Парамен ұсталатындар қатары азаяр емес...
Парамен ұсталатындар қатары азаяр емес...
357
оқылды
Өткен жылы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің Шымкент қа­ласы бойынша департа­менті тарапынан 60 қылмыс тір­келіп, оның 58-і бойынша тұл­ғалар жауапкер­шілікке тар­тылған. Сыбай­лас­тық қыл­мыс әрекеттеріне жиі барған­дар­дың қатарында алдың­ғы орын­ды ішкі істер органда­ры­ның қызметкер­лері алыпты.  Бұл туралы Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өткен жылды қорытындылау жиынында айтылды. Департамент басшысы А.Жұмағали 39 адамның әртүрлі жаза бойынша сотталғанын атап өтті. Оның 7-еуі бас бостан­дығынан айырылса, екеуінің бас бостандығы шектелген, 26-ы айыппұл төлеген. Сыбайластық әрекеттері бойынша сотты бол­ғандардың 10-ы – мемлекеттік органдарда басшылық лауазым­дарда қызмет атқарған тұлғалар. Біреуі республикалық деңгейдегі болса, алтауы облыстық және үшеуі аудандық деңгейдегі бас­шылар болған. Атап өтейік, мемлекет қор­жы­нына қол салғандардың қа­тарында Ауыл шаруашылығы министрлігі «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік ме­кемесінің бас директоры да бар. Ол өз қызметін асыра пайда­ла­нып, «Агроөнеркәсіптік ке­шенін дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бө­лін­ген бюджет қаражатын жым­қырған. Ал Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасы бас­шысының орынбасары жеке тұрғын үй құрылысына жер телі­мін бекіту үшін 200 мың теңге көлемінде пара алған. Сора­қысы сол, пара алып ұсталған лауазымды азаматтың орнына келген тұлға да артынша кәсіпкер­ден серіктестіктің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді сылтауратып, одан 400 мың теңге мен бағалы қол сағат алыпты. Есесіне, мемлекетке 6,2 млн теңге айыппұл төлейтін болды. Демек, Шымкенттегі жер қатынастары басқармасы қалталы жер бол­ғаны...
Департамент басшысы Асхат Жұмағалиұлы осы салада пара беруші мен алушылардың жиі тіркеліп жатқанын ерекше атап өтті. «Жалпы, бүгінде Шым­кент қаласындағы білім беру жүйесі сыбайлас жемқорлық көрі­ністеріне айтарлықтай бейім, бұл мектепке дейінгі және жал­пы білім беру мекемелерінің бас­шылығына қатысты. Мәсе­лен, Шымкент қалалық білім бас­қармасы басшысының орын­ба­сары орта мектептің білім жө­ніндегі меңгерушісінен мектеп директорының лауазымына та­ғайындалуға тест тапсыруға жәрдем беруге 400 мың теңге заңсыз сыйақы алғаны үшін сотт­алды», – дейді А.Жұмағали. Сонымен қатар №131 орта мек­теп директоры да іс жүргізуші лауа­зымына жұмысқа қабылдау үшін 50 мың теңге пара алған. Қалалық әкімдіктің ішкі аудит қызметінің басшысы да пара алғаны үшін мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылып отыр.
Сондай-ақ өткен жылы депар­та­мент тарапынан лауазымды тұлғалардың бизнеске заңсыз ара­ласуынан қорғау аясында бірқатар сыбайлас жемқорлық деректері анықталып, 9 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Оның ішінде Абай және Еңбекші аудандарының кәсіпкерлікті қол­дау бөлімдерінің басшылары қылмыстық схеманы ұйымдастыру кезінде ұсталған. Олар көше сау­дагерлеріне «рұқ­сат беру құжат­тарын» алып бере­мін деген сылтаумен әр сауда нүк­тесінен 150 мың теңге көле­мін­де ақша бопсалаған. Кәсіп­керлік қызметке қамқорлық жаса­ғансып олардан сыйақы алған бас­шылардың қатарында әл-Фараби ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы да бар. «Айта кету керек, бизнесті қорғау аясында 38 шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің құқықтарын қалпына келтіруге қол жеткіздік, 9 лауазымды тұлға кәсіпкерлерге заңсыз қысым көр­сеткені үшін қылмыстық жауап­кершілікке тартылды», – дейді Асхат Жұмағалиұлы. Осылайша, мемлекеттік қызметкерлер ара­сында бопсалау фактілері негізі­нен құжаттарды рәсімдеу (АӘК алу, мүгедектікті, вет. серти­фи­каттарды рәсімдеу, рұқсат беру), кадр мәселелерін оң ше­шу, жер жобаларын бекіту, жеке кәсіп­керлікті тарату және бан­крот­тыққа жәрдемдесу үшін (салық саласында) орын алып отырған. Мәселен, өткен жылы Ауыл шаруа­шылығы министрлігі ветери­нарлық бақылау және қадаға­лау комитетінің аумақтық инспек­циясы басшысының міндетін атқарушы Н. есімді азамат жан­уар­ларды нақты тексерусіз ветери­нарлық сертификаттарды беруді ұйымдастырғаны үшін заңсыз сыйақы алған. Департамент басшысы поли­ция органдары қызметкерлері тарапынан пара алу қылмыстық істерді тоқтату, әкімшілік хатта­маны толтырмау, жүргізу куәлігін қайтару, пробациялық бақылау мерзімін немесе шарттарын өзгер­ту, сондай-ақ шетелдік жұмыс­шыларды тіркеу кезінде орын алып отырғанын айтады. Жалпы, департаментте сы­байлас жемқорлықпен күресуден бөлек, бизнес пен инвесторларды қорғау жобасы да жүзеге асырылып келеді. Одан бөлек, «Сапалы жол» жобасы аясында Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бөлімшелерімен бірлесіп автомобиль жолдарының құрылысына мониторинг жүр­гі­зеді. Аталған жоба аясында құры­лыс барысында сапасыздыққа жол берген 72 заңсыздық орын алыпты. Сыбайлас жемқорлық кө­ріністеріне жол бермеу шара­ларының бірі – оның алдын алу. Осы ретте заң бұзушылыққа жол берушілер туралы хабар­ла­ған адамдарға сыйақы беру қарас­тырылған. Былтыр Шымкентте 14 адамға 2 млн 137 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.    width=Назгүл НАЗАРБЕК Шымкент қаласы