Айымдар ауыр еңбекті неге аңсайды?
Айымдар ауыр еңбекті неге аңсайды?
203
оқылды

Өз обалы өзіне ме?

Әйелдерді жолатуға болмайтын тізім еріккеннен түзілмеген. Зұлмат жылдарда, нәубет кездерде, соғыс тұсында және одан кейінгі шақта аналардың, қыз-келіншек­тердің жұмысты таңдап жүруге мұршасы болмады, ерлер қатарлы ауыр еңбекті ең­серді. Сондықтан КСРО Мемлекеттік ең­бек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитеті мен Бүкілодақтық кәсіп­одақ­тардың орталық кеңесі (ВЦСПС) прези­диумы 1978 жылғы 25 шілдеде №П10-3 қаулыны «әйелдерді ауыр жұмыстан босатудың», яғни азаттық берудің ізгілік қадамы ретінде қабылдады. Құжатта дәл солай жазылған: «Министерствам и ведом­ствам СССР, Советам Министров союзных республик на основании постановления осуществить освобождение женщин от выполнения работ, предусмотренных настоящим списком». Одақтық тізім 431 мамандықтан тұрды. Кеңес Одағы күйрегенде Қазақстан бұл тізімді мұраға алып қалды. Тек 1997 жылы еліміздің төл тізімі жасалды. Ол 300-дей мамандықты қамтыды. Еңбек ресурстары мен еңбек эко­номика­сына маманданған зерттеуші, профессор Елена Варшавская бұл тізім бекер қабылданбағанын жеткізді. «Кейбір кәсіп пен жұмыс орындарын­дағы еңбек жағдайлары әйелдер бойында дерттердің даму қаупін төндіреді. Мысалы, ұдайы діріл-вибрация, электромагниттік сәулелендіру, зиянды заттардың ықпалы остеопороз қатерін арттырады. Әйткенмен, мемлекеттің тыйым салудағы басты көз­дегені – әйелдердің репродуктивтік денсаулығын қорғау. Әрине, феминистер зиянды кәсіптерден ерлердің де репродук­тивтік денсаулығы зардап шегетінін алға тартады. Алайда ерлер баланы ұрықтан­дыруға ғана қатысады. Ал ана болса, баланы жатырында өсіреді, бойындағы бар нәрін ғана емес, жаманын да бөбекке береді. Сол себепті эмбриотроптық, тератогендік және басқа да факторлардың ұзақ әсер етуімен байланысты жұмыстарға әйелдердің баруына жол жабылған», – дейді сарапшы. Осы тізімде қазір негізінен металл құюшы, бульдозер, автогрейдер секілді ауыр техника жүргізушісі, шахтер, бірқатар құрылыс, мұнай-газ, тау-кен мамандық­тары сияқты әйелдер түгіл алып арыстың денсаулығынан сау-тамтық қалдырмайтын кәсіп түрлері қалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ұстанымы қандай? Ведомство Қазақстанда әйелдердің еңбегін пайдалану шектелетін жұмыстар тізімін алып тастау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл мәселе меморганда өткен арнайы дөңгелек үстелде қаралыпты. Іс-шараға адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, меморгандардың, ҮЕҰ-лардың, яғни феминизм идеяларын елімізде таратып жүрген бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар қатысқан. Жиында қолданыстағы Еңбек кодексі­нің 16-шы және 26-баптарына өзгерістер енгізіп, әйелдер еңбегін пайдалануды шектейтін жұмыстар тізімін алып тастау мәселесі қаралды. Айта кету керек, қазір бұл тізімде 213 кәсіп пен жұмыс түрлері бар. Бұл кәсіптер – ауыр, зиянды және аса қауіпті еңбек жағдайларын қарастырады.

Тыйымның бір бөлігі тізбеден тізімге көшеді

«Бұл тізімді жою  әйелдердің барлық жұмысқа тұра алуын қамтамасыз етеді, сол арқылы олардың жұмысқа орналасу мүм­кін­дігін кеңейтеді. Сондай-ақ кемсіту­шілікке жол бермеу бойынша рати­фикация­ланған халықаралық құжаттар аясында Қазақстанның өзіне алған міндеттемелерін орындауына мүмкіндік береді. Бұл ретте кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесі аясында, сонымен қатар денсаулық сақтау, ана болуды қорғау мақсатында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің қолда бар тетіктеріне қосымша бірқатар шараны қарастыру ұсынылады» деп мәлім етті министрлік. Бұл нені білдіреді? Біріншіден, ондай жұмысқа келісім беру арқылы әрбір әйел өзіне жауапкершілік алады. Екіншіден, мемлекет емес, жұмыс беруші жауап береді: Еңбек министрлігі әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын кәсіптер мен жұмыс түрлерін енді «Жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақ­тығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне» енгізуге ниетті: бұл тізімде 8 940 жұмысшы кәсіп лауазымдары бар. Бұдан басқа, ведомствоның түсін­діруінше, ауыр жұмыстар, еңбек жағдай­лары зиянды, ерекше зиянды және қауіпті жұмыстар саласында, жерасты жұмыс­тарында еңбек шарттарын жасау үшін медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін қосымша медициналық қарсы көрсетілім­дермен кеңейту жоспарланған. Оны кеңейту барысында бала туу функциясымен байланысты әйелдер организмінің физио­логиялық ерекшеліктері ескеріледі. Құжат­қа әйелдер үшін жалпы шектеулерден басқа, аурулар мен патологиялардың 9 түрлі тобына қатысты шектеулер қосу ұсынылады.

334 мың әйел жұмыс іздеп жүр

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанның 18 миллион 940,4 мың тұрғынының 51,5%-ы – әйелдер. Яғни, елде 9 миллион 749,2 мың әйел бар. Дегенмен оның бәрі жұмысқа қабілетті жаста емес: үлкен бөлігін кәмелетке толмаған жас қыздар, еңбектеген сәбилер, еңкейген кәрілер құрайды. Ресми мәлімет бойынша, 2020 жылы ері мен әйелін қоса алғанда, еңбекке жарамды, экономикалық белсенді тұрғындардың жалпы саны 9,2 миллион адам болған. Соның ішінде 4,5 миллионға жуығы әйелдер. Оның 1,7 миллионы  ауылда тұрып жатыр. Әйел­дердің 4,2 миллионы жұмыс істейді. Оның 1,6 миллионы  ауылда еңбек етуде. Ресми статистикаға сенсек, қазақстан­дық әйелдердің арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,6%. Алайда әлеуметтік желіде көптеген азаматша жұмыспен қамту орта­лықтарының әртүрлі сылтаумен «жұмыс­сыз» ретінде тіркемей жатқанына шағым­данады. Кейбір сарапшы нәзік болмыс ие­лерінің ауыр жұмысқа еріккеннен ұмтылып отырмағанын алға тартады. Қазақстан­дықтар саны 18,9 млн екенін айттық. Алайда Ұлттық статбюроның дерегінше, 2021 жылғы I тоқсанда республика экономикасында тек 8,8 миллион адам ғана жұмысқа орналасқан. Жаһандық пандемия қаншама жанды жұмыссыз, кәсіпсіз қалдырды. Біраз өндіріс тоқырады, табыс пен клиенттен айырылған көптеген фирма жабылып тынды. «2021 жылдың I тоқсанында еңбек нарығына карантин шаралары қатты әсер етті. Жұмыс көлемінің төмендеуіне байланысты толық емес жұмыс күніне көшірілгендер, жұмыс берушінің бастама­сы бойынша аз сағат жұмыспен қамтыл­ғандар саны 7%-ға өсті. Мұндай адамдар саны – 259,4 мың адам. Қызметін тоқтатуы себепті уақытша жұмыс істемей­тін қазақ­стан­дықтар саны 12,1 мың адамды құрады. Оның ішінде 40,9%-ы – саудаға, 13,1% – қызмет көрсету секторларына, 6,9%-ы – көлік және логистикаға, 5,8%  білім беру ұйымдарына тиесілі» деп мәлім етті ұлттық статорган. Былтыр 334 мыңнан астам әйел «екі қолға бір күрек» іздеп, жұмыспен қамту орталықтарына жүгініпті.

