Мемлекеттік тіл мәртебесі асқақтаған жылдар...
Мемлекеттік тіл мәртебесі асқақтаған жылдар...
1
1,257
оқылды

Қазақстанда Заман қалай өзгерді?

Қазақстанда «Тіл туралы» заң ең алғаш КСРО кезінде 1989 жылы қабылданған еді. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» заңы деп аталған құжатта «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады» делінген. Ол заманда елдегі қазақтардың саны – 39,7 пайыз, орыстардың саны 37,8 пайыз болатын. Сондықтан екі ұлттың қарасы деңгейлес болған­дықтан, мұндай заңның қабыл­дануына түсіністікпен қарау да керек шығар. 1990 жылы Алматыда «Қа­зақстандағы тіл саясаты және оны жүзеге асыру жолдары» атты рес­­публикалық ғылыми-тәжі­рибелік конференция ұйым­­дастырылды. Мұнда тіл саясатын жүргізудің тео­риялық және прак­тикалық мә­селелері талқыланып, ел аума­­­ғында қазақ тілін және басқа тілдерін дамытудың 10 жылдық, яғни 2000 жылға дейінгі мемлекеттік бағдар­ламасы мақұлданды. 1993 жылы Қазақстан Рес­публикасының алғашқы Кон­ституциясы қабылданғанда, «Мем­лекеттік тіл – қазақ тілі» деп та­нылды. Осы бап 1995 жылы жаңа­дан қабылданған Ата Заңда тағы да аталып көрсетілді. Бұл кезде елімізде 16,6 млн адам тұрса, оның 46 пайызы (7,6 млн) қазақ, тағы 46 пайызы славян ұлттар – орыс, неміс, украин, белорус, тағы басқа болған еді. Кейінгі 1997 жылғы «ҚР Тіл туралы» заңда да «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару ор­гандарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген бап сол қал­пында қалды. Дегенмен мұнда мемлекеттік тілді қолданудың құқықтық не­­­гіздері, қазақ тілі мен басқа ұлт тіл­дерін оқып-үйрену және дамыту үшін жағдай жасау міндеті ай­шықты белгіленіп берілген. 1998 жылы қабылдаған Үкімет қаулысында «...мемлекеттік істің барлық салаларында мемлекеттік тілдің белсенді қолданылуы үшін басым жағдай жасау қажеттігі» ес­кертілген.

10 жылдық бағдарлама не берді?

2001 жылы Президент Жар­лығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасы» қазақ тілінің қол­даныс аясын мемлекеттік тіл мәр­тебесіне лайық кеңейтуді, ресми құжаттарды рәсімдеудегі оның рө­лін арттыруды көздеді. 10 жыл мерзімге есептелген бағдарламада Қазақстандағы тіл құрылысының ұзақмерзімді стратегиялық ба­­­сым­дықтары, мақсаттары мен мін­деттері айқындалды, оларды жүзеге асырудың басты бағыттары мен іске асыру тетіктері белгіленді. Тұңғыш Президентіміз – Ел­басы Н.Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жол­­дауларында, басқа да алқалы жиын­дарда мемлекеттік тілді дамытуды ұдайы айтып жүрді. 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында мемлекеттік тіл жөнінде жасаған баяндамасында: «Патриотизммен тығыз бай­­ла­­ныс­ты мемлекеттік маңыздағы мә­­­селе – мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді нышан. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» деп атап өткен болатын. Елбасы «15 жыл­дан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» деп ашына айтқан еді. Осы жылы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жө­ніндегі комиссия құрылды. 2009 жылы көпшілік талқы­лауынан өтіп бекітілген «Ел бірлігі» доктринасына қазақстан­­дық­­тардың қазақ тілін білуін мін­деттейтін тармақ енгізілді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілін 2017 жылы халықтың 80 пайызы, 2020 жылға қарай 95 пайызы иге­ріп, ендігі 10 жылда мектеп түлек­терінің 100 пайызы осы тілде еркін сөйлеуі керек» деп, осы міндеттерді жүзеге асыру үшін тиісті салалар мен жергілікті атқарушы орган­дарға тапсырма бергені естеріңізде болар. 2009 жылғы санақ барысында республикадағы немістердің 24,7 пайызы, орыстардың 25,3 пайы­­зы, украиндардың 21,5 пайы­зы, поляктардың 20,9 пайызы, белорустердің 19 пайызы «қазақ тілін білеміз» деп мәлімдеген. Яғни, еуропалық ұлттардың 1 мил­лионнан астамы қазақшаны еркін түсінген. Ал түркі ұлтының өкілдері мемлекеттік тілді тіпті тамаша меңгергенін көреміз: өзбектердің 95,5 пайызы, ұйғырлардың 93,7 пайызы, қырғыздардың 92,7 пайы­зы қазақша сөйлеген. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің басты фак­­то­рының бірі – ол тілді қолдану­­шылардың көптігімен есептелетіні түсінікті. 2013 жылғы деректер бойынша халықтың этноқұрамы келесідей: қазақтар – 65,2 пайыз, орыстар 21,8 пайыз болған еді. 2015 жылы Елбасымыз тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйы­мында қазақша сөйлеп, бүкіл әлем президенттері алдында қазақ ті­лінде баяндама жасап, Қазақ хан­дығының 550 жылдығына керемет тарту жасаған еді. 2018 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында: «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек мем­лекеттік тілде жүргізілуі тиіс» деп нақты тапсырма берді. «Мемлекеттің болашағы – ба­лалар» деген қағидаға сүйенсек, 2018 жылы қазақ мектептеріне баратындар саны 92 пайызға жетті! Ал 2020 жылы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ABAI TV арнасына берген сұхбатында «Қазақстан халқы – 19 миллионнан, қазақтардың саны 78 пайыздан асты» деген мәлімдеме жасады. Оған қоса, ресми ақпараттарда славяндық диаспора өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін меңгергені анықталды.

