұмы­сыма дән риза. Оның үстіне, елдегі меди­ци­на саласы қарыштап дамып келеді. Жаңа ауруханалар бой көтерді. Оларға жаңа за­ма­науи қондырғылар мен жабдық­тар қойыл­ған. Дәрігерлерге мемлекет тара­пы­нан нақты қолдау көрсетіледі. Мұның бәрі сайып келгенде, Тәуелсіздіктің арқасы. Нұрсұлтан Нұрсұлтан БУРЛИНОВ, теміржолшы:

Әр істі абыроймен атқарған жөн

– Қарағанды об­­лысы Шет ау­да­ны Ақадыр кен­тінде 1991 жылы 1 ма­­мырда дүниеге келдім. Тәуел­сіз­діктің құрдасы бол­ғаным – мен үшін мақ­­­таныш. Еге­мен­дік бізге тең­дікпен қатар көптеген мүмкіндік сый­лады. Мемлекет тарапынан, әсіресе жас­тарға білім алу, әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға баса назар аударып отыр. Тәуел­сіздіктің арқасында замандас­тарыма әлем­нің кез келген елінде оқимын, сая­хаттаймын десе де жол ашық. Сондық­­тан жастарға мүм­­­кіндік көп. Біз мүмкін­­діктерді пайда­­лана отырып, елге қызмет етуге әр­дайым әзірміз. Теміржол – қан тамырдай тарам­дал­ғанымен, бір-біріне жіпсіз байланған күр­делі әрі маңызды сала. Ел эконо­ми­ка­сы­­­ның күретамыры – теміржолда жұ­мыс іс­теуге бала күннен қызығатын­мын. Темір­жолшылардың күні-түні үзіліссіз, қарба­лас­қа толы әрбір күнгі еңбегі ерлік­пен пара-пар. Кейінгі жылдары біз­­­дің салаға жаңа технологиялар қолданыс­қа кеңінен енгізіліп жатыр. Цифрландыру жұмы­сымызды жеңілдетті. Жолаушылар да қыз­­­мет көрсету саласындағы жаңалық­тарды үйреніп, қажетіне жаратып жатқа­нына қуанамын. Біздің елде де теміржол саласын дамытуға, шетелдегідей жағдай жасауға көп көңіл бөліп отыр. Қазір Екібастұзда жұмыс істеймін. Еңбек жолымды Ақадыр кентінен баста­дым. Үш ай бұрын Екібастұзға ауысып келдім. 2011 жылдан бері теміржол сала­­сында еңбек етемін. Халыққа қызмет ету – парызым. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қар­саңында әрбірінің аңсаған арма­­нына, көздеген мақсатына жетуіне ті­лектеспін.  

Дайындаған Айзат АЙДАРҚЫЗЫ