Diamond Park-тің дауы бітпей тұр
Diamond Park-тің дауы бітпей тұр
160
оқылды

70 миллион теңгенің актісіне қол қойылды

«Қосшылықтар 5 маусым күні мердігер құрылыс компаниясына Республика көшесінен 70 миллион теңге сомасына орындалған жұмыс актісіне қол қойылғанын білді. Бірақ ол жердегі жұмыстарға, шын мәнінде 1 миллион теңге де жұмсалған жоқ. Қопарылған бордюр, аударылып-төңкерілген тротуардан жаяу адам жүріп өтуі қиын. Енді жақында қол қойылған орындалған жұмыс актілерінен кейін аудан әкімдігі мердігер компанияны сотқа берді. Ал соттың қашан аяқталатыны бел­гісіз. Бұл біздің баспанамыздың тағдырының шешілуіне де кері әсерін тигізетіні анық», – дейді Ирина Дюсе­кеева есімді Diamond Park тұрғыны.

Үнімізді Президентке дейін жеткіземіз!

Тұрғындар Қосшыдағы қордаланған көп мәселелерді шешудің жалғыз жолы – ауылдың елордаға қосылуы деп біледі. Әлеуметтік желілерге осылай үн қатқан тұрғындар рұқсат етілген митингке шығып, Президентке үндеу жазып, барлық деңгейдегі әкімдерге сенімсіздіктерін ашық білдірмек. «Біздің әлеуметтік желілерде өзіміздің жеке парақшамыз бар. Барлық толғағы жеткен күрделі әрі өткір мәселеміз сонда талқыға салынады. Жақында ғана рұқсат етілген митинг өткізуге және Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жариялауға шешім қабылданды. Мұнымен қоса, барлық деңгейдегі әкімдерге ашық түрде сенімсіздік білдіреміз», – дейді Ирина Дюсекеева. Тұрғындардың ауыр толға­нысын тудырған жайдың жағдайын ауданның әкімінен білмек болдық. Бірақ аудан әкімімен тілдесу мүм­кін болмады. Сауалымызға аудан әкімінің орынбасары Қанат Ағзамұлы өз жауабын ұсынды. «Облыс әкімі Ермек Маржық­паев мұнда болып жатқан барлық жағдайдан хабардар. Бірақ халық­пен мәселенің бәрін біржақты етіп толық шешкен кезде бір-ақ кездес­пек ниетте. Жақында прокуратура, мүдделі органдар, жердің иесі және құрылыс компаниясы өкілдерімен жиын өткізілді. Қазір бұл мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жер иесі мен құрылыс салушы компаниялар («Азбука Жилья», «Астана Строй» ЖШС, тағы басқа) арасында жердің ақшасы төленбеді деген дау бар. Жер иесі өзіне ақша­сының төленгенін талап етіп отыр. Мәселе енді тек сот арқылы ше­шімін табуы мүмкін. Біздің қолы­мызда емес», – дейді Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Қанат Ағзамұлы. Мәселені жер учаскелерін құрылыс салуға беріп, тұрғын үй салынғаннан кейін барып ақшасын іздеген жер иесімен де тілдестік. Оның айтуынша, кезінде ол сенім білдіріп, құрылыс салуға жерін берген. Енді құрылыс салушыдан тиісті ақшасын төленуді талап етіп отыр.

170 миллион теңгемді төлесін!

«Менен несін сұрайсыз? Мен жеріме ақшамды ала алмай отыр­мын. Құрылыс иесі маған ақшамды төлемей отыр. 170 миллион теңге менің қарызымды төлесін. Үйлерін сатсын, меншіктегі құрылысын сатсын, бірақ менің ақшамды қайтаруы тиіс. Барлық мәселе жа­қында облыс әкімімен өткен кез­десуде де, оған дейін де талай ай­тылды. Осындай жағдайдың туын­дағанына менің қатысым қан­ша? Сұрағыңызды құрылыс салған ком­панияға қойыңыз. Мен өз ақ­шам­­ды ала алмай жүрген адам- мын», – дейді Diamond Park тұрғын үй құрылысы салынып тасталған жердің иесі Андрей Боргенс. Сонымен, таяқтың барлық ұшы 20 үйді заңсыз салған құрылыс ком­паниясына тірелді. Бірақ қанша рет тілдеспек болған әрекетімізден түк шықпады. Мердігер компания иесі Арнай мырзамыз телефонын кө­термеді. Ал әкіммен өткен кездесу барысында аталған мәселе жөнінде  ол былай деді: «Мен 20 үйдің 18-ін толығымен тапсырдым. Барлық пәтер кілтін тұрғындарға тапсырдым», – деді ол жиында сөйлеген сөзінде. Бірақ тұрғындардың мұнымен келіскісі жоқ. «Оның барлық айтқан сөздері толығымен жалған. Ол тек 39, 38, 73-үйлерді салды. Салынғанымен бұлардың бәрі салынуы жағынан да, құжаттары жағынан да заңбұзу­шылық жетерлік. 19, 20, 11-үйлер аяқталмаған. Жер сатып алынбаса да  пәтер сатылған. Тағы 40 және 41-үйлер бар. Олар тіпті де салын­баған. Жерді де сатып алмаған. Барлық заңбұзу­шылық­тарды көр­сетсек те ол құрылысты салған мен емес деп шықты. Қазір 16-үйде адам­дар тұрып жатыр. Міне, осын­дай тұйық шеңберге айналған жағдай», – дейді Ирина Дюсекеева.  

P.S.

Сонымен, елордадан  10 ша­қырым жердегі Қосшы ауылындағы Diamond Park  мәселесі жылдарға созылса да шешім табуының ауылы әлі алыс сияқты. Толғағы жеткен жағдайды облыс әкімі тікелей бақылауына алыпты. Түйін тар­қатыла ма? Бұл келер күннің ен­шісінде...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы