«Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі тұрғындар үшін тиімді
«Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі тұрғындар үшін тиімді
551
оқылды

ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова бастаған ақпараттық-түсіндіру тобы Атырау облысына жұмыс сапармен келді.

ҚР Президентінің көмекшісі Тамара Дүйсенова «Nur Otan» партиясының Атырау облысы бойынша филиалында кездесу өткізді. Ардагерлер, ҮЕҰ, жастар қоғамдық бірлестіктері өкілдері, белсенді азаматтар мен БАҚ өкілдері қатысқан жиында ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі мен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің жұмысын кеңінен талдап түсіндіріп өтті. Президент 2020 жылы 29-маусымда қол қойған ҚР Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі биылғы 1-шілдеден бастап күшіне енеді (ӘРПК). Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Концепциясының іргелі нормативтік құжаты. «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі ұғынықты түсіндірілген жиында қоғам өкілдері тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова нақты жауаптар берді. Бұдан соң облыс әкімдігінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбековтің төрағалығымен өткен жиынға әкімдіктегі жауапты сала мамандары, департаменттер, құқық қорғау органдары, басқарма және тиісті мекеме басшылары, аудан әкімдері, сондай-ақ селекторлық режимде ауылдық округ әкімдері қатысты. Серік Айдарбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «халық үніне құлақ асатын мемелекет» тұжырымдамасының маңыздылығын атап өтті. Сосын осы жылдың 1-шілдесінде күшіне енетін ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес, өтініштерді қарауды жетілдіру мақсатында жаңа форматқа көшу үшін істеліп жатқан жұмыстарды баяндады. «Қазіргі таңда Атырау қаласы мен барлық аудандарда сервистік әкімдік жұмыс істеуде. Сонымен қатар, кодекс талаптарын түсіндіру бойынша барлық мемлекеттік қызметшілер оқудан өтіп, тиісті сертификаттарын алды. «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне 213 мемлекеттік мекеме қосылып, өтініштерді өңдеу жұмыстары ұйымдастырылуда. Жалпы азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданған реформалардың маңыздылығын ескере отырып, алдағы уақытта бұл жұмыстар әкімдіктің тікелей бақылауында болады»,-деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Серік Айдарбековтің айтуынша, тұрғындардан келіп түскен өзекті мәселелер негізінен жер және тұрғын үй, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері бойынша тіркелген. Ал, өз кезегінде ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сай өтініштерді жаңаша қарау тәртібін жан-жақты түсіндірді. «Бірінші тоқсанда Президент Әкімшілігіне 449 мыңнан астам арыз келіп түскен. Мұның ішінде 50 пайызы жергілікті атқарушы органның үлесіне тиесілі», – деген Т.Дүйсенова кодекс талаптарына сай, бұрын арыз 30 күн ішінде қаралатын болса, енді 15 күнде қаралатынын және әр түскен арызға әкімшілік іс ашылатынын жеткізді. Айта кету керек, облыста жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдарға 16 мыңға жуық өтініш түссе, олардың 20 пайызы қанағаттандырылып, қалғанына заңға сәйкес түсініктеме берілген. Атырауға іс сапар аясында Тамара Дүйсенова Махамбет ауданында болып округ әкімдерімен жүздесуде жаңа жүйенің жүзеге асырудың жолдарын түсіндіріп, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. «е-Өтініш» – өтінішті қараудың бүкіл тарихы сақталатын біртұтас база, ол барлық мемлекеттік және сот органдарына, сонымен қатар өтініш берушілерге қолжетімді болады. 1 шілдеден бастап кезең-кезеңмен «е-Өтініш»-ке өту басталады, ол бойынша азаматтардың өтініштері мемлекеттік органдарға біртұтас ақпараттық жүйе арқылы түсетін болады. Айтарлығы бұл жүйені тиімді пайдалану халық пен билік арасын жақындатып, халық өз өтініштерімен мекемелердің табалдырығын тоздырудан арылады.

Тұрсын Жұмабекқызы, Атырау облысы