6 мыңға жуық жас маман жұмысқа орналасады
6 мыңға жуық жас маман жұмысқа орналасады
220
оқылды

«– Облыста 14-тен 28 жасқа дейінгі жастар саны 98 910 адамды құрайды, бұл облыс халқының 18,2%-ы. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы студент жастардың саны – 18 224 адам. Жастар үшін бағдарлама аясында 5 бағыт қарастырылған: азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұ­мысқа орналастыру және жұмыс­пен қамту, жас отбасыларды қол­дау және қолжетімді баспана, сондай-ақ жеке тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін облыстық, қалалық және аудандық Жол карталары жеке әзірленді. Өңір бойынша барлығы 775 кешенді іс-шараны іске асыру жоспарлары жасалынып, 358 ин­дикатор айқындалды. Об­лыстық Жол картасы 34 нақты индика­тордан және 72 кешенді іс-шарадан тұрады, – деді «Jas Otan» Жастар қанаты Солтүстік Қа­зақстан облыстық филиалы төрағасы Біржан Құдайбергенов. Бағдарламаның негізгі бағыты – жұмыспен қамту және жастар арасындағы жұмыссыздық дең­гейін төмендету. Осылайша, Жол картасы шеңберінде жыл сайын кемінде 5,8 мың жастар өкілін жұ­мысқа орналастыру, 1,5 мың жасты өз бизнесін ашу дағды­ларына үйрету, «Бастау Бизнес» және «Жас Кәсіпкер» жобалары шеңберінде 500-ден астам кредит пен грант бөлу жоспарланған. Өнеркәсіпте жаңа кәсіпорындар құру арқылы жас мамандарға жұмыс орындары ұсынылады. Студент жастарға да ерекше көңіл бөлінеді. Қазір өңірлік жоғары оқу орнының материал­дық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүргізіледі, биыл заманауи технологиялармен және 73 зертханамен жабдықтал­ған оқу-зертханалық корпустың құрылысы аяқталады. ЖОО сту­денттері үшін 500 орындық 2 жаңа студенттік үйдің құрылысы қолға алынды. Сонымен қатар қала колледждерінің оқушылары үшін 488 орындық тағы 2 жатақхана салынып жатыр. – 2017 жылмен салыстырғанда облыста мектеп түлектерінің кетуі 30% -дан 12%-ға дейін төмендеді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарла­масының табысты жүзеге асы­рылуы арқасында біз ауылдарда мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешуді жоспарлаймыз. Сондай-ақ «Серпін-2050» бағ­дарламасы жүзеге асырылуда, 2014 жылдан бастап аталған бағдарлама бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазакстан универси­тетіне 1 546 адам келіп оқуға түсті. Облыста жастардың 30%-дан ас­тамы денешынықтырумен және бұқаралық спорт түрлерімен ай­на­лысады. Сонымен қатар спорт­шы жастарымызға 3 мың орындық үлкен спорт сарайын салу арқылы қолдау көрсетіледі. Спорттық нысандар мен құрылыстар салу жоспарланып отыр, соның арқа­сында жастардың бұқаралық спортпен қамтылуы 45%-ға дейін артады, – деп атап өтті партияның өңірлік филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов.

Әбілмансұр ЖАСАН