Түркістан облысы Ордабасы ауданында мектепте емтихан тапсырып келген соң өзіне-өзі қол жұмсаған 15 жастағы қыздың өлімі бойынша тергеу басталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алты күн бұрын 9-сыныпты бітірген Эльвира Мықтыбек кезекті сынақты тапсырып келген соң өз үйінің қорасында асылып қалған. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін төрт баланың анасы қызының сынып жетекшісі болған. Емтихан тапсырып шыққан ол үйге көңілсіз келген. Эльвира өлер алдында ұялы телефонына хат жазып қалдырып кеткен. Бірақ оны анасына жіберіп үлгермепті.
«Мен жылап, еңіреп жүрген кезде маған қызымның ұялы телефонын әкеліп көрсетті. Онда «мама, кешіріңізші. Сіздің үмітіңізді ақтай алмадым. Сіздің атыңызға жақсы ат келтіре алмадым» деген хабарламасы тұр екен. Оны жібермеген. Мен ешуақытта қызыма сен «бес» деген баға ал немесе «бес» алмасаң болмайды, өмірдің бәрі беске байланысты қадалып қалған деп қысым көрсеткен емеспін. Тоғызыншы сыныпта барлық пәні «бес» болғандықтан, мен оны үздіктер қатарына ұсындым. Мен қызыма үнемі «бағада тұрған ештеңе жоқ, бір мәнісі болар» деп айтып отыратынмын. Өзім көмектесем, бірге боламыз. бірге мамандық таңдасып әңгімелесіп жүргенбіз»,- дейді анасы.
Алайда бұл оқиға жайында сол күні сынаққа бірге кірген сыныптастары да, алгебрадан сынақ алған мұғалімі де жақ ашпады. Тек мектеп директоры марқұм оқушысына сол күні қысым көрсетпедім деп ақталды.
«Мемлекеттік емтиханда төраға ретінде маған орын берді, мен сол орында отырдым. Ешқандай баланың төбесінен қарап, қасына барып ештеңе істеген жоқпын. Ауыр жағдай»,- дейді мектеп директоры Айсара Стаева.
Өз кезегінде мектеп психологы да оқушысының не себепті мұндай қадамға барғанын түсіне алмай дал.
«Ол ондайға баратын қыз емес еді. Мінезі ашық, оқушылармен сыныпта жалпы қарым-қатынасы жақсы болатын»,- деген пікірін білдірді психолог Айсара Құлмағанбет.
Қазір осы оқиғаға орай облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы мен білім сапасын бақылау департаменті тарапынан зерделеу комиссиясы құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сол күні мектепте болған мұғалімдер мен оқушылардан жауап алынуда. Мән-жайды толық анықтамақ.
«Марқұм болған Эльвира Мықтыбектің емтихан кезінде шығарған есептерінің бәрін біз қарап жатырмыз қазір. Зерделеу жүріп жатыр. Қорытындысын, нәтижесін біткеннен кейін айтамыз. Бізбен бірге қазір тергеу орындары да қазір жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ мектептің жағдайы бүгінге дейінгі, моральдық психологиялық жағдайы, қайғылы оқиғаның неден туындағанын, соның бәрін қорытындыда айтамыз»,- дейді Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының бөлім басшысы Әлібек Кенжебаев.
Қазір осы оқиға бойынша өңірдің Полиция департаменті «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде. Тергеушілер оқиға болған күннен бері ауыл мектебінде ата-аналар, оқушылар мен мектеп ұжымынан жаппай жауап алуда. Өңірдің бас полицейі Қайрат Дәлбеков осы істі өз бақылауына алғанын хабарлады.
«Ата-ана үшін баласының қазасы қаншалықты қабырғаны қайыстыратынын жақсы түсінемін және сіздердің қайғыларыңызға ортақпын. Сондықтан айтайын дегенім, бұл іс менің жеке бақылауымда тұр. Қызметкерлерге тиянақты тапсырмалар берілді. Яғни, аталған жайт бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің білікті тергеушілері ҚР ҚК-нің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуде және қажетті деген барлық жан-жақты шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде мектеп ұжымынан, мұғалімдер мен оқушылардан жауап алынуда. Тиісті сараптамалар да тағайындалды. Істің заң аясында жүргізілуі қадағалауда» - делінген Қайрат Дәлбековтің хабарламасында.
Марқұм болған жасөспірімнің денесі өткен аптада жер қойнына тапсырылды.