Әлемді «Улайтын ұшақтар» у-шу қылып еді
Алдымен, 2020 жылы әлеуметтік желі мен чаттарда жаңа қастандық теориясы жиі айтылып кетті. Мысалы, «міне, қазақты қынадай қырудың ең оңтайлы жолы – ұшақпен вирус шашу», «билік халықты бактериологиялық қарумен жойып жібермек» дегендей сөздерден көз сүрініп, құлақ сарсыды. «Мен барлығына осы демалыс күндері мүлдем сыртқа шықпауды және терезелерді ашпауды ескерткім келеді. Апта бойы болуы мүмкін, бірақ білмеймін, тікұшақпен жасалатын өңдеуден кейін ауада пневмония бере бастайды. Бұл жайлы Ақтөбеде барлық дерлік адамның ауырғаны айтылып жатыр. Сонымен бірге Шымкентте де бар» деген шаласауат жазба жыл бойы чаттардың «хиты» болып тұрды. Соған ұқсас өзге де хабарламалармен қоса жүктелген фото, видеоларда ұшақтың атмосферадағы әдеттегі конденсациялық, инверсиялық іздері «ауаға шашып жатқан у» ретінде көрсетілді. Соған кәдімгідей сенгендер арасында «көзі ашық, көкірегі ояу» деген азаматтар да бар. Мысалы, аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов көшеде инфекцияны жою мақсатында зарарсыздандырушы сұйықтықты шашып жүргендерді «коронавирус шашып жүр» деп есептеген. Соған қатысты видеоүндеуінде: «Кеше ғана қайта дезинфекциялау, халықты улау басталды. Сондықтан көшеден ондай адамды көрсеңіздер, қолға түскен нәрсемен, таспен, таяқпен ұрып тастаңыздар. Өтініп сұраймын. Адамдар халықты улауын доғару үшін. Ал көктен оны сеуіп жүрген тікұшақтарды көргендер болса, кімнің үйінде автомат бар, солар шығыңдар да атыңдар. Біз қазір соғыста жүргендейміз. Егер біз бір адамды тоқтатсақ, онда мыңдаған адамның жанын алып қаламыз. Сондықтан вирустың қайта-қайта бой көтермесі үшін адамдар қолдан келгеннің бәрін жасаса, олар тағы халықты уламаса деймін. Алға!» деп екпіндетті белгілі спортшы. Сондай-ақ «Бүгін сағат түнгі 2-де ауаға бірдеңе шашады. Бұл жолы кішкентай балаларға әсер ететін нәрсе екен. 3 күн бойы балаларыңызды далаға шығармаңыздар» деген фейк ақпарат та «бір апам бір апамнан сорақы» дегеннің керін келтірді. Сол сәтте Денсаулық сақтау министрлігі сондай елді әбден мезі еткен алыпқашпа әңгімелердің «конспирологиялық қауесет» екенін ресми түрде мәлімдеді. «Бұл ақпараттар – жалған. Құрметті отандастар, сіздерді жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз. Барлық шынайы ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтынан және әлеуметтік желілердегі парақшалардан ала аласыздар. Біздің тарапымыздан ешқандай себу жұмыстары жүргізілген жоқ», – деді министр Алексей Цой. Сонымен қатар ол көрінеу жалған ақпарат таратқан адамдардың ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылатынын алға тартты. Ал Қазақстанда қолданылатын дезинфекцияның құрамы «жасырын ақпарат» емес, жай ғана кез келген хлорлы ағартқыштың құрамына кіретін натрий гипохлоридінің ерітіндісі екенін түсіндірді. Егер естір құлақ, қойылар құлық болса, адамның бірдеңе ұғуына сол мәлімет те жеткілікті.Вакцина да біраз хайпқа айналды
Бұл бұқараның әлем үшін миллиондаған адамға салынатын вакцинаның қауіпсіздігі басты критерий екеніне де таласы бар екен. Өйткені коронавирусқа қарсы вакциналардың тез әзірленіп жатқаны көңілге күдік ұялатқан. Оған қоса, олардың тиімділігі әлі зерттеліп жатыр. Әлемдегі көптеген фармацевтикалық компания өз зерттеулерін 2022-2023 жылдары аяқтайтынын мәлімдеді. Бірақ қалыптасқан эпидемиялық жағдайға байланысты көптеген ел вакциналарды қолданысқа жіберу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, толық зерттеуі аяқталмаған вакциналар дүниежүзінде қолданыла бастады. Ал Reuters Fact Check зерттеушілер тобы біржолата «коронавирусқа қарсы вакциналарда микрочиптер, металдар немесе магниттер бар» деген қауесеттің нүктесін қойды. Оған қатысты сұраққа «Вакциналарда ешқандай чип немесе магнит жоқ!» деп нақты әрі сенімді жауап берді. Медицина сарапшылары ДДСҰ бекіткен барлық вакцинаның құрамын зерттегеннен кейін осындай қорытындыға келген. Вакциналардың құрамында аз мөлшерде алюминий бар екені рас, алайда Оксфорд университетінің зерттеушілері ол металдың вакциналардағы концентрациясы тамақ пен ауызсудағыдан да аспайтынын дәлелдеді. Сонымен, қазір сарапшылар мен ғалымдар коронавирус инфекциясын тоқтатудың жалғыз жолы жаппай вакцина егу екенін айтып отыр. Алайда Қазақстанды қоса алғандағы кей елдерде бұл үдеріс өте баяу жүріп жатыр. Себебі антиваксерлер халықтың оған деген сенімсіздігін оятуға мықтап тұрып күш салған. Сондай-ақ Informburo.kz сайты медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Жолдасованың Facebook-тегі пікірінің аудармасын жариялады. «Қазір көп адам вакцина тақырыбында хайп жасай бастады: «ура, екпеге қарсы петицияға 73 мың антиваксер қол қойыпты» дейді. «Көбіне сапасыз вакциналар сатып алынады» деген уәж айтылады. Мен бұрын қызылша туралы көп жазғанмын. Бұл жерде антиваксерлер үстем болып тұр: 2017 жылы қызылша жұқтырған екі-ақ жағдай болса, 2018 жылы 500-ден асты, ал 2019 жылы 13 226 жағдай тіркелген! Қызылша жұқтырудан былтыр 1-орында Мадагаскар тұрса, 2-орында – Украина, 9-орында – біз тұрдық! Антиваксерлер біраз еңбектенген сияқты. Қараңғылық пен надандық мақтан болса, мақтанарлық-ақ жағдай, иә?» дейді маман. Оның айтуынша, антиваксерлердің кесірінен жер бетіндегі адам саны азаяды, жұрт қызылша, қызамық, шешек, күл ауруынан, көкжөтелден және басқа көптеген аурудан қырыла бастайды. «Тағы айтарым, қазірге дейін екпе салдырмағандардың әлі ауырмай жүргені – айналасында екпе салдырғандар көп болғанының арқасында ғана. Екпе салдырғандар инфекция тасымалдаушы бола алмайды. Олардың ағзасына түскен кез келген микроб өліп қалады, өзгелерге көшпейді. «Екпе салдырмасақ та ауырмай-ақ жүрміз ғой» дейтіндер алдымен осыны ойласа екен», – дейді Жібек Жолдасова.Еркеғали БЕЙСЕН