Еліміз Мемлекет діннен бөлек, қоғам ше?
Бүгінде осындай қауіптердің бірі – исламның атын жамылған радикалды топтардың қарқын алуы. Әрине, олармен арнайы мемлекеттік органдар өте нәтижелі түрде күресуде. Әйтсе де, бұл жұмыстар көп ретте радикализм мен экстремизмге қарсы бағытталған. Ал шындығына келгенде, радикализм мен экстремизм бұл проблеманың салдары ғана. Қоғамға зияны тиетіні де осы тұс. Оны түпкілікті еңсеру үшін оның салдарымен бірге түпкі себептерін жоюға да мән беруіміз керек. Сондай-ақ радикализм белгілері неғұрлым ертерек анықталса, соғұрлым адамның дәстүрлі ортаға бейімделіп, жат діни түсініктен құлан-таза айығып кету мүмкіндігі де көбірек болмақ. «Жалпы, діни экстремизм мен радикализмге итермелейтін көптеген фактор бар. Солардың ішінде ең бірінші фактор діни ілімнің таяздығы және оны арнайы бекітілген мекемелерден алмауы. Жалпы, діни радикализммен жауапқа тартылып жатқан адамдардың басым көпшілігінің діни сауаты өте төмен. Бұл дегеніміз халықтың діни сауатын арттыру керек екенін көрсетеді. Ал дін жағынан білімі таяз адамдардың діни ақпаратты интернеттен іздейтіні белгілі. Сондайда олар қызығушылықпен ондағы діни ақпараттардың арбауына қалай түсіп қалғанын өздері де аңғармай қалады. Сонымен қатар дін саласында арнайы оқу орнын бітірген білікті мамандардың және ақпараттық кеңістікте дін саласы бойынша орыс тілінде сөйлей алатын (ұстаз, лидер, имам, теолог) мамандардың аздығы бір бөлек мәселеге айналып отыр. Жалпы, қазір деструктивті діни ағымдардың жетегінде кеткендердің көбі орыс тілінде сөйлейтін азаматтар. Жастардың дінге деген қызығушылығы күннен-күнге артуда, осыған байланысты дін ілімінде елімізде заманауи білікті маманның болмауы тағы бір фактор болып саналады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Діни зерттеу орталығының маманы Еркебұлан Шамшатов. Бұл мәселенің психологиялық және әлеуметтік жағы тағы бар. Психологиялық факторларға адамдардың ой-өрісінің дұрыс жетілмеуін, отбасы бақытын сезіне алмауын, өзіне деген назардың жетіспеушілігін, тағдыр тауқыметін тартып, одан әрі діннен жұбаныш іздеймін деп радикализмге ұрынуын, радикал болу арқылы өштескен адамдарымнан кек аламын деп ойлауын жатқызуға болады. Әлеуметтік факторларға келетін болсақ, тұлғаның әділетсіздікке ұшырауы, әлеуметтік ахуалы төмендігі, қоғамнан сыбайлас жемқорлықты көруі оны радикализмге итермелейді. Осы факторларды өз алдына дербес қарастырып, шешімін табатын болса, діни радикализмнің қаупі біршама сейіле түсуі мүмкін дейді мамандар.Туннельдік сана мен діни конверсия
Теріс ағымдарды терең зерттей бастаған теологтер бұрын діннен көп хабары жоқ адамның радикалдануындағы бір фактор осындай психологиялық күйлер екенін айтады. Онымен күрестің тиімділігін арттыра түсу үшін білікті мамандардың қатарын көбейтіп, насихат жұмыстарын қарқынды жүргізу қажет. Өйткені терроризммен күрестің ең алғашқы баспалдағы – сауатты да терең түсіндіру жұмыстарын жүргізу. «Радикалды-деструктивті идеологияларда проблеманы, алдына қойған мақсат-мүддені кең ауқымда және объективті түрде қарап талдай алмайды. Ол дегеніміз не? Қандай да болмасын мәселеге бейтараптылық тұрғысында баға бере алмау. Мысалы, дін, сенім, құдайға сену, мархабат жасау деген мәселенің барлығын біржақты ғана өздерінің мақсатына келтіріп қарайды. Бұл не деген сөз? Былайша айтқанда, діни құндылықтарды таныған кезде өзінің ішкі агрессивті ұстанымын араластыра отырып тану. Осылайша, рухани құндылықтарды бұрмалау және оны өзінің теріс ниетімен былғау. Діни туннельдік сана дегеніміз – осы, яки ешқайда бет бұрмай, сол тар дәліздің ішімен жүру деген сөз. Мұндай психологиялық сипат медицинада көбіне суицидке жақын адамның көңіл күйіне тән екен. Радикалды идеологияның да түп тамыры осы өзін-өзі құрбан ету жолына итермелейді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығы директорының орынбасары, теолог Жандәулет Сүлейменов. Оның сыртында «Рэмбо синдромы» деген бар екен. Ол ақырғы