Алматы облысы әкімдігінің Алматыдағы өкілдігінде болған Нидерланд Корольдігінен келген арнайы делегациямен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев, Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Жұмағалиев, Қазақстандағы Нидерланд елшілігінің экономикалық блок басшысы Рональд Голдберг, шетелдік кәсіпкерлер мен отандық фермерлер қатысты.
Жүздесу барысында нидерландтық бизнес өкілдері Жетісу аймағындағы аграрлық саланың дамуына өз үлесін қосуға, екі елдің экономикалық қарым-қатынасын одан ары нығайтуға ниетті екенін білдірді.
Облыс әкімнің орынбасары Арслан Дәндібаев екі елдің достық қарым-қатынасына тоқталып, ауылшаруашылық саласындағы бірлескен жобалар нәтижесі жайлы айтты.
Биыл облыста егістік көлемі 2 000 гектарға артып, 970,5 мың гектарға егін егілді. 2018-2019 жылдары Нидерланд елінен 290 тонна картоп сорттары сатып алынып,тиімділікпен пайдаланылыпты. Қазір Жетісу жерінде 102 жылыжай жұмыс істеп жатыр. Биыл тағы 3 жылыжай құрылысы салынады деп жоспарланған.
Шетелдік компания өкілдері өз өнімдерінің пайдасы мен тиімділігі туралы жан-жақты баяндады. Dalsem компаниясының менеджері Марк Бререн, DutchGreenHouseSystems фирмасының директоры Эрик Эгбертстер жылыжай құрылысындағы жаңа технологияларды, ондағы суландыру жүйесі, жарықтандырудың ерекшеліктері, минералды тыңайтқыштар, сапалы тұқымдар және тағы басқа озық үлгілер жайында әңгімеледі.
Кездесуден кейін аталған делегация Қарасай ауданындағы Елтай ауылдық округіне қарасты Қаратөбе ауылына барып, өндірістік жылыжай кешенін ұйымдастырып отырған Ecoculture компаниясының жұмысымен танысты.
Нидерланд Корольдігінде жасалған жылыжайлар туралы айтар болсақ, жауапкершілігі шектеулі екі серіктестік жеті гектарға тең аумақта раушан гүлін өсіретін Еcoculture және қызанақ пен қияр баптайтын Еcoculture Fields» жылыжайларын орналастырыпты. 2012 жылы іргетасы қаланған Ecoculture ЖШС 2013 жылы гүл жылыжайын іске қосып, «Престиж», «Ред Дезир», «Ревивал», «Аваланч», «Формула 1» сынды голланд, неміс және француз тұқымды раушандарды өсіре бастаған. Компанияның тұрақты табысы гүл саудасынан келеді. Алматы қаласындағы ірі сауда орталықтарында саудаланады және өнімнің 30%-ы экспортқа шығарылады. 2017 жылы Еcoculture Fields ЖШС құрылып, қызанақ пен қияр өсіру қолға алынды, 1,9 гектарда қызанақтың алты тұқымы өсірілсе, қиярдың бір тұқымына 1,5 гектар жер бөлінген. Ең қызығы, арнайы дайындалған топырақта өсірілетін қызанақ пен қияр тамшылатып суарылып, жылу, су және көмірқышқыл газы арнайы орнатылған пеш арқылы жеткізіледі. Биологиялық тәсілдердің арқасында таза табиғи өнім алынады. Жаңа жұмыс орындарын ашып, еліміздің салық жүйесіне үлес қосып отырған қос компания да Алматы қаласының маңынан азық-түлік белдеуін құруға үлес қосып жатыр. Қос компания жобасының 70% «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылып, 2 143,1 миллион теңге жұмсалған. Ал жобаның жалпы құны – 2 673,3 миллион теңге. Осыған байланысты кәсіпорын директоры Данияр Абдулгафаров «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның басшылығына ризашылық білдірді. Одан соң сөз тізгінін алған облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мақсұт Жапаров 2017 жылы облыста іске қосылған алты жылыжайдың ішінде ең ірісі осылар екенін атап өтті. Голландтық қонақтар көңілдері толғанын айта келе, Қазақстандағы жылыжай өндірісіне инвестиция салуға дайын екенін жеткізді.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы