ҰБТ: бір сынақ, екі мүмкіндік
ҰБТ: бір сынақ, екі мүмкіндік
668
оқылды

Биыл Электронды форматтың сыры неде?

Иә, ҰБТ-ны электрон форматқа көшіру жайы бірнеше жылдан бері айтылып жүр. 2021 жылдан бастап тестілеу «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша ұйым­дастырылады. Аудитория ішін бақылай­тын камерадан бөлек, тестіленуші оты­ратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен заңбұзу­шылық болмауы үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады. Биыл тестілеу 10 сәуір мен 30 маусым аралығында өтеді. Осы аралықта екі мүмкіндік беріледі. Кейіннен жинаған ұпайға қарап,  сертификаттың бірін таңдайсыз. Аталған дата ішінде тапсырған ҰБТ мемлекеттік грантқа құжат тапсыруға мүмкіндік сыйлайды. Айта кетерлігі, екі рет тест тапсыруға рұқсат берілгесін, бейіндік пәндердің басқа комбинациясын таңдауға рұқсат етіледі. Мысалы, бірінші мүмкіндікте дүниежүзі тарихы мен адам және қоғам пәнін, екінші мүмкіндікте химия мен биологияны таңдай аласыз. Ескерерлігі, таңдау пәнін ауыстыру кезінде кейін басқа мамандық таңдау керек екенін естен шығармаңыз. Екі рет тест тапсыру күнін белгілеп, таңдау пәндерді таңдағасын ҰБТ тапсыратын орын мен күнді алмастыра алмайтыныңыз тағы бар. Өйткені осыған дейін оқушыға өзіне ыңғайлы күнді таңдауға рұқсат берілді. Ал электрон форматтағы ҰБТ-ның ерекшелігі егер бұрын белгілеген нұсқаңызға күмәндансаңыз, сол сұраққа қайта оралып түзете аласыз. Мысалы, тестілеудің бұрынғы форматына кітапша мен жауап  парағы таратылатын. Оқушы қобалжып жауап парағын қате белгілеп, бір пән мен екіншісінің орнын алмас­тырып алатын. Екінші жағынан бұл формат мемлекетке де пайда әкеледі. Себебі бұрын ҰБТ өткізуге ел қазынасынан 1 млрд теңге бөлінсе, биыл тестілеуге 400 млн теңге жұмсалатыны айтылады. Әрине, өңірлерге жеткізілген жаңа ком­пьютерлер мен камералар тағы бар. Дегенмен биыл ҰБТ өткізер орынды сайлап, құрал-жабдықпен қамтыса бірнеше жылға азық болары анық. Тестілеудің жаңа форматына мұ­ғалімдер мен оқушылар риза сияқты. Өйткені ҰБТ күні компьютер экранында Менделеев кестесі мен калькулятор ашық тұрады. Одан бөлек, Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихында кездесетін тарихи даталар тізімі ҰТО сайтында тұр. Мәселен, мектеп бітіруші түлек жараты­лыстану-математика бағытында тест тапсырса, оған 240 минут уақыт беріледі. Ал гуманитарлық бағыттағылар тестілеуді біріншісіне қарағанда 15 минутқа ерте аяқтайды. Әри­не, тестілеу кезінде  екі рет үзіліс бар. Мы­салы, 120 минут өткесін балаға 15 минут тынығуға рұқсат беріледі. Талапкер дене жаттығу­ларын жасап, көзін демалтып немесе дәретханаға баруына болады. Тағы бір ерекшелігі, әр оқушы ҰБТ-ны компью­терде көрсетілген уақыт бойынша аяқ­тайды. Яғни, бәрі талапкердің тестті қай уақытта бастауына байланысты. ҰБТ

Face-ID қауіпсіздікті қорғай ала ма?

