«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сайлауалды бағдарламалар қалай орындалып жатқанын хабарлады.
"Өздеріңізге мәлім, «Nur Otan» «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламаларын орындау бойынша 217 жол картасын іске асыруға жүйелі бақылауды жолға қойған. Осылайша, 5 ай ішінде 362 республикалық іс-шараның 7%-і орындалды, ал өңірлік 2,3 мың іс-шараның 5%-і атқарылды. Елбасы, партия Лидері Н.Ә. Назарбаев айтқандай, «Nur Otan» депутаттары жауапкершілік, жұдырықтай жұмылу және ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, әрбір өңірде, қала мен ауданда сайлауалды міндеттемелердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жұмысқа «Nur Otan»-ның әртүрлі деңгейдегі 2,7 мыңнан астам депутаты жеке жауап береді. Еске сала кетейін, Елбасы бастамашылық еткен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам!» атты партиялық «қайта жандандыру» бағдарламасына сәйкес депутаттық корпус 65%-ке жаңартылды, әйелдер мен жастардың үлес саны барлық өңірде тиісінше 30% және 20%-ке жетті. Ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес партия жанынан депутаттардың, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің, белгілі қоғам қайраткерлерінің, сарапшылар мен журналистердің қатысуымен 1,7 мың салалық қоғамдық кеңес құрылды. Бұл билік пен азаматтық қоғам арасындағы жан-жақты диалогты қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру және халықпен «кері байланысты» күшейту үшін бүкіл ел көлемінде партияның 234 қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі жүйелі түрде жандандырылды. Жыл басынан бері «Nur Otan»-ға 74,1 мың өтініш келіп түсті, оның 43%-і оң шешімін тапты, 53%-і бойынша мәселені заң аясында шешуге қатысты кәсіби кеңес берілді. Елбасы атап өткендей, бүгінде қоғам, әсіресе жергілікті жерлерде депутаттардың ашықтық, тиімділік және жауапкершілік деңгейіне ерекше талаптар қойып отыр. Осыны ескере отырып, «Nur Otan» алғаш рет ел көлемінде депутаттық корпусты кешенді бағалаудың бірыңғай жүйесін енгізіп отыр. Партияның Саяси кеңесі Бюросының биылғы 2 маусымдағы қаулысымен Депутаттар қызметінің рейтингін қалыптастыру ережесі бекітілді. Аталған ережені әзірлеу аясында халықаралық тәжірибе мен депутаттарды бағалаудың қолданыстағы тәжірибесін зерделеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Сарапшылар мен өңірлердегі партиялықтардың пікірлері, сондай-ақ республикалық партияішілік іріктеу – праймериздің табысты тәжірибелері ескерілді. Ереже үш блокқа біріктірілген 15 критерийді қамтиды: қоғамдық-саяси қызмет, медиа белсенділік, сондай-ақ партиялық жауапкершілік. Заманауи рейтингтік технологияларды енгізу депутаттардың жол карталарын іске асыруға жеке жауапкершілігін арттырып, нұротандықтарды халықпен жүйелі және нәтижелі жұмыс істеуге бағыттайтынына сенімдімін. Сонымен қатар 1 қыркүйектен бастап азаматтар үшін жергілікті жерлердегі депутаттардың қызметі, бастамалары мен сауалдары туралы ақпаратқа ашық қолжетімді, сондай-ақ, «Nur Otan»-нан сайланған халық қалаулыларына өзекті мәселелер бойынша тікелей жүгіну мүмкіндігі қамтылған арнайы интернет-платформа іске қосылады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту және әкімдердің тікелей сайланбалылығын енгізу жағдайында қабылданып жатқан шаралар Елбасының 5 институционалдық реформасы шеңберінде ашық және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бойынша тағы бір жүйелі қадам болады деп есептейміз. Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!", - деп жазды ол желідегі парақшасында.