Ұлттық қор ұқыптылықты қажет етеді
Ұлттық қор ұқыптылықты қажет етеді
266
оқылды

Ел Парламенті мен Үкіметі «Nur Otan» Ұлттық қорды ұрпаққа сақтаған жөн

«Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында «Ұлттық қордан қосымша тран­сферттерді шектеу» көзделген. Депутаттар осы міндеттің орын­далуына мән берді. Есеп комитетінің есебіне сәй­кес, 2020 жылы Үкімет Ұлттық қор­ға түсетін барлық түсімнің 96%-ын жұмсап жіберіпті. Сондай-ақ Ұлттық қорға аударылуға жататын қаражаттың өзге мақсатқа жұмсалу фактілері болған. Бұл Үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъек­тілеріне «активтерді жекеше­лен­діруден түскен қаражатты олардың сыртқы және ішкі борышын өтеуге пайдалану құқығын беруіне» бай­ланысты. Жекелеген жағдайда Бюд­жет кодексін бұза отырып, Ұлт­тық қорға аудару орнына мұнай секторы компанияларының ақша­сы республикалық бюджетке есеп­телген. Мұның сыртында Ұлт­тық қордан 2020 жылы кепіл­дендірілген трансферт түрінде 4,8 трил­лион теңге шығындалды. Мәжіліс Төрағасы қордан әл­деқайда аз қаражат алуға бола­тынын айтты. – Егер бюджеттің кіріс бөлігі ба­­рынша тиімді қалыптасты­рыл­ғанда, Ұлттық қордан кепілден­дірілген трансфертті былтыр әл­деқайда аз көлемде тартуға болатын еді. Есеп комитетінің дерегіне жү­гін­­сек, былтыр Қаржы министр­лігі салықтық және кедендік әкім­­шілендіруді жақсарту есебінен бюд­жет кірісіне қосымша 1,5 трил­лион теңге түсетінін болжапты. Іс жүзінде бұдан небәрі 221 миллиард теңге түскен. Яғни, шамамен 1,3 трил­­­­лион теңгеге кем жинады. Осыдан-ақ Үкіметтің қызметіне ба­ға беруге болады, – деді Н.Нығ­матулин. Әрине, ел Үкіметі өткен жылы пандемия кесірінен бизнес тоқы­рағанын, өндірістер тоқтаға­нын алға тартып, ақталады. Алайда ка­рантиннен негізінен, микро, ша­ғын және орта бизнес, әсіресе сау­да, ойын-сауық, қоғамдық та­мақ­тандыру орындары көбірек зардап шекті. – Мұның бәрі сөзсіз, кіріске ық­пал етті. Бірақ шағын және орта бизнес ЖІӨ-нің тек 30%-ға жуығын ғана береді. Ал мұнай-газ, тау-кен, машина жасау секторларының табысы қайда? Үкіметтің есебінде бұл салалардың жыл сайын өсіп келе жатқаны атап өтілген. Панде­мияға қарамастан, мұнай, метал бағалары жоғары болып қалды. Өсіп те жатыр. Егер дұрыс, сауатты әкімшілендіргенде, бұл салалардан жүздеген миллиард теңге қосымша кіріс келіп, Ұлттық қордан алы­натын трансфертті соншаға азай­туға болатын еді. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұр­сұлтан Назарбаевтың баста­масымен құрылған Ұлттық қор дағдарыстар соққысын жұмсартып, экономиканы қаншама күйзелістен құтқарып келеді. Сонымен бірге Ұлттық қор болашақ ұрпаққа ар­налған қор екенін ұмытпауымыз керек, – деді Мәжіліс Спикері. Ендеше қорды ағымдағы шы­ғындарға жұмсай бермеген жөн. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы тұңғыш Жолдауында Үкіметке Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселе­лерді шешуге бағытталуын қыс­қарту міндетін қойды: «Бұл – ке­лешек ұрпақтың қаржысы. Ұлттық қордың трансферттері бәсекеге қабілетті экономиканы қалып­тас­тыруға бағытталған бағдарлама­­ларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек», – деді Мемлекет басшысы. – Осындай міндетті біздің «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев та қойып келеді. Бұл талап партиямыздың сайлауалды бағдарламасында қарастырылған. Бюджетті толтырудың баламалы көздерін іздеу керек. Бұл үшін тұтас министрліктер құрылған. Үкіметтің тұтас қанаты соған жұмылған. Бұл мәселе «Nur Otan» фракциясының бақылауында тұр. Сондықтан Әли­хан Асқанұлы, Үкіметтің қаржы­лық-экономикалық блогы, дайын болыңыздар! 2021 жыл қорытынды­сында партиямыздың фракциясы отырысында бұл мәселені жеке қараймыз. Ел басшылығының бұл тұрғыдағы тапсырмалары қалай орындалып, Ұлттық қор қаражаты қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын талқылаймыз. Келістік қой? – деп сұрады Нұрлан Зай­роллаұлы. Премьер-Министрінің І орын­басары Ә.Смайылов келіскенін білдірді.

Қарыз ақша қадағалауда болуы қажет

Мәжіліс Төрағасы өткен жылы бюджетті игеру ерекше жағдайларда жүзеге асырылғанына назар ау­дарды. – Былтырдан бері елімізде қа­лыптасқан жағдай баршаңызға белгілі. Бүкіл әлемді қамтыған ко­ронавирус пандемиясы өмірімізге көптеген өзгеріс әкелді. Бірақ мем­лекетті дамыту, халқымызды қорғау жолындағы жұмыстар бір күнге де тоқтаған жоқ. Алмағайып шақта әлеуметтік-экономикалық тұрақ­тылықты сақтау жұмыстары дер кезінде қолға алынды, – деген Н.Нығ­матулин қазақстандықтарды қолдау үшін дағдарысқа қарсы шаралар қабылданғанын, мол қа­ражат барлық әлеуметтік мін­дет­темені орындауға және отандық экономиканы қолдауға ықпал ет­кенін айтты. Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар жұмыссыздықты 4,9% деңгейінен асырмауға және орташа айлық жалақыны 7,3%-ға ұлғайтуға жол ашыпты. Ауыл ша­руа­­шылығы өндірісінің өсімі 5,6% болды. Яғни, әлемдік эконо­ми­кадағы сілкіністер және күйзе­лістер, коронавирус пандемиясы Қазақстанды мемлекеттік бюджет шығыстарын күрт ұлғайтуға мәж­­бүр етті. Сонымен бірге бюджет қа­ражаттарын игерудің тиімділігін, ұтымдылығын және нәтижелілігін қамтамасыз ету тиісті дәрежеде бол­май тұр. Спикердің байламынша, бұл тұрғыда проблемаларды шешуге жүйелі көзқарас керек, сонда ғана азаматтардың өмір сапасын арт­тыру бойынша ел басшылығы қой­ған барлық міндет толыққанды орындалады. Бюджеттің тапшылығын жабу үшін Үкімет 2020 жылы сырттан 297 миллиард теңге қарыз алыпты. Нұрлан Зайроллаұлы қарыз ақша­ны пайдалану саласын тәртіпке кел­тіруге шақырды. – Министрлер шетелдік банк­терден қарыз қаржыны өз білге­нінше ала бермеуі қажет. Бұл са­ланы тәртіпке келтіру үшін арнайы комиссия құрылғанын білемін. Біз де қазір заң жобасымен жұмыс істеудеміз: ол сырттан негізсіз заем алғаны немесе оны уақытында игер­­мегені үшін мемлекеттік ор­ган­дардың бірінші басшыларын жауапқа тартуды қарастырады. Егер қосымша заңнамалық тетіктер қажет болса, ұсыныс енгізіңіз. Біз оларды қолдаймыз, – деді Мәжіліс Төрағасы бірінші вице-премьер Әлихан Смайыловқа қайырылып. Тұрақты жұмыс орындарын құ­ру мәселесіне ерекше көңіл бө­лінді. Депутаттар оның түйт­кіл­дерін депсауалдарында талай кө­терген. Ресми дерек бойынша «Жұ­мыспен қамту жол картасы» аясында 2020 жылы 239 мың адам жұмысқа орналастырылған. Алайда соның тек 11 мыңы ғана тұрақты жұмыс тауыпты. Қалғаны – уақыт­ша, маусымдық жұмыс орындары. Тақырыптың өзекті екеніне екпін түсірген Н.Нығматулин уақытша жұмыс орындары проблеманы тек уақытша ғана шешетінін айтты. Халықты тұрақты еңбекпен қамту көркем есептер мен баяндамалар үшін ғана қажет емес. Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатының жақ­саруы соған тікелей бай­ланысты. Тұтастай алғанда, Мәжіліс Спи­керінің пайымдауынша, рес­публикалық бюджеттің игерілу тиім­ділігін арттыру үшін бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржы­ландыруға деген тәсілді қайта қа­рау, квазимемлекеттік сектор ак­тив­­терінің қайтарымын арттыру керек болады.

Рекордтық қаражат жұмсалды

Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунованың мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсыр­малары негізінде халық пен биз­несті қолдауға бұрын-соңды бол­маған рекордтық қаржы жұмсалды: бюджет сыртында, қаржылан­ды­рудың барлық көзінен қосымша 7 триллион теңгеге жуық қаражат іздеп, табылған! Соның арқасында Қазақстан экономикасының күрт құлдырауының алдын алуға және сыртқы күйзелістерден болатын салдарларды елеулі түрде жұмсар­туға қол жеткізілді. «Күрделі экономикалық жағ­дай­­­­ларға қарамастан, бюджет әлеу­меттік бағытын сақтап қалды. Ел қазынасының 44%-дан астамы әлеу­меттік секторға бағытталды. Бірақ пайдалану тұрғысынан да теріс серпін бар. Тиімсіз жұмсалған қаражат көлемі 2019 жылмен са­лыстырғанда 33%-ға немесе 570 мил­­­­лиард теңгеге дейін ұл­ғайды. Осыдан-ақ пандемияның салдар­ларын әлдеқайда жеңілдету бойын­ша қаншама мүмкіндікті жіберіп алғанымыз байқалады. Мұ­ның себептері бұрынғыға ұқсас: болжау­дағы қателіктер, жобаларды жеткі­ліксіз қаржыландыру, орын­дау ке­зіндегі нашар қаржылық тәр­тіп», – деді ол.

Салаларда ескі проблемалар шешілмеген күйде қалды

«Есеп комитеті жер ре­сурс­тарының басқарылуына аудит жүр­гізуді аяқтады. Соның аясында кар­тография мен геодезияны қарап өттік. Жағдай аса жақсы емес. Жер ресурстарын дамыту стратегиясы түгіл, тіпті тұжырымдамасы да жоқ. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда жекелеген индикатор мен көрсеткіштер жоспарланған, олар жер балансының жалпы да­муын да, санаттар бойынша да бағалауға мүмкіндік бермейді. Бұл функциялар Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитетіне жүктел­ген. Ол барлық жер қорымен ны­саналы түрде айналысуы керек. Геодезияда осы күнге дейін 1942 жыл­­ғы координаттар жүйесін бас­шылыққа аламыз!» – деді Есеп комитетінің басшысы. Өңірлердің бірқатарында жер учаскелерін иеліктен шығару Үкі­мет қаулысын қабылдаусыз, ау­дан әкімдігінің қаулысымен жүргі­зілген. Ал бұл сыбайлас жемқорлық үшін алғышарт. Айтқандай, квазимемлекеттік секторда, ұлттық компанияларда тек былтырдың өзінде 60 жүйелі проблема мен кемшілік анық­тал­ған. Есеп комитеті 41 миллиард теңгенің қаржылық бұзушы­лық­тарын әшкереледі. 340 млрд теңгеге жуық активтер тиімсіз басқарылған. Мәжіліс Үкімет пен Есеп коми­теттерінің есебін бекітті. Бірақ оны талқылау барысында беті ашылған мәселелерді «Nur Otan» фракциясы ары қарай қарап, шешілуін қада­ғалауды жалғастырмақ.

Айхан ШӘРІП