Ұлтаралық қатынас тілі

2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев республика Президенті болып сайланғаннан кейін, ха­лыққа арнаған алғашқы Жол­дауында: «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп атап көрсетті. Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2019 жыл­ғы 6 қыркүйектегі отырысында ұлт зиялылары кезекті рет Кон­ституциядағы «мемлекеттік ұйым­дарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қол­данылады» деп көрсетілген тар­мақты алып тастап, «Мем­лекеттік тіл туралы» заң қабылдау мәселесін көтерді. Үндеу халықтың қызу қолдауына ие болды. Мәдениет және спорт министрлігі бұл ұсы­нысты өндіріске алып, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай «Мемлекеттік тіл туралы» заң жо­б­а­сының тұжырымдамасын жасап, Үкіметке жіберді. 2019 жылы Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мәресіне жетті. Енді Үкіметтің қаулысымен Қазақ­станда тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы бекі­­тілді. Бағдарламаның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ре­тіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын гра­­фикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаң­ғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу. Бағдарлама аясында мем­ле­­­кеттік қызметтің «Б» корпусының лауазымына орналасуға үміт­кер­лерге «Қазтест» жүйесі бойын­ша шекті мән белгілей отырып, тес­тілеуден өткізуді енгізу жос­пар­ланған. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерге тілдерді меңгеру бойынша талаптар белгілеу мәсе­лесін пысықтауда. Бүгінде «Аза­маттарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы» АҚ та­лабына сәйкес, халыққа қызмет көрсету орталықтары қызмет­кер­леріне қазақ тілін білу мін­дет­телген. «Мемлекеттік тіл тура­лы» заңның талабына сәйкес, мем­лекеттік органдардың актілері мем­лекеттік тілде әзірленіп, қа­был­данады. Қазір мемлекеттік ор­гандар дайындайтын ісқа­ғаздардың 93 пайызы қазақ тілінде. Президенттің 2020 жылғы Жар­лығына сәйкес тілдерді дамыту саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Білім және ғылым министрлігіне берілді. Бүгінде республика аумағында қазақ ті­лінде үйрететін 99 мемлекеттік орталық жұмыс істейді, оларда оқыту тегін. Мемлекеттік тілдің қол­да­­ны­лу аясын кеңейту мақсатында құ­рылған Tilalemi.kz порталы, Atau.kz ономастикалық базасы, Emle.kz орфографиялық базасы, Тer­min­com.kz базасы, Tilmedia.kz үштілді сайты, балаларға ар­налған Balatili.kz, мемлекеттік тілді үй­ретуге арналған «Тіл-құрал» веб-сервисі және барлық сала құ­­жаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұс­қаулығы бе­рілген Qujat.kz (Құжат.кз) сайт­тары жұмыс істейді. Теrmin­com.кz сайтының базасында жұрт­шы­­лықты тер­минологияның жай-күйі мен термин жасаудың негізгі прин­циптері жөнінде ха­бардар ете­тін электронды алаң іске қо­сылды. Сондай-ақ термин­­дерді тұр­ғындармен талқылау үшін элек­­тронды ашық алаң құрылды. Ұлттық терминологиялық ко­мис­­сия жанынан 18 салалық тер­­минологиялық секция құ­рылды. Әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тіркестерді, көнерген сөздер мен кірме сөздерді, жаңа сөздерді тү­­сін­дірмесімен онлайн іздеу функ­циялары бар Sozdikqor.kz порталы құрылды. Жыл сайын «Мем­­ле­кеттік тіл және БАҚ», «Тіл ше­бері», «Тілдарын», Абай атын­дағы көр­кемсөз оқу шеберлерінің бай­қауы, түркі, славян жазбалары мен мә­дениеті күндері және басқа да түрлі форматты іс-шара өт­кізіледі.

ТҮЙІН:

Қазақ тілі әлемдегі 6 мыңға жуық тілдің ішінде қолдану өрісі бойынша 70-орында тұр, ал тіл байлығы мен көркемдігі, ора­лымдығы тұрғысынан алғашқы ондыққа кіреді. Сондай-ақ дүние­жүзіндегі ауызша және жаз­баша тіл мәдениеті қалыптасқан 600 тілдің арасында мемлекеттік мәр­тебеге ие болған 200 тілдің қата­рында.

Дәулет АСАУ