қадамға, яки, жаңағы айтқан суицидке бару жолында өзін батыр сезініп өлу. Санасына уын сепкен деструктивті идеологияға адалдығын дәлелдеу үшін ертегідегідей немесе кинодағыдай қаһармандық жасауға ұмтылып қалу дегенді білдіреді. Оны Ақтөбеде болған терракт дәлелдеді. Радикалды күйге душар болғаны сондай, оларға «шейхтері» қаруды өздерің табыңдар деп бұйырғанда, «Паллада» қару дүкенін тонағандар, оңай құрбан болатынын ойламаған. Тергеу кезінде «егер осылай өлсем, шейіт болам, қабірде ешкім сұрақ алмайды, тікелей жұмаққа түсемін» деп жауап беріпті. Бұл енді осы тұста теологтер айтып жүрген діни конверсияның сипаты. «Құранда «бір-бірлеріңді өлтірмеңдер, өздеріңді өлтірмеңдер» деген аяттар бар. Бірақ оны дінді бұрмалағандар өздеріне қарай бұрып алған. Олар адамға жеккөру, оқшаулану, өзін жоғары қою сезімін көбірек егеді. Осындай жолмен қарапайым ғана жүрген адамды радикалды идеяларға итермелейді. Мәселен, «конверсия» дегеніміз – «белгілі бір күйден екінші күйге ауыстыру» дегенді білдіретін термин. Оның қолданылу аясы кең. Ал діндегі мағынасы дәстүрлі қалыптағы күйден, агрессивті күйге ауысып кететін үрдісті суреттеуге, соның жиынтық бейнесін сипаттауға арналған. Біз адамды осы қалыпқа салып, конверсиялық даму эволюциясын анықтаймыз. Бірінші күйден бастап қаншалықты радикалданғанын бағалаймыз. Конверсияның ең жоғарғы шегі – өз өміріне қауіп төніп тұрса да, екінші бір адамның айтқанын, оны жақсы танымайтын болса да, бұлжытпай орындау. Ақтөбедегі «шейхтер мен шейіттер» осының дәлелі», – дейді теолог маман. Бұл әрекеттердің барлығы шынайы дінді комуфляциялық күйге енгізу арқылы өздерінің негізгі саяси-идеологиялық мақсатына қол жеткізуді көздейтін топтың жасап отырғаны бесенеден белгілі. Ендеше мұның барлығы түптеп келгенде мемлекеттің біртұтастығына нұқсан келтіру немесе мемлекеттік аппаратқа, билікке саяси ұстанымдарын көрсету. Егер бір адамның санасы радикалды идеялармен уланатын болса, онда ол қоғамда бүлік тудырады. Өйткені ол өзі өмір сүрген қоғамдағы тарих бола ма, ғұрып бола ма, дәстүр бола ма, салт бола ма, заң бола ма бәріне қарсы шығады. Әуелден бұл идеяның тарихи мақсаты осындай.Меморандум мақсаты – насихат
Ендеше мемлекеттің біртұтастығына нұқсан келтіретін радикалды идеологияларға қарсы күрес біздің қоғамның барлық саласында жүруі тиіс. Осы мақсатта Нұр-Сұлтан қаласында таяуда Діндерді зерттеу орталығы мен «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» ЖҚ елордалық филиалы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандум мақсаты – жастардың рухани дамуына, діни көзқарастарын қалыптастыруға бағытталған жастар ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысын жаңғырту. Іс-шараға елордалық мәслихат депутаты Бақдәулет Жанділдаев, Діндерді зерттеу орталығының директоры Мади Тайпин және теолог Жандәулет Сүлейменов қатысты. «Әрбір үшінші елорда тұрғыны 35 жасқа дейінгі жастар. Сондықтан да жастар арасында дін тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, діни сауаттылығын арттыруға арналған іс-шаралар өткізу де маңызды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, алдағы уақытта Діндерді зерттеу орталығымен бірлесіп көптеген жобаны қолға алатын боламыз», – деді «Jas Otan» ЖҚ елордалық филиалының төрағасы Бақдәулет Жанділдаев. Бұл ортақ бастама жастардың рухани дамуына, діни көзқарастарын қалыптастыруға және діни сауаттылығын арттыруға бағытталмақ. Діндерді зерттеу орталығы мен «Jas Otan» ЖҚ елордалық филиалы қолға алып жатқан жұмыстың нәтижелі болуы үшін қос тарап белсене қызмет етуі үшін бар күш-жігерін салмақ. «Жастар арасындағы нормалауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және діни толеранттылықты тұрақтау, экстремизм мен терроризм идеологиясын таралудың алдын алу жұмыстарын жүргізу, патриоттық тәрбиеге бағытталған іс-шараларды өткізу – біздің басты мақсатымыз», – дейді жұмыс барысын таныстырып өткен орталық директорының орынбасары Жандәулет Сүлейменов.Нұрлан ҚОСАЙ