Бұл сұрақ көптің көкейінде жүр. Өйткені тестілеу кезінде түлектен қулық аспайтынына көзіміз жетті. Былтыр ҰБТ-ны камера арқылы күллі Қазақстан бақылап отырғанда да оқыс қимылды байқап қалғанымыз бар. Сол үшін электрон форматтың қаншалықты әділ тестілеу өткізерін сұрастырдық. Мысалы, оқушыға екі рет мүмкіндік берілсе, ол бірінші сынақтан кейін әлеуметтік желіде сұрақтардың жауабы жарияланбасына кім кепіл? ҰТО мәліметіне мән берсек, аймақтардағы ҰБТ орталықтармен байланысты жабық VPN-канал бар. Мұны бұзу әсте мүмкін емес екен. Оның үстіне, тестілеуге арналған арнайы компьютерлер бар. Орталық берген логин мен құпиясөзді үшінші біреу біле алмайды. Оқушыға айласын асыру үшін компьютерге USB мен флэш-карта саламын деп әуре болудың қажеті жоқ. Өйткені тестілеуге арналған компьютерге құрылғы жалған­байды. Идентификациядан өту үшін Face-ID қолданылады. Түлектердің жеке басы мемлекеттік жеке тұлғалар базасымен сәйкестендіру арқылы тексеріледі. Оқу­шы­­ның өзімен бірге артық зат әкеліп-әкел­мегенін анықтайтын прокторинг жүйесі бар. Егер артық зат табылса, түлек аудиториядан шығарылады. Ал бірінші тестілеудегі сұрақ-жауаптар желіде жария­лануына келсек, компьютер нұсқаны өзі дайындайды. Яғни, бұрын 100 мыңнан астам балаға 1 500 нұсқа әзірленсе, 120 мың тестілеушіге 120 мың нұсқа дайын. Біріне кел­ген нұсқа екіншісіне ұқсамайды.

140 балл демекші, биыл аталған көрсет­кішге Павлодар қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің түлегі Данияр Арманұлы қол жеткізді. Ол – Алтын белгі үміткері, жүзуден спорт шеберіне үміткер.

Ал сұрақтар санына келсек, жеке­ленген пәндерде өзгеріс бар. Мәселен, оқу сауа­тынан – 20, математикадан – 15, Қазақ­стан тарихынан – 15, екі бейіндік пәннен 35 сұрақ келеді. Сұрақтың жалпы саны – 120. Максималды ұпай – 140. Айталық, бұрын жауапты кешке қарай жария­ласа, қазір бірден жиған ұпайыңыз­ды білесіз. Егер дұрыс жауап бергеніңізге сенімді болсаңыз, 30 минут ішінде аппел­яцияға бере аласыз. 140 балл демекші, биыл аталған көрсет­кішге Павлодар қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің түлегі Данияр Арманұлы қол жеткізді. Ол – Алтын белгі үміткері, жүзуден спорт шеберіне үміткер. Ол алғашқы мүмкіндігінде-ақ ең жоғары ұпай жинады. Оқушымен тілдескенімізде, осы сертификатпен инженер мамандығына тапсыратынын айтты. Данияр екінші мүмкіндігін пайдаланып, тест тапсыр­майды. Әрі оған Сүлеймен Демирел уни­верситеті мемлекеттік грант тарту еткен. ҰТО орталығының мәліметінше, биыл 127 167 оқушы бірінші мүмкіндікте тест тапсыруға тіркелген. Ал 247 156 тестілеуші екінші мүмкіндікке өтініш берген.  Жалпы, елорда бойынша бірінші мүмкіндікке 8 469 оқушы тіркелсе, екіншісіне 15 476 өтініш түскен. Осы уақытқа дейін қалада 6 990 түлек тестілеуден өткен. Байқағанымыздай, бұрын ҰБТ тапсыру маусым айының соңына дейін аяқталса, биыл үш айға созылады. Мемлекеттің оқушыға тестілеуді 2 рет тапсыруға мүмкіндік бергенінің астары бары анық. Өйткені ҰБТ-дан соң өзіне-өзі қол жұмсау фактілері тіркелетіні белгілі. Министр жыл сайын тестілеу өмірдің соңы емес, одан кейін де жетістікке жетуге боларын айтып жүр. Психологтердің айтуынша, оқушыға ҰБТ күнін таңдап, бірнеше рет мүмкіндік беру сенім сыйлайды. Бірақ сенім сыйлаймыз деп жүріп, сұрақ-жауап желіде тарап кетпесіне кім кепіл? Себебі әлеумет­тік желіде «ҰБТ-да келген нұсқаны талдау» басталып кеткен екен.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