Мемлекет басшысының "Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы" Жарлығын адам құқықтарын қорғау саласындағы үлкен жаңалық деп есептеймін.
Президент қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелеріне назар аударған. Құқық қорғаушы және «Амансаулық» қоғамдық қорының жетекшісі ретінде маған Жарлықта жабық мекемелерде қысым көріп, зорлық-зомбылық құрбаны болған тұлғалардың құқықтарын қорғау қажеттілігі туралы айтылғаны ерекше ұнады.
Біздің қор Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, еліміздің емдеу мекемелерінде Клиникалық хаттама енгізу бағытында жұмысты бастаған болатын. Осы құжатқа сәйкес, барлық медициналық қызметкерлер жарақаттанған азаматтар түскен кезде, әсіресе, колония, интернат және уақытша ұстау изоляторы секілді жабық мекемелерден түскен жарақат алған азаматтарға қатысты хаттама толтыруы тиіс. Онда пациенттің жарақатының сипаты, психологиялық-эмоциялық жағдайы сипатталады. Бұл ретте медициналық қызметкерлер қандай жағдайда толық тексеру жүргізу керектігіне, кім зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкіндігін анықтауға оқытылатын болады.
Көп жағдайда адамдар зорлық-зомбылық, қысым көргені туралы айта алмайды. Жағдай қоғамдық резонанс тудырғанда қатыгездікке дәлел табылмай жатады.
Біз осы хаттама бүкіл елде іске асырылып жатқан Қырғызстанға барып келген болатынбыз. Нәтижесі көңіл көншітеді. Ал бізде бұл хаттама қағаз жүзінде қалып отыр. Біз процесті цифрландыру арқылы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, жұмыстың ашықтығын қамтамасыз еткіміз келеді.
Таяу уақытта бұл пилоттық жоба елордада, Алматы және Қарағанды қалаларында іске қосылады. Қажетті өзгертулер енгізіп, бұл жобаны еліміз бойынша іске асыруды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты Мемлекет басшысының бұл Жарлығы бізге үлкен қолдау болып отыр. Қоғам белсенділері, министрліктер ұсынған бастамалар Президент әкімшілігінің бақылауына алынып жатқаны қуантады. Меніңше, азаматтар құқығын қорғау бойынша осы және басқа да жобалар Мемлекет басшысының қолдауы арқасында алдағы уақытта толық іске асады деп ойлаймын.
Құжатта көрсетілген тағы бір қадам - үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынастың тиімділігін арттыру арқылы кез келген проблеманы толық шешуге мүмкіндік береді. Әзірге бұл мәселенің шешімі көңіл көншітпейді.
Елімізде адам саудасынан зардап шеккендер, құқығы бұзылған мүмкіндігі шектеулі азаматтар, кемсітуге көніп отырған әйелдер бар екені жасырын емес. Менің ойымша, осы саладағы құқық қорғаушылар бұл Жарлықты қолдайды деп есептеймін. Өйткені Президенттің бастамасы адам құқығына қатысты қоғамдағы көп дүниені жаңартып, азаматтардың көзқарасын өзгертеді.