Жаңалықтар Қазақстан Саясат Өңделген өнім экспортына көңіл бөлінеді Өңделген өнім экспортына көңіл бөлінеді «Айқын» ақпарат 11/06/2021 05:03 264 оқылды Бүгін Президент Қ– Қазақстан экономикалық жүйе ретінде тек ішкі инвестицияға, ішкі сұраныс пен шикізат экспортына ғана сүйене алмайды. Еліміз сапалы шетелдік инвестиция тарту үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау саясатын жалғастыра береді. Біз өңірдегі және ТМД-дағы көшбасшылық орнымызды сақтауға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы. Президент жиынға қатысушылардың назарын өңделген өнімнің экспортын дамыту қажет екеніне аударды. Бұл шикізаттың құбылмалы бағасынан сақтанудың кепілі және ұлттық экономиканың сапалы әрі сұранысқа ие тауар өндіру, сондай-ақ қызмет көрсету қабілетінің көрсеткіші саналады. Мемлекет басшысы өз сөзінде әлемдік сауданың құлдырауы Қазақстанды да айналып өтпегенін атап өтті. Еліміздің былтырғы сыртқы тауар айналымы – 85 миллиард АҚШ доллары. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 13 пайызға төмен. – Қазақстанның шикізаттық емес тауарларының экспорты 2,8 пайызға ғана төмендеп, 15 миллиард долларды құрады. Биылғы дағдарыс кезінде біз шетелден 18 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарта алдық. Былтыр шетелдік компаниялардың қатысуымен жалпы құны 1,6 миллиард доллар болатын 41 инвестициялық жоба іске асырылды. 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемдік экономиканың қайта қалпына келуіне орай Қазақстан да экономикалық өсімнің қарқынын үдетеді. Үкіметтің болжамы бойынша 3,5 пайызға дейін өсім болуы керек, біз одан да жоғары көрсеткіш күтеміз, – деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның экономикалық моделі экспортты экономикалық дамудың маңызды факторы ретінде қарастырады. Еліміздің өңдеу өнеркәсібінің қосымша экспорттық әлеуеті 10 миллиард долларға, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы экспорттық әлеуеті де 10 миллиард долларға бағаланады. Шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін 2025 жылға қарай 41 миллиард долларға дейін арттыру орта мерзімдегі мақсат саналады. Президент әлемде кең қолданылатын экспорттық несиелерді субсидиялау тетігінің Қазақстанда әлі де қолға алынбай отырғанын айтты. – Былтыр Қазақстан алғаш рет 100-ге жуық отандық тауар экспорттаушыны Alibaba халықаралық электронды платформасына шығарды. 4 мыңнан астам қазақстандық тауар түрлерін әлемдік нарыққа шығару мүмкін болды. Шекаралар жабық болған кезде экспорттар легін жабылып қалған дәстүрлі бағыттардан жаңа нарықтарға шығаруға бағыттай алдық, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы әрі экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты басым бағыттардың бірі болуға тиіс деп санайды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы былтыр транзиттік теміржол тасымалы 17 пайызға артқанын жеткізді. Контейнерлік тасымалдар өсімнің негізгі факторы болды. – Былтыр шамамен 900 мың контейнер тасымалданған. Оның 91 пайызға жуығы Қытай – Еуропа – Қытай бағытына тиесілі. Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы тасымалда негізгі рөл атқаратынын сеніммен айтуға болады. Қазақстан – Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жаһандық жобасын іске асыруда маңызды әрі сенімді серіктесі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз, – деді Президент. Бұдан бөлек, Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Астана халықаралық қаржы орталығына Дойче банктің ұсынысын зерттеп, Қазақстанда «жасыл инвестициялар» нарығын кеңейту бойынша нақты ұсыныс енгізу жүктелді. Медициналық қызмет көрсету экспорты саласында Үкімет жеке медицинаны және медициналық туризмді енгізу ісін дамыту жөніндегі General Electric компаниясының ұсынысын қарастырады. – Қазақстан – өзінің ғылыми әлеуетінің арқасында коронавирусқа қарсы QazVac отандық вакцинасын әзірлеп шығарған аз ғана елдердің бірі. Өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорымен кездесу өткіздім. Бұл ДДСҰ QazVac вакцинасын төтенше жағдайларда пайдалануға кеңес беретін дәрі-дәрмектердің тізіміне енгізуді қарастырып жатыр. Біз вакцина көлемін арттыруға және оны шетелге экспорттауға дайын екенімізді атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Шетелдік инвесторлар өз сөздерінде таңдалған тақырыптың маңызы мен өзектілігін атап өтіп, Қазақстанда шикізаттық емес экспортты дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Президент жиынға қатысушылардың Қазақстандағы салық жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі ұсыныстарына жауап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қалдықсыз жасыл технологияларды енгізу жөніндегі Кеңес мүшелерінің ұсыныстары, өзінің осы салада берген тапсырмаларымен үндесетінін айтты.