Еңсе езер жұмысқа еріккеннен бармайды

Жұмыс күнінің қысқартылуы еңбек­ақының да күрт азайтылуына соқтырған. Көптеген компания ең төменгі жалақы (42 500 теңге) көлемінде ғана еңбекақы төлейді. Халықтың тұрмысы төмендеп барады. Әйелдердің өзі амалсыз көбірек ақша төлесе, ең ауыр жұмысқа жегілуге әзір. Белгілі кәсіпорын басшысы Мұратжан Ахметов әйелдер жұмыс сұрап келетінін, бірақ компания қызмет ерекшелігіне байланысты негізінен «зиянды» жұмыс орындарын ұсына алатынын айтады. Нәзік болмыс иелері оған да даяр көрінеді. «Біздің ұйымға бала туатын жастағы әйелдер келеді, тіпті газды-электрлі дәне­кер­леуші  болып жұмыс істеуге әзір. Қолдарында тиісті курстан өткенін растайтын аттестаты бар. Алайда 2015 жылғы 28 желтоқсанда қабылданған «Ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардың тізбесіне» сәйкес, дәл осы мамандық зияндыға жататын. Аталған тізім бойынша газды-электрлі дәнекерлеуші ретінде әйелдерді қабылдауға тыйым салынған. Әйтсе де, осы тізімге 2020 жылғы 4 мамырда өзгеріс енгізіліпті. Сөйтіп, енді осы тізімге енгізіл­ген және әйелдердің жұмысқа орналасуы шектелген жұмыстар бойынша кәсіпке немесе лауазымға әйелдерді алу туралы шешім қабылдауға жұмыс берушінің өзі құқылы екен. Бірақ ол үшін әйелге қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауымыз керек көрінеді. Мұның сыртында өндірістік нысан еңбек шарттары бойынша аттес­таттау нәтижесінде соған лайықтылығын растауы қажет», – деді М.Ахметов. Осыған орай ол аттестаты бар әйелдерді ауыр жұмысқа алуға болатын-болмай­тынын нақты айтуды сұрап, еңбек ведомствосына хат жолдапты. Еңбек министрлігі «қауіпсіз жағдай жасаңыз да, ала беріңіз!» деген сыңайда жауап қатқан. «Қазақстандық «Феминита» бірлестігі әйелдер үшін тыйым салынған кәсіптер тізімін жоюға тырысып жатыр. 2019 жылы мұндай шектеуден тіпті Өзбекстан мен Молдова бас тартты. Бұл ретте Өзбекстан­ның тізімі  әйелдерге тыйым салынған 450 мамандықтан тұратын. Оның алдында бұл тізімдерінен Армения, Грузия және Украина бас тартты. Еуропа және Орталық Азия өңірінде шектейтін тізімдер тек Қазақ­станда, Түркияда, Черногорияда, Әзербайжанда, Беларусьте, Ресейде, Қыр­ғыз Республикасында, Тәжікстанда ғана қалды», – дейді феминистік бастама бел­сендісі Жанар Секербаева. Шынында, бас тартты деген Молдовада тыйым салушы тізім жүкті, бала емізетін және жас босанған аналар үшін бәрібір сақталып қалды. Жалпы, кейбір феминис­тер «уағызында» айтылатын «мұндай қара тізім әлемде жоқ» деген тұжырым шындық­қа сай келмейді. Бүгінде дүниежүзіндегі 90 елде әйелдердің қандай да бір салада немесе өндірісте еңбек етуін шектейтін тізім бар. Демек, бұл – Кеңес дәуірінің қалдығы емес, кең таралған халықаралық тәжірибе. Қазақ елі бодан заманда жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған ұлт. «Әр ана менің жалғызым» дейтін жағдайда. Ендеше шенеуніктер демографияға нұқсан кел­тіретін қадамнан азат заманда аяқ тартқаны жөн. Еңбек министрлігінің бұл тірлігі әйелдер қауымын қауіпсіз жұмыспен қам­туға қабілетсіздігін мойындаумен бірдей сияқты. Қазіргі күрделі шақта шенеуніктер тізімді жойып, әйелдерді ауыр, зиянды жұмысқа итермелемей, олар үшін лайықты балама бола алар жұмыс орындарын құруға күш-жігер шоғырландырса игі.

Елдос СЕНБАЙ